2.09.2024, 15:30
Оқылды: 45

Көлік жүргізушілері «жедел жәрдемге» неге жол бермейді?

Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына күніне 2 000-ға жуық шақырту түседі. Оның 800-ден астам шақыртуы қала тұрғындарынан. Жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Гүлнар Жұмағалиеваның айтуынша, 103 нөміріне түскен барлық шақыртуға арнайы бригада барады екен.

Жедел жәрдем ЖП

Кей сәтте көшеде келе жатқан «жедел жәрдем» көлігін өткізбеген жүргізушілер кесірінен шақыртуға кешігіп барған бригада халық сынына қалады. Расымен де, көлік жүргізушілерінің жолдағы этикеті алаңдатады. Қыста Қарағанды қаласында «жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі соққыға жығылғаны елдің есінде. Жаяу жүргінші солай жасаған кезде көлік рөліндегі азаматтар, тіпті білгенін жасайтыны айдан анық. Әсіресе, арнайы сигналын қосып, алыстан менмұндалап келе жатқан көлікті өткізбей жатқан жүргізушілердің теріс қылығы видеоға түсіп қалған роликтер желіде көптеп кездеседі. Осындай олқылықтың алдын алу, жүргізушілерге «жедел  жәрдем» көлігін өткізу керектігін ұғындыру мақсатында Орал қалалық полиция басқармасы мен облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы бірігіп, «жедел жәрдемге» жол бер!» рейдтік шарасын ұйымдастырды.

– Денсаулық сақтау министрінің 225-бұйрығына сәйкеc, шақырту алған бойда жолға шығатын бригада жеңіл саналатын 4 категориялы шақыртуға бір сағат ішінде жетуі керек. Ал ауыр жарақат немесе адам есінен танып қалған, яғни бірінші, екінші және үшінші категориялы шақыртуға 10-30 минут арасында жетуіміз қажет. Өкінішке орай, кей жағдайда діттеген жерімізге уақтылы жете алмай жатамыз. Оған түрлі себептер де бар. Көбіне жолда келе жатқан «жедел жәрдем» көлігін жол қозғалысына қатысушылар өткізбей жатады, – дейді Гүлнар Жомартқызы.

Облыстық «жедел жәрдем» жүргізушісі қызметін бірнеше жылдан бері атқарып келе жатқан Аслан Тоғаев бригадаларының кеш келуі көбінесе жеңіл көлік жүргізушілердің жол бермеуі және қозғалысқа кедергі келтіруінен болатынын айтады. Осындай келеңсіздік кесірінен жедел жәрдем қызметі халықтың сынына ұшырайды екен.

– Шақыртуға бара жатқан кезде неше түрлі оқиға болады. Кей жүргізушілер біздің сигналды естіген бойда жол беріп жатады. Ал кейде ести тұра, өз жылдамдығымен жүре беретіндер кездеседі. Ондай сәтте қарсы бетке шығуымызға тура келеді. Ал ол жол ережесін бұзу саналады. Осы ретте көлік жүргізушілері «жедел жәрдем», «өрт сөндіру» қызметінің көліктеріне жол беруді әдетке айналдырса екен деген тілегім бар, – дейді Аслан Тоғаев.

Рейд барысында полиция патрулімен бірге қала көшелерімен жүріп өткен «жедел жәрдем» көлігіне біз отырдық. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес маяктар мен арнайы дыбыстық сигнал қосылған көлік құралы жақындаған кезде жүргізушілер оларға кедергісіз өтуге мүмкіндік беруге міндетті.

Белгілі болғандай, барлық жүргізушілер тәртіпті сақтай бермейді екен. «Жедел жәрдем» экипаждарының қозғалысына кедергі келтірген бірнеше жүргізушіні көзіміз шалды.

Рейдке қатысқан Орал қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының  штаб бастығы, капитан Санжар Рысқалиев мұндай шара осыған дейін өрт сөндіру көлігінің қатысуымен де болған. Ол кезде де арнайы көлікке жол бермеген жүргізушілер болыпты.

– Жедел жәрдем стансасының бригадасымен өткізген рейд барысында арнайы көлікке кедергі келтіріп, жол бермеген 7 жүргізуші анықталды. Оларға Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 598-бабы бойынша хаттама толтырылды. Барлық жүргізушілерді арнайы көлікке жол беруге шақырамыз, – деді Санжар Рысқалиев.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале