24.09.2024, 16:30
Оқылды: 76

«Еліміздің оңтүстігінде қуат тапшылығы сезіліп отыр»

Атом электр стансасын салу мәселесі  бойынша республикалық референ­дум қарсаңында қалалық үгіт-насихат жұмыстары жөніндегі штаб «Жайықжылуқуат» АҚ қызметкерлерімен кездесу өткізді. Онда Қазақстан энергетика саласының ардагері, облысымыздың энергетикасын қалыптастыруға зор үлес қосқан Виктор Графкин бұл мәселе турасында өз ойымен бөлісті.

A3B61847-9214-4C56-A4DB-519C4F135802

Сурет: freepik.com

— Бүгінде елімізде АЭС құрылысына қатысты мәселе талқылануда, осы мақсатта референдум өтпек. Мен бұл саламен етене таныспын. Еңбек жолымда 65 жылға жуық уақыт өңіріміздің энергожүйесінде жұмыс істеп, студенттік жылдары Белоярск атом электр стансасының  құрылысына да қатыстым. Свердлов политехникалық университетін электр стансалары, желілер және жүйелер мамандығы бойынша бі­тірдім. 1963 жылы Орал жылу электр орталығында стансаның кезекші инженері ретінде қызметімді бастап, кейін электр цехының бастығы болдым. Электр желілері кәсіпорны ұйымдастырылған кезде Ақтөбе және Орал облысы бір энергия жүйесіне біріктірілген еді. Осы шақта электр желілері кәсіпорнына жұмыс­қа ауысудың реті келді. Онда бас инженердің орынбасары, қалалық желілердің директоры, кейінірек Батыс Қа­зақстан электр желілік тарату компаниясының бас ин­женері болып жұмыс істедім.

Сөйтіп, көптеген желі салы­нып, энергожүйе Ақтөбеден бөлініп, Орал қаласында дер­бес жүйе ұйымдастырылды. Осы жылдар аралығында «Орал электр желілері» кәсіп­орнында энергетикалық қазандықтарды қосуға, турбиналарды қайта жаңартуға, қосалқы стансалар салуға қатыстым, — деді спикер.  

Виктор Владимировичтің сөзінше, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары өзін-өзі энергия көзімен толыққанды қамтып отыр. Біздің өз қуатымыз бар, бұған қоса Ресейдің электр жүйесіне үш желі арқылы қосылғанбыз. Балаков атом стансасынан бір желі салынды, сонымен қатар Желаев пен Белес ауылдарында, ҚПО-да газ турбиналық стансасы бар. Олардың барлығы бірыңғай энергия жүйесінде жұмыс істейді және облысты 100% энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Негізінен, еліміздің оңтүстік бөлігінде электр энергиясының жетіспеушілігі байқалады. 2021 жылы орын алған апат салдарынан оңтүстік аймақтар электр қуатынсыз қалды. Желілер шекті деңгейде жұмыс істеп, аутоматика іске қосылды.

— Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қазақстанда АЭС салу  бойынша референдум өткізу туралы айтты. Менің ойымша, стансаны елдің оңтүстігінде салу қажет. Заманауи энергетикалық атом қондырғылары дегеніміз не? Қазір АЭС-ке арналған технологиялар қауіпсіз әрі экологиялық таза. Яғни реакторларға тиелген барлық отын сол жерде жұмсалады. Қазіргі атом электр стансаларында ядролық қалдықтар көмілмейді, — деп атап өтті Виктор Графкин.  

Бұл салада жұмыс істейтін, технологияны жетік білетін отандық мамандардың ай­ту­ынша, атом электр стансалары қауіпсіз, бірақ оның шығыны көп. Әдетте қауіпсіздік­ті қамтамасыз ету мақсатында стансаны теңіз жағасында туристік орталықтармен бірге тұрғызады. Атом стансасы ауаға зиянды қалдықтарды, әсіресе радиоактивті заттар­ды шығармайды.

Спикер АЭС құрылысын қауіпсіз деп есептейтінін, ал  оның шығыны Үкімет тара­пынан шешілетін мәселе екенін атап өтті. Оның сөзінше, Франциядағы электр энергиясының 70%-ын атом электр стансалары өндіреді, ал АҚШ атом электр стансаларында электр энергиясын өндіруден көш бастап тұр,  олардың атом электр стансалары электр энергиясының 80%-ын өндіреді.

— Қазір электр энергетикасы саласымен таныс емес кісілер бұған қатысты пікірлерін білдіріп, бұл үдерісті қауіпті деп тануда. Бірақ бұл мәселені жан-жақты зерттемей, алдын ала шешім қабылдау әлі ерте. Жылу электр стансаларының, әсіресе Екібастұз электр стансасының парниктік әсері өте жоғары. Онда ауаға тек көмірқышқыл газы ғана емес, сонымен қатар радиоактивті элементтер де шығарылады. Бұған қоса станса 60 жыл бойы жұмыс істеп келеді, олардың өзіндік нормативтік мерзімі бар. Ендеше, ескі жылу қондырғыларын алып тастап, парниктік шығарындыларды азайтпай жаңасын салған дұрыс па, әлде атом электр стансасын салу тиімдірек болады ма? - деп сұраған В. Графкин Щучинск қаласында өткен ТМД елдерінің ардагер-энергетиктерінің форумын еске алып, онда бірыңғай энергия жүйесін құру, сондай-ақ жылу және электр энергиясына бірыңғай тариф белгілеу туралы мәселе талқыланғанын еске салды.

Галина Каренских

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале