«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы сапарын одан әрі жалғастырып жатыр. Бүгінге дейін пойыз алты облыстың, яғни Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы 48 стансаны аралады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттер: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі
«Жоба аясында 10 мың баланы қоса алғанда барлығы 32 мың адам пойыздағы медицина мамандарына қаралды, сонымен қатар оларға 91 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның ішінде стоматологиялық қызметтер, зертханалық зерттеулер, кішігірім хирургиялық оталар, ультрадыбыстық және рентгенологиялық зерттеулер бар.
Аурулардың ерте диагностикасы мен дер кезінде емделуіне ерекше назар аударылады. Қазіргі сәтте жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және балалардың ауруларын қосқанда түрлі дертке шалдыққан 1 933 науқас анықталды. 255 баланы қоса алғанда барлық науқас тұрғылықты жері бойынша емханалардың тұрақты бақылауына алынды.
Жоба тек диагностикалау үшін ғана емес, сонымен бірге күрделі және төтенше жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуде де маңызды болып шықты. Мәселен, Жақсы стансасында кардиологқа қаралған науқастың ауруын дер кезінде анықтау арқылы ол бір ажалдан аман қалды. Оның бойында миокарда инфаркті ауруының белгілері анықталып, дереу ауруханаға жатқызылды.
Медициналық пойыз жабдықтарының арқасында қауіпті ауруларды жедел анықтап, шұғыл көмек көрсету мүмкін болды.
Медициналық пойыздың жұмысы әлі де жалғасуда, енді жылдың соңына дейін Қазақстанның 11 облысындағы тағы 44 стансаны қамту көзделіп отыр.
Жоба командасында педиатр, кардиолог, рентгенолог, хирург және басқаларын қоса алғанда 14 бейінді салалық маман бар.
Олардың бәрі де еліміздің ең шалғай жерлеріндегі тұрғындардың қажетті медициналық көмекті дер кезінде және жоғары деңгейде алуына ниетті», деп мәлімдеді министрліктен.
Еске сала кетсек, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы әлеуметтік жобасы ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып отыр.