Биыл Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен «Қадыр – қазына» жобасы іске асырылған болатын.
Жоба аясында Қадыр шығармашылығына арналған «Ауыл – атамекен пернесі» атты қорытынды гала-концертінде батыс өңірінің барлық аудандарынан өнерпаздар келіп, өнерлерін паш етті.
Ұйымдастырушылар жоба басынан бері өткізілген әр ауданның концерттік бағдарламасынан үздік нөмірлерді іріктеп, қорытынды концертте көрерменге ұсынды. Шыңғырлау ауданы атынан өнер көрсеткен ақиық ақын Қаршыға Елемесов ақынға арнауын тебірене оқыса, дәстүрлі әнші Аманғали Сатпанов қара домбырамен термесін орындады.
Ал жас әншілер Айгерім Унгаралиева мен Аида Юмабаева «Жездеке» әнін шырқап, көрерменнің көзайымына айналды.
Концерт соныңда Шыңғырлау ауданы өнерпаздарына облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы атынан алғысхаттар беріліп, Қадыр орталығы атынан ақшалай сертификаттар табысталды.
Осындай ауыл өнерпаздарын қолдайтын ауқымды, нәтижелі жобалар көптеп өткізіле берсе, мәдениет өркендеп, өнерпаздар арасындағы достық қарым-қатынас нығая бермек.
Әсел Әлім
Шыңғырлау ауданы