Жаз кезі жер емген диқан ағайынның қарбалас шағы. Ала көктемнен жер аударып дән сепкен, жаздай жәндік пен төрт түлік малдан, тұяғымен жер түткен жылқыдан қорып әлек. Сөйтіп, маңдайдың терін сарқып еккен еңбектің түсімі қандай? Топыраққа түскеннің бәрі көктеп, көзді де, көңілді де қуанта ма? Әсіресе, біздің өңіріміздің жартылай құрғақшылық ауа райында?
Міне, осынау сұрақтарды келелі талқыға салған үлкен жиын өтті. Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылында «Егінжай күні» шарасы осымен екінші жыл қатарынан өтіп келеді.
Шараға өңіріміздегі, сондай-ақ шекаралас жатқан алыс-жақын орналасқан өзге облыс кәсіпкерлері, диқандар мен шаруа қожалықтары өкілдері, өңірлік тәжірибелік-селекциялық станциялардың ғылыми мамандары шақырылып, тәжірибе алмасу семинары өтеді.
Бүгінгі семинар тақырыбы – «Қатты құрғақ аймақтардағы егістік дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттырудың өзекті мәселелері» деп аталып, осы тақырыпта озық тәжірибелер ортаға салынды.
Аталмыш жиынға БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы орынбасары Берік Сейітқазиев, «Орал ауылшаруашылық тәжірибелік стансия» басшысының орынбасары, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Валентина Лиманская, «Амангелды-Агро» ЖШС-і директоры Әділжан Нұғыманов, «Bayer» ЖШС төрағасы, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғыманов қатысты.
Жиын барысын аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев жүргізіп, баяндамашылар «Жаңа тыңайған жерлерді тез қолданысқа енгізу үшін қажетті ылғалұстаушы заманауи технологиялар», «Құрғақшылық жағдайында жүгері өндіруді жетілдіру», «Дәнді және мал азықтық құмай дақылының демонстрациялық тәжірибелерін тексеру», «Жүгерінің (классикалық, қалдық, ылғалсақтағыш технологиялық) дмеонстрациялық тәжірибелерін тексеру» тақырыбында кең көлемді түсіндіру-зерттеу тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл шара егіншілік басында да жалғасып, қатысушылар нақты практикалық тұрғыда жүргізіліп отырған салыстырмалы тәжірибелік жұмыстармен танысты. Аталмыш шараны «Амангелды-Агро» шаруашылығы ұйымдастырды.
Бүгінгі таңда Амангелді елді-мекені маңында 820 га құмай (сорго) дақылын, 1 000 га күнбағыс дақылын еккен «Амангелді-Агро» шаруашылығы құмай дақылына ерекше мән беріп отыр. Бұл дақыл ысттыққа да, суыққа да төзімді, қашан шауып алғаныңша өсе беретін, дәнді, өнімді дақыл. Біздің климатқа келетін қолайлы өсімдік екен.
Ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғыманов осы шаруашылықтың бас агрономы және кеңесшісі бола отырып, құмай және жүгері дақылына селекциялық тәжірибе жүргізіп, өңіріміздің құрғақшылық ауа райына мейлінше төзімді сорт шығаруға талпынып келеді. Нәтижесі де бар.
– Құмай дақылы – көп суды қажет етпейтін, суыққа да, ыстыққа да төзімді, тыңайтқыштар мен өзге қоспаларға зәру емес болашақтың дақылы. Бұл қай уақытта да, қандай жағдайда да өсе береді және жақсы өнім бере береді. Бидайға қарағанда өсіру құны да төмен, ал Европа елдерінде құмай нанының бағысы 15 пайызға қымбат, яғни, өсіру шығыны аз, ал ұстау құны қымбат болады.
Әлемде құмай дақылын өсіретін, пайдаланатын елдер өте көп. Европа елдерінің басым көпшігі құмайдан нан өндіреді, олардың бүкіл кондитерлік өнімі осы құмайдан алынған қантпен дайындалады.
Сонымен қатар құмай тамаша мал азығы. Малға салынған құмайдан қалдық қалмайды, құрамында қант болғандықтан мал жақсы жейді, тез семіреді, сүт өнімділігі де артады. Яғни, құмай дегеніңіз семіз ет, сапалы сүт. Сондай-ақ, құмай құсқа да таптырмас азық. Құмай дәнін жеген құстар ауырмайды, жұмыртқаны көп береді және жұмыртқа сапасы бірнеше есе артады. Құрметті жерлестер, ауылшаруашылық өнімін өндірушілер, құмай – болашақтың дақылы, ертең біздің балаларымыз осы дақылды себетін болады. Алдағы уақытта жалпы егістік көлемінің 10 пайызы осы құмай дақылына арналу керек болады, сонда облыс бойынша дәмді ет, мол сүт және арзан мал азығы болады, - дейді Алдаберген Бақиұлы.
Шаруашылық Францияның «Lidea» компаниясының құмай тұқымын өсіріп келеді. Дақылдың бірнеше сортын тәжірибеге алып, біздің жерімізге ең қолайлысын анықтау және өсіруді мақсат етіп отыр.
– Сонымен қатар бүгінгі күннің басты қаупі – егістік, жайылымдық және шыбындық жерлерді далалық ащы шөптің (горчак ползучий) қаптай өсіп бара жатқаны. Бұл өсімдік тамырын тереңге жіберетін, оңайлықпен жойылмайтын өте зиянды арамшөп. Бұл шөп ылғалдың бәрін өзі тартып алып қоятындықтан басқа шөптердің өсуіне мүмкіндік бермейтін зиянды өсімдік. Бізге қазір осы арамшөпке қатысты өте қатаң шаралар қабылдау керек. Мұны жойып, егістіктерімізді, шабындық пен жайылымдарды тазаламасақ, бұл шөп өрттен де қауіпті, даланы тез жайлап, пайдалы өсімдіктің бәрін жойып жібереді, - деді өз баяндамасында Алдаберген Нұғыманов.
Яғни, тамыры топырақ астында орманға айналатын бұл арамшөпты тұқым шашпай тұрып қайта-қайта шабу арқылы не химиялық жолмен «раундап» гербицидімен жоюға болады. Осыны әр шаруашылық қолданысқа алса, далалық жер мен шабындықтарымызды, егістік жерлерді сақтап қалуға мүмкіндік те мол болмақ.
Диқан ағайын мен ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің жиыны осындай негізгі керекті тақырыптарды ортаға салып, құнды мәліметке толы болды. Жиын соңында, көпшілік ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғымановтың құмай және жүгері өсіру бағытындағы тәжірибе алаңында болды.
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы