Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен Клиникалық фармакология саласындағы медициналық көмекті жетілдіру бойынша 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы аясында жаңа бөлімше іске қосылды.
Сурет: freepik.com
– Министрліктің бағдарламасы бойынша облысымыздағы 10 ірі аурухананың базаларында осындай орталық ашу жоспарда бар. Бүгін бірінші бөлімшенің ашылғанына куә болып тұрмыз. Президентіміз айтқандай, цифрландыруды медицина саласына енгізудеміз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында дәрі-дәрмектерді науқасқа жеткізу, дәрілік құралдардың дербес есебін жүргізу бойынша цифрлы жүйе қолданысқа енгізілді. Мұнда берілетін дәрі-дәрмектердің саны аутоматты түрде бақыланады. Оған қоса дұрыс емес ем-шара тағайындау мен емдеу қаупі азаяды.
– Жұқпалы аурулар ауруханасында госпитальдық фармация бөлімшесінің ашылуы, бұл – медициналық көмек сапасын жақсартуға бағытталған жаңа қадам. Біздің мақсатымыз – ем-дом жүргізілгенде пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дәрі-дәрмектің уақтылы берілуін бақылау, жағымсыз әсерлерді төмендету, емдеу тиімділігін арттыру және кеселдің асқынуына жол бермеу. Клиникалық фармаколог әр пациентке жасы, салмағы, тәуліктік мөлшері және басқа да параметрлер бойынша ем-дом тағайындайды, – деді жұқпалы аурулар ауруханасы фармация бөлімінің меңгерушісі, клиникалық фармаколог Г. Байдишева.
Госпитальдық фармация бөлімшесінің штаты мамандармен толыққан. Клиникалық фармаколог, бөлімшенің аға мейіргері және 11 медицина қызметкері қызмет атқарады. Осындай тәжірибе бүкіл әлемде қолданылады және халықаралық талаптардың бірі саналады. Алдағы уақытта облыс бойынша бұл жүйені барлық көпсалалы ауруханаға енгізу жоспарлануда.
Құндыз Қадырбаева
zhaikpress.kz