24.08.2024, 20:14
Оқылды: 123

Жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беріле ме?

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек Белес ауылдық округінде болып, бойкөтеріп жатқан тауарлы сүт фермасы кешенінің (ТСФ) жұмысымен танысты.

IMG-20240824-WA0102

«Арыстанов» шаруа қожалығы жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын жоба аясында былтырдан бастап 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салып жатыр. Кешеннің бас ғимаратында 300 бас аналық тұратын болса, одан кейінгілерінде саууға, төлдеуге арналған орындар қарастылған.

IMG-20240824-WA0100

Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Қазірдің өзінде 80 пайызы аяқталды. Таяуда Алмания елінен әкелінген гольштейн тұқымды 99 бас мал карантинде тұр. Тиісті құрал-жабдықтар да жеткізіліп жатыр. ТСФ іске қосылған соң 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылмақшы. Алынған өнімді өздері өңдейтін болады. Қазірдің өзінде Оралдағы арнайы цехында өндірілген сүт өнімдері жергілікті нарыққа шығарылып отыр.

IMG-20240824-WA0101

- Бізге, яғни жергілікті тауар өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алуда басымдық берілсе екен дейміз. Әсіресе білім, денсаулық салаларындағы нысандарға әлеуетті жабдықтаушы болу бізге қиынға соғуда. Мысалы мен біраз жылдан бері ет өндірумен айналысамын. Қанша ма рет тендер алуға талпындым, ештеңе шықпады. Сүт өнімдерін ұсынатын жергілікті әріптестерімде де осындай жағдай. Ертең мына ферманы іске қосқан соң, өндірілген өнімдерді жүйелі түрде өткізе алмасақ не болады?- деді аталмыш шаруашылықтың жетекшісі Әзілхан Арыстанов.

Мәжілісмен бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер енгізілген. Бір көзден сатып алу негіздері қыстартылды. Себебі осы бағытта кейбірлеулер көп тендерді алып алған. «Бұл мәселені Парламент қабырғасында талқылаған кезде Батыс Қазақстан секілді облыстарда өтетін конкурстар кезінде төмен баға ұсынып, еліміздің оңтүстігіндегі өңірлердің кәсіпкерлері алып кететіндігі кеңінен сөз болды,-деді Бақытжан Базарбек.-Сол себепті әріптестеріңізбен бірге маған ұсыныстарыңызды жіберіңіз. Оларды заңға енгізуге атсалысайық. Мақтанғаным емес, жеке өзім бір мәселені қолға алсам, оны соңына дейін жеткізуге тырысамын. Ол үшін маған нақты деректер керек».

IMG-20240824-WA0103

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы кадр мәселесі де сөз болды. Бүгінде механизатор, малшы болғысы келетіндер аз. Қазір осы кәсіпте жүргендердің көбі жасы алпысты ауқымдағандар мен зейнеткерлер. Жастарды осынау жұмыстарға тарту үшін мемлекет тарапынан жеңілдіктер, не басқалай қолдау шаралары қарастырылғаны жөн екені де айтылды.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале