27.08.2024, 14:30
Оқылды: 146

Батыс Қазақстанда жатыр мойны обырынан өлім көрсеткіші 33,3 пайызға өсіп отыр

Қазақстанда бір жылда жатыр мойны обырымен 1 900-ге жуық әйел тіркеліп, соның 600-ден астамы патологиядан көз жұмады, деп жазады ҚазАқпарат.

CD810120-357D-4EB1-9B5B-AA61B4B99387

Сурет: pixabay.com

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллинаның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, жатыр мойны обырының барлығы дерлік адам папиллома вирусынан туындайды.

Айнаш Жұбанышқызының сөзіне қарағанда, жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.

«Соңғы жиырма жылда жатыр мойны қатерлі ісігінің 26 пайызға көтерілгені анықталып отыр. Қазақстанда көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 10,2-ден келсе, Батыс Қазақстан облысында 12,2-ге жетіп, 16,4 пайызға өскені байқалады. Ал аталған дерттен өлім көрсеткіші республикада 2,6-ны көрсетсе, Батыс Қазақстанда 3,9 болып, 33,3 пайызға жоғарылаған», - дейді А.Ғұбайдуллина.

Оның айтуынша, облыста 2021 жылы 74, 2022 жылы 63, 2023 жылы 84, биыл 28 әйел жатыр мойны обырымен ауырған.

Қазіргі таңда адам папиллома вирусын (АПВ) емдеу жолы жоқ, алдын алудың бірден-бір әдісі – вакцинация. ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне Үкіметтің 2024 жылғы 20 ақпандағы № 102 қаулысына сәйкес аталмыш вирусқа қарсы вакцинация енгізілді.

«АПВ-ның 200-ден астам түрі бар, соның ішінде 14-і қатерлі ісіктің даму қаупін тудырады. Ғылыми мәліметтерге сәйкес 10 әйел адамның шамамен 8-і 25 жасқа дейін АПВ жұқтырған. Бұл вирус тұрмыстық жанасу жолымен – қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады. Қоғамдық орындарда, сауна, монша, спорт залдарда, бассейндерде жұғуы ықтимал. Сондай-ақ жыныстық жолмен, туу кезінде анадан сәбиге жұғуы мүмкін», - дейді А.Ғұбайдуллина.

БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев биылғы қыркүйек айынан бастап тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Алты айдан кейін қайтадан (ревакцинация) егіледі.

«Екпе жүргізілмес бұрын қыз баланы міндетті түрде дәрігер тексереді. Содан соң медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ата-анасының келісімімен екпе салынады. Екпеден кейін бала медициналық ұйымда медицина қызметкерінің бақылауында 30 минут болады. Сосын үй жағдайында 3 күн бақыланады. Вакцинациядан кейін қыздың дене температурасы жоғарылап, инъекция орны қызаруы ықтимал. Бұл - вакцинациядан кейін күтілетін реакция», - деді Н.Мұстаев.

Адам папиллома вирусына қарсы вакцина дүние жүзінің 135 елінде 18 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. АПВ-ға қарсы алғашқы вакцина пайда болған 2006 жылдан бастап, бүкіл әлемде 100 миллионнан астам адам егілді, осы мақсатта вакцинаның 270 миллионнан астам дозасы пайдаланылды. АПВ вакциналары бірқатар елде тиімді екенін дәлелдеді. Мысалы, АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң 13-26 жастағы әйелдер арасында АПВ таралуы 81 пайызға төмендеген. Сонымен қатар Аустралия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция және Швейцарияда вакцинацияның оң нәтижесі байқалды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале