24.09.2024, 17:15
Оқылды: 664

«Париж келісімі» және АЭС

Бүгінгі күні әлеуметтік желіні ашсаңыз АЭС туралы жақсылы-жаманды түрлі пікірлер айтылып жатыр. Дегенмен көбісі маңызына бармай, «бұның қажеті не, біз оны қалай басқарамыз?» дегендей түрлі ой білдіріп жүр. Біз де өз білгенімізбен бөлісіп, бірді-екілі пікір ұсынып көрелік.

8EBB494F-7BDF-4504-9645-89943F191321

Сурет: freepik.com

Әңгіменің басы негізі климаттың жалпы жылуынан басталады. Өйткені 2015 жылы Францияда өткен «Париж келісімі» атты жиында әлемнің назары осы жаһандық жылынудың жалпы адамзат үшін аса қауіпті екені айтылып, оның басты себептері талқылынған. Соның басты себептерінің бірі – жылу электр станциялары екенін белгілі еді. Сондықтан қалай болғанда да ЖЭС жұмысынан бас тартып, энергия көзін баламалы басқа жолдармен өндіруді ойластырылады. Сондай-ақ қатысушы елдер өзара осы қадамға мүдделі екендерін білдіріп, келісімшартқа қол қояды. Осылайша әрқайсысы барынша баламалы қуат көдеріне көшуге әрекет жасайды. Біздің содан бергі жасаған амалдарымыз әлі де нәтижесін бермей келеді.

Өйткені елімізде өндіретін жалпы энергияның 6-7 пайызы ғана баламалы энергия көздерінен алынады. Бұл көрсеткіш өте төмен. Ал әлем алдындағы берген уәдені бұзуға болмайтыны елдің бәріне белгілі. Сондықтан АЭС салудың негізгі басы осында жатыр деуге болады. Жалпы елге енді жеткенімен, мемлекеттің баламалы энергия көздерін дамытуы сол уақыттан басталғаны анық.

Елдің басты ақпарат көзінің бірі «Егемен Қазақстан» газетінің 2016 жылы 18 қазанда шыққан нөмірінде қарымды қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлы «Париж келісімі: Қазақстан қадамы» атты мақаласында:

«Суға кеткен тал қармайды» демекші, тіршілік төрешісі – адамзаттың тойымсыз тәбетін тежеп, табиғат тепе-теңдігін қалпына келтіруге жасалатын соңғы мүмкіндік – БҰҰ-ның Ауа райының өзгеруі жөніндегі конвенциясының аясында өткен СОР21 конференциясында қабылданған Париж келісімі. Тарихта тұңғыш рет бұл халықаралық келісімге бірден 175 мемлекет қол қойды. Жаһандық жылыну қатерінің қаншалықты ушығып тұрғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Жаһандық температураның орташа өсімін 2 градустан асырмауды көздейтін Париж келісімі өмірге келді. Париж конференциясы қарсаңында Франция Президентінің арнайы өкілі Николя Юло бүкіл әлем мемлекеттерін аралап шықты. Оның айтуынша, адамзат барынша тез қимылдап, әлемнің барлық мемлекеттері бірігіп әрекет жасаса, жаһандық жылыну қатерінен Жер планетасын құтқарып қалуға болады. Ал  жаһандық жылыну қатерінің алдын алудың бірден-бір тиімді жолы – жаңғырмалы қуат көздері және жасыл технология», - деп жазған.

2022 жылы Steppe және Қазақстандағы Фридрих Эберт Қорының  қолдауымен жер шарымыздың жылынуы, оның адамзатқа әсері және өзгерістеріне бейімделуге қатысты мақалалар топтамасында «Париж келісімі» туралы біраз ақпарат ұсынылған.

«Париж келісімі» – Париж қаласында өткен БҰҰ климат өзгерісі жөніндегі конференциясында әлем елдері басшылары қабылдаған, климат өзгерісі туралы әлемдегі тұңғыш заң тұрғысынан бекітілген жаһандық келісім. Бұл келісімді 2015 жылғы 12 желтоқсанда 196 тарап қабылдап, 2016 жылғы 4 қарашада заңды күшіне енген. Келісім жер бетіндегі орташа температураның көтерілуін индустриялық дәуірге дейінгі орташа температурадан 2ºС-тан әлдеқайда төмен ұстау және орташа температураның көтерілуін 1,5ºС-тан асырмауға күш салу, адамзаттың климат өзгерісіне байланысты қолайсыз әсерлерге бейімделу қабілетін азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірмейтіндей арттыру және парник газдар шығарындыларын азайтуға түрткі болу, қаржы ағымдарын парник газдар шығарындыларын азайтуды көздейтін және климат өзгерісіне бейімделген адамзаттың орнықты даму бағытымен сәйкестендіру секілді негізгі мақсаттарды алға тартады.

Париж келісіміне қосылған тараптарға, яғни мемлекеттер мен ұйымдарға парник газдар шығарындыларын азайту міндеті жүктеледі. Олардың міндеттемелері 5 жыл сайын қайта қаралып отырады және алдағы 5 жылдық жоспарлары талқыланады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Париж келісімінің 5 жылдығына арналған онлайн саммитте сөйлеген сөзінде алдағы 5 жыл аралығында климат өзгерісіне қарсы күресті көздейтін шара ретінде екі млрд ағаш егілетінін мәлімдеді. Қазақстан Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серіктестігіне (PAGE) қосылып, алдына климат өзгерісімен күресуге бағытталған бірнеше асқақ мақсат қойды – 2030 жылға қарай өндірілетін энергияның 30% сарқылмайтын энергия көздерінен алынса, 2050 жылға қарай өндірілетін энергияның 50% осы салаға тиесілі болады. Сондай-ақ, 2020 жылы болған Париж келісімінің 5 жылдығына арналған онлайн саммитте жолдаған үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі жағынан бейтарап мемлекетке айналады деп мәлімдеді. ҚР Энергетика министрлігі келтірген статистикаға сүйенсек, 2021 жылы сарқылмайтын энергия көздері нысандарының электр энергиясын өндіруі 2020 жылға қарағанда 30% артты, тек бұл көрсеткіш – жалпы өндірілген электр энергиясының 3,69% ғана. Белгіленген межеге жету үшін жасыл энергетиканы дамытуды үдету керегі айқын көрініп тұр», - деген ақпараттармен бөліседі.

Осы мәліметтерге сүйене отырып, ЖЭС-тан бас тарту жоспары бұрынан бері ойда жүргенін байқауға болады. Алайда қазірдің өзінде біздер ЖЭС-тан толықтай бас тарта алмаймыз. Өйткені қолымыздағы баламалы энергия өндеретін құрылғылар бізді елді энергия көзімен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан оларды әлі де пайдалана бермекпіз. Дегенмен тозығы жеткен ЖЭС жөндеу біздің ел үшін тиімсіз. Бүгінгі қадам – АЭС құрылысын бастау. Өйткені тозығы жеткен ЖЭС жұмысын тоқтата қалған жағдайда біздің қосымша энергия алатын көзіміз болуы қажет-ақ.

Осы тұста «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Қай энергия көзіне басымдық берген жөн?» атты мақаланы негізге ала атырып, мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтың пікірін келтіре кетсек.

«Біздің елде 2022 жылдан бері энергетика тапшылығына тап болып, Ресейден, Қырғызстан мен Тәжікстаннан электр қуатының бір бөлігін импорттап жатыр. Импортталған энергияның бағасы біздің бағамен салыстырғанда тым жоғары. Сонымен қатар еліміз Түрікменстан мен Ресейден белгілі мөлшерде газды да импорттайды. Газ қорымызды дамытып, жылу орталықтарын салмасақ, осылай сырттың энергия көзіне тәуелді боламыз. Егер білім мен ғылымды дұрыс жолға қойып, АЭС сияқты қазіргі заман стансаларын толық меңгермесек, сырттың көмегіне мұқтаж күйде жүре береміз.

Электр энергиясын өндіретін тағы мүмкіндік – газ. Оны ГТЭС дейді ғой. Ол Түркістан, Жаңаөзен, басқа да қалаларда жоспарланып жатыр. Газ елімізді электр энергиясымен 20 пайызға қамтамасыз етеді. Бірақ қазір газ бойынша тәуелді елміз. Газ қорымыз мол, әлемде 22 орындамыз. Алайда газды жеткілікті деңгейде өндіре алмай отырмыз. Себебі инвесторларға газды дамытқан өте тиімсіз. Осыны ескермей ГТЭС-терді салып тастасақ, оған газды импорттайтын болсақ (мысалы, Ресейден) ол тым қымбатқа түседі. Тәуелді болғандықтан, газ шығарушы ел оның бағасын өз қалауынша көтере береді. Сөйтіп, бір қадам алға басуыңа бағамен-ақ тосқауыл қойып тастайды. Келешекке көмір, газ энергиясымен барамын деу, тіпті кері кету десе де болады.

Біздің елге үлкен АЭС тиімді ме, әлде кіші модульді АЭС тиімді ме, оны ақылдаса отырып шешу керек. Біз қазір әлемдегі уранның 40 пайызын шығарамыз. «Қазатомпром» оның жартысынан көбін игеріп тұр. 23 пайызы – «Росатом» үлесінде. Уран бойынша тәуелділік жоқ. Сондықтан АЭС-ті барынша ашық, жария түрде салу керек. Менің ойымша, мұнда да әртараптандыру ережесін алға қойып, келешекте үш-төрт АЭС салатын болсақ, әрқайсысын әр елдің ең мықты мердігер компанияларына сеніп тапсырған жөн. Сонда біржақты тәуелділік болмайды, - дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.

 

АЭС станциясына қатысты пікірлердің барлығын бір мақалада түгел қамту әсте мүмкін емес. Дегенмен маңызды пікірлерді ұсынуға тырыстық. Бастысы біз мемлекет ретінде әлем алдында үлкен уәде бергенімізді ұмытпаған жөн. Өйткені адамзат алдындағы жауапкершілікті арқалаған кезде берілген уәденің сұрауы үлкен болатынын естен шығармаған абзал. Оның алдын алу үшін бүгін осындай үлкен қадамдарға барып жатырмыз. Әлемнің сарапшылары Қазақстанның АЭС сала қалған жағдайда алдымен қауіпсіздікті басты мақсат етуі қажет екенін ескертіп отыр.

Сондықтан таразы басындағы толғаулы мәселеде он ойланып, мың толғанып барып қадам басқанымыз ләзім. Дегенмен біз бұл қадамға бару қажет екенімізді өзіміз де сезіп отырмыз.

Мейрамбек Сыдықов

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале