4.09.2024, 18:00
Оқылды: 151

Сырымда «Қаладан – ауылға» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Әбуовтарды өмір көгіне ұшырған биік – Әзтөбе. Мырзагерейдің ұлы Сәндібек те ауылдан кетерде Жосалы қыраттары қол бұлғап, Әзтөбе әз анадай ақ батасын беріп қала барған.

C04EACFB-2B20-4D33-AF4B-73E3495FBBA2

Сәндібек Орал шаһарына көшіп келген уақта жасы 15-те тұғын. Қаланың мектебінде оқыды, балаларымен ойнады, жастық тойын ескі қаланың көшесінде тойлады. Бірақ оның жусан иісі аңқыған ауылдан келген рухын ешбір қызық, ешқандай жылтырақ жұта алған жоқ.

«Қарғам мені қалалық деп таныма, Жусан иісі сіңіп қалған қаным-ай!» дегендей, Сәндібек ақыры қалалық бола алмады. Көзін жұмса ауылы, әкесінің дүрілдеген көлігі, маңыраған мал, шулаған төл елестейді.

Сөйтіп жүрген уақта әлеуметтік желіден «Қаладан – ауылға» бағдарламасы туралы естіп қалмасы бар ма?

«Қаладан – ауылға» – Батыс Қазақстан өңірінде жүзеге асып жатқан бірегей бағдарлама. Мақсат – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, ауылдардағы жұмыс тапшылығын жою. Әгараки, іскер, қалалық ортадағы бизнес бәсекелестіктің де тілін бір кісідей білетін адам ауылға көшсе, өндіріс, агроөнеркәсіп кешендерін тұрақты даму жолына қоюға, шағын және орта бизнес нысандарын көбейтуге мүмкіндік туар еді.

Қаладағы жас жанұялардың негізгі мәселесі – баспана. Ал ауыл оларға қызмет, үй және әлеуметтік мәселелерінің шешімін ұсынып отыр.

– Біз туған жерді түлетіп, қара шаңырақтың түтінін қайта шалқыту үшін жаңа жоба бастап отырмыз. Ауылдың дамуы – мемлекеттің дамуы. Біз «ауылға көшіп барамын!» - деген азаматтарға мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып және жергілікті бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, қолдау беруге тиіспіз. Бағдарламаның идеологиялық мәні тереңде жатыр – деген еді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Міне осы үндеуді қабылдаған азаматтың бірі Сәндібек болды. Жары Меңзира да отағасының қалауына қылаудай қарсылық білдірмей, қайта қолдады. Жас жанұя бүгінгі күні Сырым ауданы, Қызылағаш ауылына көшіп келді.

Таңдау Қызылағашқа неге түсті?

Біріншіден, толғауы бітпеген тоғыз шақырымдық жол жауын-шашынды күндері әбігер демесе, қалаға жету оңай. Ауыл күре жолдың бойында тұр.

Екіншіден – Қызылағаштың қыры мал өрбітуге, шаруашылық өркендетуге ыңғайлы өңір. Шабындық та, егіндік те іргеде.

Үшіншіден – Сәндібектің кішкентайларымен ауыл мектебінің партасы толығатын болды. Партасы толық мектеп – көңілі толық мектеп. Сәндібекке үшінші себеп салмақтылау көрінді. Тұрғыны азайған, мектебі кішірейген жұртқа келіп, бір үй, бір түтін болып түтеп отыру да – азаматтық парыз емес пе?

Сәкең келе салысымен 80 бас аналық қой, бұзаулы сиыр сатып алды. Меңзира жеңеше күн сайын күмпітіп, сиыр сауады. Балалардың ауызы аққа тиді.

Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов мемлекетте ауылға көшіп келген жанұяның алдындағы міндеттемесін орындайды деп отыр. Балалардың анасына жұмыс мектептен жұмыс ұсынылуда.

Бүгінгі таңда әлеуметтік осал топтарға арналған үйлердің екеуі Қызылағаш ауылынан салынуда.

– Біздің ауылда да үйлер құрылысы басталды. Демек, болашағы бар ауылмыз! – деп қуануда қызылағаштықтар.

Ақжолтай болғанда, сол жаңа үйдің бірі Сәндібектің жанұясына берілмек. Бұйырса, Әбуовтар Қызылағаш ауылы, Республика көшесінің тұрғындары атанады. Қолы шебер жігіт болашақ баспанасының ауласына қой қора салып, бума-бума шөп үйіп үлгерді.

Айтпақшы, Сәндібек Қызылағашқа қаладағы өз қолымен салған қос қабатты үйін тастап келіп отыр. Коттеджді қалада қалдырған, ауылға ірге салдырған азаматқа көш көлікті болсын демекпіз.

Округ әкімі Әділхан мырза қыркүйек айының басында ауылға тағы бір көпбалалы отбасы қоныс аудармақ деп қуантты.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале