Кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы қылмыс – ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл ретте балаларды қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Облыстық полиция департаменті бөліністерінің қызметкерлері де жасөспірімдер арасындағы заңсыздықты болдырмау мақсатында жүйелі жұмыс істеуде. Бұл жөнінде таяуда өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Сұлтанмахмұт Ерталапұлы айтты.
– Жастар арасындағы қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу профилактикасын күшейту, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында биылғы жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (ҰҚҚКБ) және облыстық полиция департаментінің мүдделі қызметкерлері арнайы
жоспарға сәйкес білім беру ұйымдарында 45 дәріс өткізді. Кездесулер барысында оқушыларға іс-қимыл алгоритмдері, жасөспірімдерге қатысты қорқыту, бопсалау және басқа да заңға қайшы деректер, «маргиналды жастар» ұғымы және оның қоғамдағы көрінісі, жастарға тигізетін әсері түсіндірілді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жиі қолданылатын қылмыстық жауапкершіліктің түрлері жайында сөз қозғалды. ҰҚҚКБ қызметкерлері жастар арасындағы криминогендік жағдайға тұрақты негізде талдау жүргізіп, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар туралы мәліметтерді тексеріп, талдайды. Талдау барысында ҚР ҚК-ның 131-бабы («қорлау»), 191-бабы («тонау») және 194-бабында («қорқытып алу») көзделген құқықбұзушылықтар жиі орын алатыны анықталды. Өткен кезеңде облыс орталығында бопсалау және тонаумен айналысқан 5 қылмыстық топ анықталды. Аталған топ мүшелерінің дені – кәмелетке толмағандар мен студенттер. Жасөспірімдер қылмысына қарсы күрес – облыстық полиция департаментінің негізгі міндеттерінің бірі. Сол себепті мұндай заңсыздықпен күресу үшін жаңа және тиімді әдістер әзірленіп, тұрақты негізде жұмыс жүргізіледі, – деді Сұлтанмахмұт Ерталапұлы.
Баспасөз мәслихатында баяндама жасаған облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Диляра Сатарова буллинг, оның түрлері мен салдары жөнінде ақпарат берді. Биылғы 16 маусымда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске «Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг)» деген 127-2-бап енгізілгенін айтты.
Аталған бапқа сәйкес кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу ескерту жасауға немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде әрекет қайталанса, отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Он екі жастан он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған бала құқықбұзушылыққа жол берсе, ата-аналарына немесе қамқоршысына ескерту жасалады не он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Аружан Аманжол
zhaikpress.kz