18.09.2024, 14:45
Оқылды: 46

«Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі» – Болат Қодасов

Қыркүйек – маңызды құжатпен басталды. Нақтырақ тоқталсақ, ырысқа толы күздің алғашқы айында жұртшылық ойын дөп басқан Жолдау барша қазақстандықтарға жол тартты. Баянды болашаққа бағдар ететін стратегиялық құжатты күллі елдің назарына ұсынған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келесі 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.

– Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді, - деді ел Президенті.

Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған Президенттің сиясы кеппеген «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы осылайша ертеңімізді еңселі, болашағымызды баянды, келешегімізді кемел ете түсуге жарық көрген күннен бастап жол ашатынына сенім мол.

Ісіне адал аға шебер

655EA861-4164-42DB-BF2F-42704FE981AC

Әмбеге аян, қыркүйек айының соңғы жексенбісі – «Еңбек» күні. Ғажап күн, ә?! Өйткені, еңбек адамы – ел мақтанышы, халықтың құты. Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, сол бағытта алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандарға қошемет күні десек те болады. Біз бүгін мамандығына деген құрмет пен адалдықты ұстанған маман иесі – Болат Қодасов хақында әңгіменің тиегін ағытуды құп көрдік.

Ол кісі бүгінгі таңда Подстепный ауылындағы «Теректі» колледжінде аға шебер қызметін атқарып жүр.

– Біздің колледжіміздің ірге тасы 1967 жылы қаланған. Сол жылдан бастап оқу орны жанында егістік алқабы мен шабындық жер бар. Қазіргі уақытта шабындық шөп алқабының жер көлемі 150 гектар. Жылыжай жарты гектарды, ал картоп 6 гектарды құрайды. Отыз гектар жерге бидайды екпе шөппен араластырып, биыл 15 тонна өнім жинақталды. Жылыжайда қызанақ, баялды, бұрыш, түрлі гүлдердің көшетін егеміз. Міне, осындай шағын шаруашылығымыз бар. Өнімдерді саттыққа шығарып колледждің материалдық базасын жаңартуға жәрдемдесеміз, - деген кейіпкеріміз өз ісінің нағыз шебері екенін көрсетті.

Айтпақшы, тағы да жаңадан жылыжай салып, қыс мезгілінде қияр өсіру жоспарда бар екенін тілге тиек қылды. Тетігін тапса, бұл жан-жақты тиімді жұмыс болатынын түсінетін колледж ұжымы алдағы уақытта жылыжайды одан әрі жайқалтып, өнімін арттыруды көздеп отыр екен. Құптарлық жайт. Өйткені білім ордасында мұндай тәжірибе алаңының болуы болашақ мамандардың өз кәсібін жетік меңгеріп шығуына сеп болмақшы.

– Басты мақсат оқушыларының алған білімдерін тәжірибемен ұштастыру, еңбекке баулу, қоршаған ортаға құрметпен қарау, келешекте жылыжай ісіне, ауыл шаруашылығы саласына бейім мамандарды дайындау. Бізде мамандығына байланысты оқушыларды өндірістік оқыту шеберлері апарып үйретеді. Сөздің орайы келгенде айта кетейін, жазғы жұмыста мен жетекшілік ететін өндірістік шеберлері және трактор жүргізушісі Ғалымжан Ержанов, комбайыншы Виктор Акимчук, көлік жүргізушісі Қайырболат Жұмағалиевтердің еңбегі орасан зор, - дейді Болат Шәкенұлы.

Ол кісі бұл жерде 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әмбебап маман, себебі сонау бір жылдары Сырым ауданына қарасты Аралтөбе, Қызылғаш жерінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Араб тілі, механик-техник сынды маман иесі. Әрине, мұның бәрі тек еңбектің арқасы. «Мынау менің қолымнан келмейтін іс» деп ешуақытта жұмыс талғамаған жан.

– Ата-бабаларымыз «Еңбек түбі – береке» деп тегін айтпаған. Жұлқынып істеймін дегенге жұмыс бар. Тек масылдыққа малданбай, мемлекетке қайта-қайта қол жайғаннан, қайырлысы – еңбек қоғамына қарай қадам басқаның. Қалған қамың қолда қуат болса, қара күш, қарекетпен де табылады. Қалай десек те, заман көшінен қалмай, екі қолға бір күрек алып, ниет еткен адамға іс табылары сөзсіз. Адам – еңбегімен сүйкімді, қай уақытта болмасын, адамзат баласы бір-бірінен білімі мен пайым-парасаты арқылы ерекшеленген. Уақытпен санаспай, өзімізге жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындауға тырыстық. Балаларымызды адал жолмен жүруге, әділдіктен аттамауға үйретіп, жастайларынан еңбекке баулыдық, - деген еңбекқор  Болат ағаның ісі көпке үлгі болары анық. 

Расында да, адамзат баласын бір-бірінен ерекшелеп, екшеп тұрған – білім мен еңбек. Сондықтан қоғамда еңбек адамына деген құрмет ерекше болары хақ.

Самал Жамет

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале