Есірткі сатумен айналысатын топтар жарнама құралы ретінде әлеуметтік желіні, граффити суреттерді жиі қолданатыны мәлім. Кез келген әлеуметтік желіде жастар мен жасөспірімдер белсенді екенін ескерсек, мұндай жарнама атаулының ел болашағына айтарлықтай қауіп төндіретінін айқын сезінеміз.
Осыған орай Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті «Орал – есірткісіз қала», «Уральск – без наркотиков» акциясы аясында есірткі жарнамаларын өшіру бойынша рейд ұйымдастырды, деп хабарлайды БҚО ПД баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, сондай-ақ тыйым салынған заттарға тәуелді қара тұрғындарының санын азайту.
Шараға қаланың 150-ден астам қала тұрғыны қатысты, олардың ішінде БҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Орал қаласы ПБ, Абай және Шаған полиция бөлімдерінің қызметкерлері, ҚазИИТУ және БҚИТУ студенттері, "Ғасыр" жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері, қала еріктілері, сондай – ақ "Орал-есірткісіз қала" мониторингтік тобының мүшелері қатысты. Іс-шараны ашқан БҚО полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиев акцияға қатысушыларға алғысын білдірді.
«Жастар арасында нашақорлық мәселесі өте өткір, әсіресе синтетикалық есірткінің жаңа түрлерінің таралуы алаңдатады.
Есірткі қылмыстары бойынша деректер әлі де азаяр емес, кәмелетке толмағандарды есірткі бизнесіне тарту фактілері де бар. Есірткімен күресу – баршамыздың ортақ міндетіміз! Бейнебақылау камераларының көмегімен біз Ақсай қаласында есірткіні жарнамалаған екі жасөспірімді ұстадық. Бұл үшін олар 7 жылға бас бостандығынан айырылатынын ескерткім келеді.
Мен барлығыңызға айтарым, осы зұлымдықпен бірге күресейік!
Бірлескен күш-жігермен ғана біз балаларымыздың есірткісіз болашағын жасай аламыз!», - деді департамент бастығы А.Оразалиев.
«Акция есірткі сайттары мен есірткінің заңсыз айналымын насихаттайтын жазулар мен суреттерді жою мақсатында өткізіледі. Өскелең ұрпақ бұл әрекет қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды деп ойлап, есірткі сататын интернет-дүкендердің граффитиін, суреттерін, жапсырмаларын таратуға тартылуда. Алайда бұл әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады», – деп ескертті БҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Марат Сугуров.
Рейд барысында шараға қатысушылар 24 бағыт бойынша аумақтарға бөлініп, есірткіге қарсы күреске өз үлестерін қосып, қала аумағындағы заңсыз 100 жуық жарнамаларды жоюға бағытталған жұмыстарды жүргізді.
Қазіргі таңда есірткі сатушылар синтетикалық заттың көптеген сайттарын жарнамалау мақсатында сатудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап табуда. Көптеген адамдарды әлеуметтік желілерде есірткі затын тасымалдау мен жұмыс істеу туралы ұсыныстар түссе немесе айналасындағылардың біреуі заңсыз әрекетке қатысса, не істеу керектігі қызықтырады. Сол себепті еліміз үшін қоғамда заң үстемдігін насихаттап, өскелең ұрпақтың салауатты өмір сүру қағидаттарын дамытып, нығайтуға үлес қосу өте маңызды.
Айта кету керек, Қазақстанда есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сондықтан есірткі заттарының граффити - жарнамасына куә болсаңыз дереу "102" операторына хабарласуыңызды сұраймыз.
Бұл акция жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға және қоғамды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.