Тұтас елдің мерейін спорт пен өнер асырады десек, артық айтқанымыз емес. Байрақты бәсекелерде отандастарымыз жеңістің ең биік тұғырына көтерілгенде Мемлекеттік Гимніміз орындалады. Осындай қуанышымызға еңбегімен, жеңіске талпынысымен себеп болған жерлестеріміз қандай да құрметке лайық.
Ақжайықта спортта жетістікке жетіп, ауданның атын алысқа танытқан жеңімпаздар қошеметтелді. Айта кететін болсақ, олар – Пәкістанның Лахор қаласында ММА-дан жастар және ересектер арасында өткен Азия чемпионатында 65.8 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап, чемпион атанған Самғат Шабдан пен Молдованың астанасы Кишинев қаласында ерлер мен әйелдер арасында қол күресінен өткен XXXXV әлем чемпионатының жеңімпазы Жанна Қазтуғанова.
Айта кетелік, Самғат – Сарытоғай, Жанна – Қабыршақты ауылдық округтерінің тумасы.
Чемпиондардың құрметіне ұйымдастырылған шараға аудан әкімі М.Сердалин, аудан әкімінің орынбасары З.Мәжитова, мекеме басшылары, спорт ардагерлері, спортшылар ортақтасты.
Аудан басшысы жерлестерімізді жеңісімен құттықтап, алғысхат табыстап, ауылдас ағаларының атынан тұлпар мінгізді.
Әсем Есбек
Ақжайық ауданы