22.08.2024, 12:00
Оқылды: 161

БҚО-да эпидемиологиялық жағдай қалыпты

Биыл республикада қызылша бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық ахуал орын алды. Жыл басынан бергі 6 айда облыста бұл індет бойынша 1139 жағдай тіркелді. Науқастардың дені – 14 жасқа дейінгі балалар (61%). Оның ішінде 333 жағдай 1-4 жасқа  дейінгі балалардың үлесінде. Осы жылдың ақпан және наурыз айларында халықтың қызылшамен аурушаңдығының ең жоғары деңгейі байқалды. Осыған қатысты эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар оң әсерін беріп, соңғы үш аптада аурушаңдық 62,5%-ға төмендеді. Бүгінгі таңда облыстағы қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

2232D942-658A-496A-A736-051414074558

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев айтты. Сондай-ақ 2024 жылдың I жартыжылдығындағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға қатысты баяндама жасады.

– Жұқпалы ауруларға қарсы күресте маңызды әрі нәтижелі әдіс – тұрғындарды вакциналау. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес ай сайын белгілі бір балалар тобына профилактикалық екпелер жасалады. Алайда биылғы 6 айда облыста 1 жасқа дейінгі балаларды пневмококк, күл, көкжөтел, сіреспе, гемофильдік инфекция және полиомиелитке қарсы екпемен қамту көрсеткіші төмен. Вакцинациялаудың төменгі көрсеткіші вакцинамен басқарылатын инфекциялар, қызылша, қызамық, паротит, көкжөтел, сіреспе, туберкулез, вирусты гепатит сияқты аурулардың таралуына әкелуі мүмкін. Бүгіндері профилактикалық екпелермен қамту жұмыстары күшейтілуде. Бұл мақсатта халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қолдау мәселелері жөніндегі жол картасында иммунопрофилактика мәселелері бекітілді. Профилактикалық екпелермен қамту мәселесі облыс әкімдігінің үйлестіру кеңесінде күн тәртібінен түспейді. Вакцинациялаудың төмен көрсеткіштерін анықтау мақсатында денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдарға мониторингтер жүргізуде, – деді облыстың бас санитары.

Спикердің сөзінше, биыл облыста ауыз суды пайдалануға байланысты эпидемиологиялық асқынулар болмаған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын объектілер мен өнімдер, қоршаған орта объектілері (топырақ, су, ауа) үнемі қадағалануда. Бұған қоса су тасқынынан зардап шеккен Бәйтерек, Қаратөбе, Бөрлі, Теректі, Сырым аудандарында және Орал қаласындағы саяжайларда дезинфекция жұмыстары толық аяқталған.

Нәтижесінде су тасқыны болған 7 мыңға жуық нысанға, оның ішінде тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға, сонымен қатар 15 су құбырына дезинфекция жүргізілген. Кейін су құбырларынан ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігіне зертханалық бақылау өткізіліп, нәтижелер нормативке сәйкес келген.

– Облыс бойынша атмосфералық ауаның сынамасын зерттейтін 719 бақылау нүктесі нақтыланды. Жыл басынан бері санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 21 925 атмосфералық ауа сынамасы зерттеліп, 3-еуі шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кетті және 203 топырақ сынамасы зерттелді, ал топырақтан сәйкессіздік анықталған жоқ. Булар мен газдарға зиянды заттарды зерттеу үшін жұмыс аймағының ауасынан алынған сынамаларда рұқсат етілген концентрациялардан ауытқулар анықталмады. Ал санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу аясында ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалымен бірлесіп, 46 сынама алды, оның 9-ында сәйкессіздік анықталды, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале