12.09.2024, 10:15
Оқылды: 133

БҚО-да базарларды 2026 жылға дейін жаңғырту көзделіп отыр

Сауда базарлары 2025 жылдың соңына дейін жаңғыртылуы тиіс. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов кәсіпкерлермен кездескенде осы бағдарлама жөнінде айтты.

613B82A9-2EE8-4370-BCC0-8B34B52AEB35

Сурет: freepik.com

Жиында жол картасының бағыт-бағдарын облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова баяндады. Негізі бұл жоба 2015 жылы басталған. Кейін белгілі себептерге байланысты тоқтатылған. Облыста 2024 жылға дейін 7 нысан жаңғыртылды. Жол картасында «Колос», «Мирлан», «Михаил», «Өнім» базарлары бар. Биыл тағы 10 базар («1001 ұсақ-түйек», «Тұлпар», «Айгүл», «Ашық жол», «Землячка», «Әйтиевада», «Шебер», «Мерей», «Бақытжол», «Алтын алма») тізімге енді.

– Бүгіндері базарларды жаңғырту мәселесі өте өзекті, өйткені барлық жобаны іске асыру мерзімі 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін. Орталық атқарушы органдар сауда нысандарын заманауи үлгіге бейімдеу мақсатында нақты шара қабылдамақ. 2025 жылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әкімшілік мәжбүрлеу талаптары енгізіледі, – деп ескертті Э.Қиматова.

Қаржылай қолдау тетігі

Мемлекет кәсіпкерлерге талап қоя отырып, бұл бағытта қаржылай қолдау тетіктерін іске қосады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры БҚО филиалының директоры Әсел Торғаева бағдарлама аясында ішкі сауда субъектілеріне екі құрал ұсынылатынын айтты:

• пайыздық мөлшерле  мені субсидиялау;

• несие кепілдігі.

Бұл құралдарды төрт бағытта пайдалануға болады:

1) сауда базарларын жаңғырту;

2) бөлшек сауда нысандарын салу, кеңейту/қайта жаңарту;

3) үйдегі дүкендер;

4) бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу (IТ құралдар).

Бағдарлама шарттарына сәйкес облыс орталықтарында (Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қоспағанда) жобаларды жүзеге асыратын  сауда нысандарына берілетін несие көлемі 3 млрд теңгеден аспауы тиіс. Ал шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер үшін
1,5 млрд теңгеге дейін қаражат қарастырылады.

Субсидиялау мерзімі:

- инвестициялық мақсаттар үшін 5 жылға дейін;

- айналым қаражатын толықтыруға 3 жыл

Ішкі сауда субъектілеріне несие кепілдігі ұсынылады:

- қолданыстағы нысандарға несие сомасының 50%-ына дейін;

- бастаушы субъектілер (тіркеу мерзімі 3 жылдан аспайтын) несие сомасының 85%-ына дейін.

Кепілдік несиенің барлық мерзіміне беріледі.

Жиында кәсіпкерлер бағдарлама талабына қатысты сұрақтарын қойды. Облыстық сауда  және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова алдағы уақытта түсіндірме жұмысы күшейе түсетінін айтты. «Мемлекет қолдауы аясында бағдарлама жеңілдіктерін пайдаланғымыз келеді. 2025 жылдың соңына дейін базарды жаңғыртып үлгереміз деген ойдамын. Мұны өзіміз де, тұтынушылар да, сауда орындарын жалға алушылар да құптап отыр», – деді «Өнім» базарының әкімгері Эльмира Яфарова.

«Қара базармен» күрес

Осы кездесуде белгіленбеген орындарда сауда-саттық жасайтын алыпсатарлармен күрес мәселесі талқыланды. Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов құқық қорғау құрылымдарымен рейд жұмысы жиі жүргізілетінін баяндады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің  204-бабына сәйкес биыл 597 хаттама түзіліп, оның ішінде 534 ескерту беріліп, 1 138 982 теңгеге (308 282 теңге өндірілді) 63 әкімшілік айыппұл салынды.

Қала әкімдігі осы мәселені шешу үшін көше саудагерлеріне басқа учаскелерді ұсынып жатыр. «Қара базарға» балама ретінде стационарлық емес 40 сауда орны бекітілген. Оған қосымша 70 сауда нүктесін пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі кезде 19 кәсіпкер әкімдік ұсынған жерде сауда қызметін жүзеге асыруға келісті. Дегенмен нәпақа табатын орнын суытқысы келмейтіндер көп. Осының кесірінен заңсыз кәсіпкерлік белең алып тұр. «Қара базарды» тарқатып жіберу үшін жергілікті атқарушы органдар әкімшілік жазаны күшейту керек деп есептейді.

– Осыған байланысты облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, ҚР ӘҚБтК-ға «жабайы сауда» деректерінің санын азайту бағытында кейбір түзетулерді көздейтін хат жобасы әзірленді. Түзетулер шеңберінде 204-бапта көзделген қолданыстағы әкімшілік шараларды қатаңдату ұсынылды (анықтама). Сауда-саттықтан бөлек, белгіленбеген орындарда қызмет көрсету деректері де көбейді. Мәселен, ҚР Тұңғыш Президенті алаңы ауданында электр көлігін ақылы жалға алу, аттракциондар мен басқа да ойын-сауық құралдарын пайдалану арқылы заңсыз табыс тауып жатқандар бар. Осыған әкімшілік жауапкершілік қарастыру керек деп есептейміз. Кодекстің 204-5-бабын «Осы қызметті жүзеге асыруға арналмаған жалпы пайдалану орындарында және өзге де орындарда қызметтер көрсету» деп толықтыру ұсынылды. Аталған шаралар стихиялық сауда мәселесін кешенді шешуге ықпал етеді және кәсіпкерлік субъектілерінің «көлеңкеден» шығуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді қала әкімінің орынбасары.

Жиында Сауда және интеграция министрлігі технологиялық реттеу және метрология комитеті БҚО филиалының басшысы Н.Сатыбалдинов санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг және «Сапалы өнім» жобасы аясында шекара бекеттері мен ішкі нарықта тауар сапасының стандартқа сәйкестігін анықтау жұмысының қорытындысы туралы баяндады.

Анықтама:

«Белгіленбеген орындардағы сауда» деген 204-бапты 3-бөлікпен, яғни,  ескерту мен айыппұл салынғаннан кейін қайта жасалған құқық бұзушылыққа қатысты тауарларды, заттар мен құралдарды алып қою бағытында толықтыру ұсынылды. ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабының 3-бөлігінің күші осы баптың 1 және 2-бөліктеріне сәйкес әкімшілік шаралар қолға алынғаннан кейін қайталап жасалған бұзушылық жағдайында қолданылатын болады.

Ағымдағы редакцияда 204-баптың бірінші бөлігінде «Белгіленбеген орындардағы сауда үшін» ескерту немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. 204-баптың екінші бөлігінде әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет үшін он АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале