11.09.2024, 20:30
Оқылды: 64

Тасқалада сайлау алдындағы пікірсайыс өтті

Қазіргі таңда сайлау науқаны кезінде дебат өткізу кең өріс алып келеді. Оған сейсенбі күні Оян ауылындағы мәдениет үйінде Қосшы ауылдық округі әкімі лауазымына үміткерлер арасында өткен пікірсайыс дәлел.

IMG-20240911-WA0113

Аталмыш шараға Әлібек Сәрсенов, Зарина Мусина, Ербол Сидағалиев сынды 3 үміткер қатысып 4 бөлім бойынша сынға түсті. Пікірсайысты аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишева ашып, қонақтарға қош келдіңіз айтты, ал үміткерлерге сәттілік тіледі. Содан соң үміткерлердің сөз сөйлеу кезегі жеребе суыру арқылы анықталды. Пікірсайысқа ауыл тұрғындары мен аудандық мәслихат депутаты Мәди Хаиров, БАҚ өкілдері қатысты. Дебат барысында біраз эмоция мен қарсыластар арасындағы бәсекелестік байқалды. Дегенмен үміткерлердің әрқайсысы жақсы дайындықпен келген. Ешқайсысы да аянып қалмады. Әркім қал-қадірінше сұрақтарға нақты әрі мұқият жауап беруге тырысты.

Алдымен үміткерлер тұрғындар алдында өздерінің өмірбаяны туралы мағлұмат беріп, жиналғандарды сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Екінші бөлімде кандидаттар бір-біріне сұрақ қойып, үшінші бөлімде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Осылайша округ әкіміне үміткер 3 кандидаттың қатысуымен өткен сөзбен ой додасы тартысты өтті. Дебат барысында ауыл тұрғындары жастарды ауылға тарту, жұмыссыздықты жою, тұрғын үй, ауылдың әлеуметтік экономикалық жағдайын одан әрі дамыту, сонымен қатар мектепті сақтап қалу бағытындағы мәселелерді көтеріп, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарына әр үміткер өз деңгейінде жауап берді. Одан бөлек үміткерлер Үндеу арқылы, тұрғындарды 15 қыркүйек күні сайлауға келіп өз таңдауларын жасауға шақырды.

Жалпы бұл пікірсайыс сайлаудың бәсекеге қабілеттілігінің, кандидаттар туралы ақпарат алу мүмкіндігі тұрғысынан олардың ашықтығының да көрсеткіші екені анық. Бірақ пікірсайыстың нақты нәтижесі 15 қыркүйекте өтетін сайлауда сайлаушылардың дауыс беруі арқылы белгілі болмақ.

IMG-20240911-WA0114

Айта кетейік, Қосшы ауылдық округі бойынша екі сайлау учаскесі болса, оның бірі, яғни №341 сайлау учаскесі ауыл орталығында, ал, екіншісі №342 сайлау учаскесі Кеңжайлау елді мекенінде орналасқан. Жалпы округ бойынша 348 сайлаушы тіркелген. Бүгінгі күнге үйден дауыс беретіндер саны 41 адам.

Олай болса, тұрғындарды 15 қыркүйекте өтетін округ әкімі сайлауына біркісідей қатысып, ауылдың болашағы үшін дұрыс таңдау жасайды деген сенімдеміз. Өйткені сіздің дауысыңыз маңызды!

Назгүл Серікқызы, 

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале