9.09.2024, 10:00
Оқылды: 56

Қазақстан алкоголь тұтыну деңгейі жоғары елдер қатарында

Адамды азғындыққа бастайтын, ерсі әдеттерге елітетін ішімдік атаулы – шайтанның харам істерінің бірінен саналатыны хақ. Жалпы мұсылманға, мұсылмандыққа жат арам суды ата-бабамыздан қалған мұрадай мансұқтап келе жатқанымыз өтірік емес. Дастархан мәзірі мойыны қылтиған, түрлі жылтырақ қағаздармен көмкерілген осы арам суларсыз болмайды.

03234E19-28CE-4EFA-BED0-651B5B40367C

Сурет: pixabay.com

«Бәленше деген адамның үйіндегі той арақсыз өтіпті, түгенше деген ауыл арақтан түбегейлі бас тартыпты» деген әңгімелерді естісек аспаннан ай жерге құлап түскендей таңданатынымыз рас. Арақ – әзәзілдікке бастайтынын, жақсылықтан жамандыққа сүйрейтінін біле тұрса да соған деген тәуелділіктен аса алмай, бүкіл өмірін аяққа таптап, өз еріктерімен соның құлы болып, ерік-жігерлерін жоғалтқан жандарды көшеден күнде көреміз. Бет-жүздері ауылдастарға әбден таныс, киімдерінің тозығы жеткен, көз біткен ісіп, іріңдеп, беттері аязға үскендей домбығып, күлімсі иіс анадай жерден мұрныңа жететін жандар бұл өмірде нені мақсат етеді екен деген ойға жетелейді. Бір-ақ берілетін өмірлерін ит тірлікпен өткізіп жүргендердің арасында кезінде тым-тәуір отбасы иесі, жап-жақсы қызметтің құлағын ұстағандары да бар. Шайтанның азғыруына қарсы тұра алмаған олардың өздеріне өздері әлдеқашан үкім шығарып қойғаны шындық. Бұл адамдардың да артында ата-анасы, бауырлары, жанұялары бар, олардың туыстары өздеріне ең жақын адамдарының тірлігін көріп, күніне мың мәрте өліп-тірілетінінде сөз жоқ.

«Сөзіне сеніп қала береміз»

Жақсы бір танысым бар. Сол отбасымен араласқалы да отыз жылға уақыт өтті. Көрсе көз керек ағасы қанша жылдан бері осы арақтың құлы болып келеді. Құрбым да, өзге бауырлары да қолдан келген амалдың бәрін де жасап бақты, арнайы орталықта емдетті де, арақты қойдырады деген заманауи дәрілерді ектіртті де, үйден шығармай қатаң бақылауда да ұстап көрді. Барлық әрекет нәтижесіз болды.

Сол құрбым айтады: «Сенесің бе, бізді сендіріп енді болдым-қойдым, аузыма да алмаймын, енді адам боламын» деп ант-су ішіп сөйлегенде әрдайым сеніп қала береміз. Не құдіреті бар екенін білмеймін, бір апта үйден шықпай, шаруа жасап, үй тірлігіне бет бұрып жүргенін көргенде: әй, осы жолы шынымен-ақ бір түпкі шешімге келген шығар-ақ дейміз қуанысып. Бәйгесі бір апта, қайтадан басталады. Бір таңқалдыратыны осы ағам қалай қыз баласын көндіретінін білмеймін, бірнеше әйел баласын алып келді. Әлдекімнің үлбіретіп бағып-қағып отырған әп-әсем балаларының басын қалай айналдырып алатынына таңқаламын. Осы жолы осы қыз бала мұны түзеп алар деген үмітпен тума-туыстың басын қосып шағын отырыс жасаймыз. Бірақ әрдайым үмітіміз ақталмайды, бірер айдан кейін мұндайға төзбеген әлгі келіндер үйлеріне кетіп тынады. Осылайша ағамыз саған өтірік, маған шын бес-алты рет үйге қыз баласын әкелді. Қайсыбірі баласын ерте кетсе, қайсыбірі үйіне барып, ағамның ұрпағын өмірге әкеліп жатты. Өзі домбыра, сырнай, гитараның құлағында ойнайды. Қыз баласы сол өнерлеріне ғашық бола ма, әйтеуір түсінбеймін. Осының күйігінен әке-шешем де өмірден ерте кетті. Тіпті әулетімізде араққа құмар ешкім жоқ, бұған осы жаман ғадет қайдан, қалай берілгенін түсіне алмай-ақ қойдық», - дейді көзіне жас алып.

Өзі сұрап алған аурудың құрбаны болды

Енді бір ауылдасымның отбасында тым-тәуір қызмет жасаған әкесі ішкіліктің құрбаны. Балаларының, тіпті немерелерінің қалай өсіп-өніп жатқанына зер салмайды, байғұс отанасы бүкіл ауыртпалықты нәзік иығымен неше жылдан бері көтеріп келеді. Ауылдастардың атын атаған әдептілік этикасына жатпас, сол үйдегі апай айтады: «Осыны емдетеміз деп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Жасырақ кезде өзім сүйредім, бертін келе өскен, өз қолдары өздеріне жеткен балалары сүйреп келеді. Бәлен деген дәрі шығыпты десе сатып алып, тамағына, суына қосып береміз, молда берген ішірткілерді ішкіземіз, үйге Құран сүрелерін қағазға шығарып балаларым барлық жерге іліп те қойды. Түк әсер етпейді, дүкеннен барып қолтығына бір шишаны алып келіп, қора-қопсыға тығып ішіп жүргені. Әйтеуір, көше жағаламай үйде отырып ішкені ғана аздап жұбаныш.

Балаларымда намыстанып өртеніп бітті, ұрсып та көрді, жалынып та көрді, басын шұлғып, түсінгендей кейіп танытады. Бірақ көзінде от жоқ, ешбір ой жоқ, әшейін бір тірі жан. Бір жылдары ойпырмай-ай, арақты қойдыратын бір емші шығыпты. Алдына барған жан араққа мүлдем қарамай, ішсе кері шығарады екен деген әңгімені естіп, алыстағы облысқа жол тарттық. Сол аймаққа әйгілі емші адам екен. Жолдасыма ұзақ қарап отырып: «Бәрі де бір Алланың қолында және бұл адамның өзіне тікелей байланысты. Түпкі нәтиже шығады деп өзім де сеніп отырғаным жоқ, бірақ қол қусырып қарап отырғанша бір әрекет етейік» деп күйеуімді алдына отырғызып қойып бірталай Құран аяттарын оқыды. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, емші аяттар мен сүрелерді оқып отырғанда күйеуім аяқ астынан еңкілдеп жылағаны. Көзінен аққан тарам-тарам жасты көріп: «Ей, Алла құдыретіңе бас идім. Іші арам судан тазарып жатқан болар» деп жалбарына бердім. Емші әлдене уақыттан соң үш литрлік банкімен су алдыртып, соған қарап біраз уақыт дұға оқыды. Үйге барған соң осы суды өзінің үнемі көз алдында тұратын жерге қойыңдар. Күндердің күнінде бұл адам өз еркімен осы суды ішер, егер ішсе бұл арақты мүлде қойып кетеді. Ал егер ішпесе менің қолымнан келер басқа қайран жоқ»,- деді.

Суымызды арқалап үйге келдік. Бір ай күйеуім араққа қарамады. Қуанып біз жүрміз, ана судан шөлдесең ішіп алсаңшы, зияны жоқ қой десек басын шайқайды. Үмітіміз тағы да үзіліп, күйеуім бір күні араққа тойып алып ана суды құртыңдар, көз алдыма қоймаңдар деп айғай шығарды. Арақ ішкен соң ауыратын болды. Есі кіріп су сұраған сәттерде банкідегі суды іш, зияны жоқ дейміз, ішпейді, су толы банкіге тесіліп қарайды да отырады. Не басыңды ауыртайын, сол суда ақыры ішпестен өзі сұрап алған аурумен өмірден өтті. Егерде адамның өзінің тәуекелі, ерік-жігері, өмірге деген құштарлығы болмаса ешкім де, ештеңе де көмектесе алмайды екен», - деп күрсінді.

Баласын жылатқан ана

Статистикаға сүйенсек, ер адамдардан көрі әйел адамдар ішімдікке тез беріледі екен. Нәзік жандылардың беттері іспектей болып, тәлтірек қағып жүрген жүрістерін көргенде ерекше қынжыласың. Кезінде гүлдей жайнаған арулардың солған гүлдей келбеттері, түйсіксіз көзқарастары, ыржың-ыржың күлкісі, пәтуасы жоқ әңгімесі еріксіз бойыңды жидыртады. Емханада дәрігерге кіру кезегінде отырмыз. Қызыл күртеше киіп алған, өңі жүдеу әйел келді. Қасында он-он екі жасар ұлы бар. «Кезек ал» деп баласына бұйырды да өзі кетіп қалды. Әлдеқалай бір құжаттарды алып келуге кеткен болар деп топшыладық, өзі кішкентай бала, кезек алудың мәнісін біле ме «кім соңы» деп кезек алғандай болды. Қарбаласқан жандар дәрігер кабинетіне кезексіз де кіріп кетіп жатты. Бала оған зер салып отырған жоқ, өзі белгілеп алған жан ешқайда кетпейді, кетсе де ескертеді деп ойлаған шығар. Әлден уақытта анасы келді, «манадан бері отырсың, кезегің жылжымады ма?» - деп сұрады.

Бала басын көтеріп, бір апайдың соңына алып едім деп көзімен өзі кезекке тұрған адамды іздеп еді, ол әлдеқашан кетіп қалған боп шықты. Сол-ақ екен, жаңағы әйелдің шынайы бет-бейнесі ашылғаны. «Мен саған кезек ал дедім, не істеп отырсың, сүмірейіп? Тамақ сұрауды білесің, ішуді білесің, ал мұндайда ештеңе білмей қаласың, өзің дәрігерге кір, не керек екенін өзің айт, мен сен үшін бұл жерде отыра алмаймын», - деп аузына келгенін айтып, ана жасайтын тірлікті міндетсігендей қайқаңдап кетті де қалды. Баланы аяп кеттім, шешесінің безбүйректігіне таң қалдым. Құп-құйттай бала ненің мәнісін біледі, үйде де естіп жүргені осындай сөздер болар әрі дүйім жұрттың алдында тағы да айғай естігендіктен бе, көзінен жас домалап түсті. Қасымда отырған әйелдер шешесінің арақ ішетінін, балаларына қарамайтынын айтып, сыбырласып жатты. Осы келісінде де арақ ішіп алған, жүрісі, сөзі бүртүрлі болуы содан екен. Өзі ерекше жақсы көретін анасының осындай күйде жүруі бала жүрегі үшін қаншалықты азапты жайт екені айтпаса да түсінікті. Бұл күнделікті өмірде өзіміз көрген жайттардың бірі ғана.

Деректерге сүйенсек

Ішімдіктің салдарынан отбасында болатын кикілжің, кісі өліміне алып келетін ауыр жағдайлар, ата-анасыз қалып жататын балалар, тіпті жанұясында осындай жайттарды көріп өскен жеткіншектердің сол жолға түсуі қоғамды алаңдатпай қоймайтын мәселе болып қалып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіде қазақстандықтардың жағымсыз әдеттерге қаншалықты жақын екендігін статистика бойынша саралап берген-ді. Ақпаратқа зер салсақ, ер адамдардың ащу суды тұтыну деңгейі жылына 25 литрді құраса, ал әйелдер жылына 9 литр ішімдік ішуден бас тартпайды екен.

Өкінішке орай, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольді ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдер санатына жатады (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Қазақстан дүние жүзінде 10-шы орынды иеленіп отыр). Халықтың жол-транспорт апаттарына ұшырауы, жарақат алуы, зорлықпен кісі өлтіру, улану, суға бату тағы да басқа ішкі өлім-жітімнің көбі осындай ішімдік ішу салдарынан болып отыр. 

10-шы орын! Білімнен, ғылымнан, инновациялық ізденістерден, өзге де жетістіктерден 10-шы орын алсақшы... Ащы суды тұтынуден алға шығардай не көрінген бізге?..

Иә, арақ ішудің күнәсі үлкен. Арақ адамның ниетін бұзып қана қоймай, оны адамдық келбетінен айырып, хайуанға айналдырады. Жүрегін қарайтып, көңілін бұзады, абыройын кетіреді. Құранда арақ ішудің 101 зияны аталып өтілген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Барлық ішімдік ақылдан адастырады, сондықтан ол – харам. Алла тағала арақ ішуші мен іштіртушіні, сатушы мен сатып алушыны, ашытып жасаушы мен жасаттырушыны, алушы мен алдыртушыны лағынет етті», - деген екен.

Жүсіп Баласағұн бабамызда:

Шарап ішпей, бәледен жүр қашықта,

Байқа, атанба зинақор да, пасық та.

Сақ бол, шарап, зинақорлық күйгізер,

Олар тонын кедейліктің кигізер, - деген екен.

Атам қазақта: «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені» деп қалай тауып айтқан, ә!

Өмір өлшемі – салауаттылық, жүрекпен емес ақылмен өмір сүру. Бізге қоғам, мемлекет арқылы жасалып жатқан барлық жақсы жағдайларды пайдалану, спортпен шұғылдану, көңілің қалаған кәсіппен айналысу. Осы арқылы да жан-дүниеңді байытып, ізгілікті жолды ұстану өміріңді мәнді де мазмұнды етпей ме? Алдамшы құмарлықтан бас тарту арқылы біз өзіміздің адами қасиеттерімізді ұштай түсеміз, бойымыздағы өзімізде біле бермейтін қырларымызды ашамыз, өзгелерге көмек қолымызды соза аламыз

Бір қуантарлығы – қазіргі кезде сыраға, ішімдікке үйір жастар қатарының сиреп келе жатқаны. Қайырымдылықпен айналысып, мейірімділікке, бауырмалдыққа бастайтын шараларды жиі ұйымдастырып, ораза ұстап, намазға бет бұрған жастарымыздан кейбір үлкендердің өзі үлгі алып жатыр. Арақтың бұл дүниеде түрмеге, ана дүниеде тозаққа сүйрейтінін жадымыздан шығармайық, осы әзәзілдің кесірінен талай шаңырақ ортасына түсіп жатқанда, жазықсыз сәбилер тірі жетім атанып жүргенде, әкелеріміз көше кезіп, аналарымыз жаулығының қайда қалғанын білмейтін сәттерде біз екі есе одан аулақ болуымыз керек.

Сондықтан ертерек тәубеге келіп, шайтанның сусынын ішуден тыйылып, Алла Тағала бұйырған, ата-бабамыз ұстанған ақ жолдан адаспайық.       

Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале