12.09.2024, 12:00
Оқылды: 166

Астанада атом саласы мамандары бас қосты

Жуырда Астанада ядролық технологиялар мен атом энергетикасына арналған «KazAtomExpo-2024» халықаралық көрмесі өтті.

822D7893-9085-4547-9E11-DE13A0BFF2D5

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарына сүйенсек, іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстанның атом энергетикасы мен ғылым саласындағы жетістіктері, осы саладағы мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ көрме атом саласына мамандар даярлайтын Қазақстанның жетекші университеттерінің ғылыми және кадрлық әлеуетін көрсетті. Көрмеге елімізде атом электр стансасын салуға арналған технологияларды жеткізушілер ретінде қарастырылатын әлемдік жетекші компаниялар қатысты. Олардың қатарында «Қытай ұлттық ядролық корпорациясы» (CNNC), «Кореяның су және ядролық энергетикалық корпорациясы» (KHNP), «Électricité de France» (EDF), сондай-ақ ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бар. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев аталған көрменің еліміздің атом энергетикасын дамытудағы маңыздылығына тоқталды. Ведомство басшысы атом энергетикасы Қазақстан үшін негізгі қуат көзіне айналып, энергетикалық  жүйенің тұрақты дамуына ықпал ете алатынын атап өтті. «Ең маңызды міндет – жалпы ұлттық референдум өткізу. Біз әрбір азаматқа өз пікірін білдіріп, энергетикалық жүйеміздің болашақ даму жолын анықтауға мүмкіндік бергіміз келеді. Бұл референдум Қазақстанның атом энергетикасының болашағын айқындаудағы маңызды қадам болмақ», – деді министр.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, еліміз төмен көміртегін дамыту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін бірқатар стратегиялық құжаттарды қабылдаған. Бұл құжаттарда баламалы және жасыл энергия технологияларына инвестицияны ұлғайту, көмір өндіру үлесін кезең-кезеңмен қысқарту және 2060 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері мен баламалы энергия үлесін арттыру қажеттігі айтылған.

Көрменің пленарлық отырысында атом саласының жай-күйі мен Қазақстанда атом электр стансасын салу перспективалары, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Осы орайда қазақстандық мамандардың АЭС-ке қатысты пікір-пайымын жеткізуді жөн көрдік.

Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазиннің айтуынша, бүгінгі таңда заманауи атом өнеркәсібін қуатты ғылыми базасыз елестету мүмкін емес. Қуатты экономика мен технологиялық үдеріс инновациялар мен ғылыми жетістіктерге тікелей байланысты.

8755DC9E-73AC-4132-8835-5C26050D959D

«Біздің университеттеріміз бен ғылыми ұйымдарымыздың көп жылғы нәтижелі жұмысының арқасында Қазақстан ғылыми қызмет пен атом өнеркәсібі саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Еліміздегі Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Шәкәрім университеті, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті сияқты ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО-лары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Ядролық технологиялар паркімен бірлесіп, жоғары білікті ғылыми-техникалық кадрлар даярлайтын ұстаханаға айналды. Бұл – осы саланың одан әрі дамуының негізі ғана емес, оның халықаралық аренадағы тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттігінің кепілі. Біздің алдымызда атом өнеркәсібінің болашағын ғана емес, сонымен бірге Қазақстан Республикасының бүкіл энергетикалық жүйесінің тұрақты дамуын анықтайтын маңызды таңдау тұр. Қазіргі таңда энергияға сұраныстың артуы мен көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерді теңестіруіміз керек. Атом энергиясы қауіпсіз және таза энергия көзі ретінде осы тепе-теңдікке қол жеткізуде шешуші рөл атқара алады. Таза энергияны дамыту – әлем климатының өзгеруіне тиімді қарсы тұрудың кілті», – деді Ғұмар Екпінұлы.

6CC0424B-5953-40A2-A491-01973DCD9D95

Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішевтің сөзіне сүйенсек, Қазақстанға энергия көздерін диверсификациялау қажет. Яғни тек газға немесе көмірге, болмаса баламалы энергия көздеріне қарап отыру – энергетикалық қауіпсіздікке кері әсерін тигізеді. Мұндай біржақтылықтың кесірінен энергиясыз қалуымыз мүмкін. Сондықтан кез келген энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ел мүмкіндігінше энергия көздерін диверсификациялайды. «Энергия әртүрлі көздерден өндірілуі керек. Сол кезде олар бір-бірінің кемшіліктерін жауып отырады. Осы бағытта атом электр стансасының болғаны дұрыс деп ойлаймын. Кезінде Ақтауда реактор болды.

Сондықтан, біріншіден, бұл салада біздің тәжірибеміз бар. Екіншіден, Қазақстанда 1950 жылдардың соңынан бері зерттеу реакторлары жұмыс істейді. Соңғы жылдары еліміз электр қуатының тапшылығын сезіп отыр. Өйткені Кеңес одағы кезінде электр тұтыну дәрежесі төмендеп қалды. Атом өнеркәсібіне қатысты мамандар бар. Енді  арнайы АЭС-ке қажет мамандарды даярлауды бастадық. Ал бұрыннан осы салада жұмыс істеген мамандар біліктіліктерін арттырады. Ядролық физика институтында зерттеу реакторы жұмыс істейді. Осы реакторға қойылатын қауіпсіздік талаптары мен іске қосу ережелерінің бәрі АЭС-тің талаптарына сәйкес келеді. Сондықтан зерттеу реакторларында тәжірибе жинаған мамандар сертификаттаудан өткен соң, АЭС-те жұмыс істей алады», – деп ой бөлісті Медеу Әбішев.

5A3D7ABB-FC04-42BE-A3EC-34235DA717F3

Курчатов қаласындағы Ядролық технологиялар паркінің басшысы Жанат Байгазинов атом электр стансасын Қазақстан үшін өте маңызды әрі керек жобалардың бірі санайды.

«Ең бірінші атап өтсем, біз «Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында» деп кеуде соғамыз. Уранның табиғи қоры бойынша екінші орындамыз. Сонда біз қашанға дейін осындай шикізатты сататын мемлекет болып отыра береміз? Біз қашан осы шикізатты өзіміз пайдаланамыз? Біз қашан өзіміздің мамандардың экономикалық жағынан тиімділігін арттырамыз?

Екінші мәселе, Қазақстанда үш зерттеу реакторы бар. Екеуі Курчатов қаласында, біреуі Алматыда. Одан басқа 1990 жылдары БН-350 деген атом электр стансасы болды. Ол кезде ондай АЭС әлемде жоқ еді. Яғни қазақстандық мамандар осындай төрт үлкен ядролық кешенде жұмыс істеді. Қазір де осы салада еңбек етіп жүр. Атап өткен үш зерттеу реакторының АЭС-пен салыстырғанда, негізінде, ешқандай айырмашылығы жоқ. Атом электр стансасындағы ең күрделі жұмыс – оны оталдыру. Одан кейін сөндіру. Біздің зерттеу реакторларында жүргізілетін жұмыс АЭС-ке қарағанда күрделірек.

Жалпы біздің елде қоршаған ортадағы ауыр металдар, күнделікті қоғамдық көліктерден шығатын түтін өзекті мәселе болып отыр. Мысалы, Семейде әлі күнге көмірді пайдаланады. Ал көмірдің зияны аз емес. Ағзада көміртегі көп болса, миға оттегі дұрыс жетпейді. Сондықтан АЭС-тен келуі мүмкін зиянға қарағанда, қазіргі қолданыстағы энергия көздерінен келетін қауіп, залал әлдеқайда жоғары. Біз осыны жақсы түсінуіміз керек», – деді парк басшысы.

Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале