Сонау Молдова елінің астанасы Кишинёв қаласында қол күресінен әлем чемпионаты өтіп, өңір намысын қорғаған шағатайлық Бейбарыс Наурызғали күміс жүлдемен елге оралды.
Көк Туымызды желбіретіп, абыройымызды асқақтатқан спортшының жүлдесін естіген Шағатай ауылының әкімі Рүстем Мүтиев, мектеп қабырғасында дене тәрбиесі пәнінен сабақ берген мұғалімі Алтынбек Айтақанов, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Нұрсұлтан Кәдірғалиев вокзалдан қарсы алып, елдің сәлемін, құттықтауын жеткізді. Жақсылық Имашев пен Темірлан Әкімжанов вокзал маңын әнге бөледі. Күміс жүлде иегерін ағайын-тумасы қаумалап, құттықтап жатты. Сол мезетте ортадан әкесі мен анасын байқап, аз-кем пікірлестік.
– Ұлымның жетістігіне риза болып тұрмын. Бала кезінен спортқа жақын. Осы қол күресімен жүйелі түрде айналысады. Мұнымен тоқтап қалмайды. Әлі талай дода топ жарады, бұйырса,- деді құрыш білекті спортшының әкесі Шынболат Аккужиев.
Бейбарыс Шынболатұлы Жауынгерлік өнер қауымдастығы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің "Орал Армспорт" клубында жаттығады. Жаттықтырушысы Мұратбек Аманов шәкіртінің үмітті ақтағанына дән риза.
– Небары 2009 жылы өмірге келген оның Әлем чемпионатында екінші орын алуы қуантарлық жайт. Алда жоспар көп. Бағымызды сынап, күшімізді дәлелдейтін сайыстарға шықпақшымыз,- деді Мұратбек Сырымұлы.
Мәре-сәре болған ағайынның үкілеген үмітін ақтаған Бейбарыс үйдегі қос әжесіне қарай алып ұшты. Оның айтуынша, сапарға әжелері ақ батасын беріп, жандарын шүберекке түйіп шығарып салған. Құлынын құшаққа алып, маңдайынан сүйген ақ жаулықты үлкендер аудан атынан келген құрамды көріп, одан сайын риза болды.
– Кішкентайында "Бибок" дейтін едік. Қазір үлкен азамат болыпсың! Біз сенімен мақтанамыз,- деді ауылдық округ әкімі Рүстем Сейтонұлы.
Ауылдан шыққан жастарды көпке таныту мақсатында ой қозғаған Нұрсұлтан Жасұланұлы да тілегін айтты.
– Аудан жұртшылығы тани бермейтін қаншама дарынды жас бар. Соларды қолдау жобалары жалғасын табады. Бейбарыспен байланыста боламыз. Әр алған жүлдесі – Теректі абыройы,- деді өз сөзінде.
Ақтілек Әлібек,
Теректі ауданы