Казталов аудандық мәдениет үйінде Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын насихаттау мақсатында «Қадыр – қазына» жобасы аясында «Ауыл – атамекен пернесі» атты аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы өтті.
Қадыр өз дәуірінде сан алуан жанрда шығармашылық туындыларынан теңіздей мұра қалдырған сыншыл да ойшыл ақын. Халықтың мұңын, ұлылығын, ар-ұятын өлең шумақтарымен жеткізіп, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған сыршыл ақын.
Әдеби кеш басталмастан бұрын «Қазақ поэзиясының жанартауы Қадыр» атты поэтикалық композициясы оқылды.
Кештің шымылдығын Ерлан Өресов жетекшілік жасайтын «Қосалқа» ұлт-аспаптар фолклорлық ансамблі Еркін Нұрымбетовтың «Ақжайық» күйімен ашып берді. «Қадыр – қазына» жобасында «Күндер-ай…» атты облыстық әншілер байқауының лауреаты Мұрат Ахметов «Ауылды аңсау» әнін, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Асхат Нығметов «Өз елім» әнін шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сахнаны халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары халықтық «Қарылғаш» би ансамблі «Тойбастар» биімен жаулап алса, халықтық «Шапағат» әжелер ансамблі «Абай көк» халық әнін нақышына келтіре шырқады.
Таланты мен еңбекқорлығын ұштастыра отырып, артына өлмес мұра қалдырған ақынның орны жас ұрпақ үшін ерекше екенін мақтанышпен айта аламыз.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы