26.09.2024, 16:15
Оқылды: 541

«Алматыдан бір қызың сәлем деді дегейсің»: Актриса Назгүл Қарабалинамен сұхбат

Қымбатты оқырман, «Теректі топырағы» атты айдарда актриса, продюсер, режиссер, жерлесіміз Назгүл Қарабалинамен аз-маз тілдескен едік, назарларыңызға ұсынамыз.

CC29969C-684A-4E9B-B298-C2DF647EA806

Ол кісі Теректі ауданына қарасты Ақсоғым (бұрынғы Ақжайық ауданы, Шолохов ауылында) 1978 жылы 27 қыркүйек күні дүние есігін ашқан.  «Театр көктемі» дәстүрлі театр фистивалінің бірнеше мәрте жүлдегері, «Тарлан» және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет орденінің»  иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ұлттық классика мен заманауи драматургияда М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Шолпан, «Абайында» Ажар, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Баян, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтес, Ә.Таразидің «Ақын..Періште…Махаббатында» Періште, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Изольда, Т.Нұрмағанбетовтың «Ескі үймен қоштасуында» Айжаңа, Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретшісінде» Сұлу, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Гүлжан, Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» реквиемінде Әйгерім, Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Нарышкина, ал әлемдік классика мен заманауи драматургияда Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Инкен, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» Мехменебану, Т.Жүженоғлының «Көшкінінде» Келін, М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшысында» Оксана, М.Байджиевтің «Қылмысында» Мәриям, А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Маша т.б. рөлдерді сәтті сомдаған. «Махаббат дастаны» қойылымы Корея мен Түркиядағы фестивальдарда жеңімпаз болса, «Сұлу мен суретші» Орталық Азия мен Қазақстан театрларының халықаралық фестивалінде бас жүлде иеленді. Сонымен бірге Назгүл Әдиетқызы бірнеше киноларда, яғни «Дүние жарық» — Сайра, «Құрақ көрпеде» — Келін, «Үйректің жүрегі» — Айгүл, «Махамбет» — Амазонка, «Ауылым — әнім» — Әкім, «Періште» — Сая, «Мангазияға жол» — Қарай т.б. рөлдерін сомдады.

Назгүл Әдиетқызы,  «сәлембердік» деп батысша амандасайын,  хал-ахуалыңыз қалай?    Бүгінгі таңда қайда қызмет атқарып жүрсіз?

Сәлембердік! Хал-ахуалымыз жақсы. Алматы қаласындағы жүз жылдық тарихы бар Мұхтар Әуезов атындағы театрда қызмет етемін. Сонымен қатар өзімнің «28 cinema» деген продокшн компаниям бар, сол жерде продюсер, режиссермін. Көптеген сериал, киноларды түсірумен шұғылданамын. Ауқымды концерттердің қоюшы-режиссерімін.

A6800A12-3175-4EF1-B86F-250763D4A07C

— «Балалық шаққа»  билет бар, бірге барып қайтайық па?  

—  Балалық шақ – адам өміріндегі ең ғажап уақыт. Рас, ол кімді де болмасын сағынтпай, аңсатпай қоймайды. Бұл уақыт – мен үшін тәтті кезең. Қызығы да, шыжығы да көп. Себебі, кеңес заманының тарқап, құлдырау кезеңіне куә болдық. Әнебір көп таршылық көрмесек те, шет жағасының дәмін таттық.  Оның бәрі қазіргі уақытта мінезді, мығым болуға септігін тигізді. Еркекшора, бұзықтау болдым. Осы қасиетім әлі күнге дейін бойымнан байқалады. Мал  бағып көрдік. Таяқ жеп өстім. Ол кезде таяқ жеп өсудің өзі тәтті еді ғой. Рахат кезең, мәселе, уайым-қайғы жоқ. Тамағыңды ішіп, ойынға барып келсең болды.

— Орал қаласынан бастау алған студент кезеңнің тінін тарқатсақ.

Иә, 1993-1997 жылдары аралығында Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық колледжінің қобыз сыныбын тәмәмдадым. Кейін арман қуып Алматыдағы қара шаңырағымыз Темірбек Жүргенов атындағы Өнер институына оқуға түстім.  Белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловтың курсында оқып, аталмыш театрға жұмысқа орналастым.

Әр пенденің өмірінде өшпес із қалдыратын, ұмытылмас естеліктерге толы студенттік шақ қашанда ыстық.  Асау аттай арындаған жастық, жалындаған қайрат, албырт сезім, адал достық, бүкіл әлем бір өзіне бас иердей пәк көңіл, бірде аш, бірде тоқ, бірде бар, бірде жоқ, әр күн мереке мен думанға толы қайғысыз, қамсыз шақ. Керемет еді! Ізденіс, өмірмен, елмен, болашақ жарым ментанысу. «Болашақ жар» демекші, студенттік кезімде курстасым, бүгінгі таңда жолдасым Азаматпен сол жылдары таныстық. Шүкір, қазір Сұлтан есімді 20 жасар ұлымыз бар.

— «Туған жер» дегенде еске не түседі?

— «Туған жердің түтіні де тәтті» демекші, кіндік қанын тамған жерге жететін жер жоқ қой, шіркін!? Ақсоғым  (Шолохов) деген керемет ауылда өстім. Уақыт болса, ауылға барып, елмен көрісіп тұруға тырысамын. «Туған жер» дегенде, әрине тату-тәтті отбасым еске түседі. Әкем Әдиет Өтеғалиұлы, анам Зияда Жиенбайқызы, Ғабит, Сәбит деген қос бауырым (марқұм болды),  Әлия әпкем, Есенғали деген інім  бар. Әкем өмір бойы зоотехник, ал анам ұстаз болды. Ата-анам қазір Орал қаласында тұрады. Мен үшін ең қымбат осы жандарға еркелеп өстім.

Өткенде ауылға барып кеттім, мектебім, балабақшамның орны қалған екен. Құлын-тайдай ойнап өскен жеріміздегі сай-сала, ағаш бәрі де ыстық, жаныма жақын. Қазіргі уақытта үлкен депутат, менің сыныптасым Абзал Құспанов бар, бәріміз жүздесіп, өткен-кеткенді еске түсіріп, арқа-жарқа болып қалдық.

—  Сахнада жүрген әртістердің бәрі дарынды ма?

Олардың барлығы мен үшін дарынды. Себебі, сахна оларды өздеріне жақындатып, «бауырына» тартты, демек олар тегіннен-тегін келмеген талантты деген сөз.

AA3D7B84-173C-4457-8A87-58BA5B718E4C

— Театр табалдырығын «көкелерінің» көмегімен аттап «дарынсымақ» болып жүргендерден, дәлірек айтсақ «арамшөптерден» құтылу мүмкін бе?

—  Әкесімен, я болмаса көкесімен келе ме, әркімнің өзінің таңдаған жолы бар. «Өнерге» қызмет еткісі келгендіктен, сахна табалдырығын аттайды. Былайша айтқанда, «әке-көке» деп кіретіндей сахнада не бар, артық ақша да жоқ,  еңбекақы да жоқ. Қаншама адамдар театр саханасында маңдай терін төгіп жүр. Мен мұндай адамдарға тек қана бас иемін. Қалай келсе де өнерді сүйгендіктен келді. Жалпы бөгде жанның өміріне, тағдырына араласып,  біреуді даттайтын адам емеспін. Өнер жолы жеңіл болып көрінгенімен, оңай емес. Тоқ етері, әріптестерімнің қай-қайсысы болсын өсіп-өнсін дегеннен басқа айтарым жоқ.

Теректілікке тілек

Туған жеріне, еліне деген тілегің, ниетің әркез жадыңда, жүрегіңде  жүреді. Әрқашанда жақсылық ойлайсың.  Қазақ елі есен, жұртымыз тыныш болсын. Әр қазақ туысым, бауырым.  «Теректінің түлегі» деп мені іздеп, хабарласқандарыңызға мың алғыс! Басылым ұжымына сәттілік тілеймін, сауатты мақалаларыңыз, ойлы оқырмандарыңыз көп болғай!

— Сұхбат бергеніңізге рақмет! Есен жүргейсіз, Ақсоғымның түлегі! Айтпақшы, келе жатқан туған күніңіз құтты болсын! Жүз жасаңыз!

Зияда Алдиярова, анасы:

Сабағын өте жақсы оқыды, әпкелері жаттап отырған тақпақты бұл да ілесіп жаттап алатын. Үйге қонақ шақырар кезде қолына тізім беріп, әпкесі екеуін жіберемін, бәрін тиянақтай етіп, белгілеп келеді.  «Келесің бе, келмейсің бе, айтыңыз, келмесеңіз орныңа басқа кісіні шақырамын» деп қонақтарға ұрысатын көрінеді. Өте сүйкімді, алайда тентектеу, тынымсыздау болып өсті, осы мінезіне орай таяқты да көп жеді. Өзінен үлкен әпкесіне ұрысқымыз келсе, бұған ұрысамыз, әпкесі өзі керек жерін қабылдайтын, оған ештеңе демейміз, Назгүлді ұрып-соғу арқылы жеткізетінбіз. Намысшыл болды, мұғалімі «мектепке металлом жинаңдар» деген ғой. Бір күні мектеп формасымен мектепішілік шараға кеткен-ді, кешке дейін жоқ, іздеп барсам үстіндегі киімі лас-лас, Айман деген досы екеуі темір жинап жүр. Ала сала ұрысып, соға бастадым, сонда жылаудың орнына «Мама, көшеде соқпашы, үйге барғасын ұршы дейді», өзі жылап та тұрған жоқ. Ер мінезділеу болып өсті, үйдің тірлігінен гөрі сырттың жұмысын істегенді жақсы көретін.

Абзал Құспан, сыныптасы, ҚР Мәжілісінің депутаты:

— 1988-1989 жылдары аралығында сол уақыттағы Шолохов, қазіргі Ақсоғым орта мектебінде бірге оқыдық. Негізі мен Жаңақала ауданында туып өскенмін, алайда Ақсоғымда туған апа-жездемнің қолында болдым. Олар қазірде сол ауылда тұрады.  Турасын айтайын, қызықты жағдай, Назгүл менің мектептегі махаббатым. Қазір күліп еске аламыз. Ол кезде 7 сыныпта оқимыз. Сол себепті ол туралы жақсы айта аламынӘдемілігінен бөлек, өжет, өте батыл, оқу озаты, қыздардың ортасында лидер болдыМінекей, осындай мінезімен тек ғана мені емес, сыныптастарын да баурап алатын. Мектептегі бала махаббатының ерекшелігі сол, ешқандай өрескел қылық жасамайсын, сырттай тамсану, хат жазуКейін достық сезімге ұластыАйтпақшы, мектепте тентектігіме байланысты мені оқудан шығарып жіберген еді, сөйтіп Жаңақалаға оралдым. Кетіп бара жатыпНазгүлдің Құрмет тақтасындағы фотосын алып кеткенім бар. Ол кезде ұялы телефон түгілі қарапайым телефон жоқ.  Содан байланыс үзілдіҚазір оның да, менің де жанұямыз бар. Жақсы қарым-қатынастамыз. Оның оқушы кезіндегі мінезі қазір де бойында бар. Бүгінгі таңда Назгүл — елге танымал, халыққа белгілі актриса, бірақ менің жеке пікірім режиссерлар оған лайықты рөл ұсына алмай жүр. Назгүлді бала кезінен жақсы білетін адам ретінде Томирис секілді ханшайымның, я болмаса батыл шешім қабылдай алатын заманауи қыздарымыздың рөлінен көргім келеді. Ол көптеген кейіпкерлерді сомдады. Кинодағы рөлдерін де бірнешеуін көрдім.

Әңгімелескен Самал Жамет

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале