27.09.2024, 10:00
Оқылды: 217

Түркітанушы ғалым мерейі

1990 жылдың жаңа оқу жылында біздің педагогикалық институттың филология факультетіне жаңадан жас ұстаздар жұмысқа келіп қосылды. Олардың бірқатары Алматыдан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ден келіп, еңбек­ке араласты. Бұл дарынды  жас ұстаздарды бүгінде құр­метпен атаймыз. Болат Жексенғалиев, Абат Қыдыршаев, Мұрат Сабыр, Нұрлан Май­манов, Оралғаным Сәрсенова,  арабтанушы Люба апамыз, Рысты Бисекенова т. б. Со­лар­дың ішінде Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы өзінің мейірім­ді жүзімен, ағыл-тегіл мол білімімен жастарды бірден баурап алды. Ол оқуын аяқтар кезде, марқұм, профессор Мәтжан Мақсымұлы Тілеужанов дәрісханаға кіріп, елге шақырған екен. Сол кезде сол дәрісте болған Мұрат Бөкенбайұлы бірден елге барамын деп шешіпті.

5906E68E-584F-471F-A378-501D59DCEF00

Министрліктің жолдамасымен сол кездегі педагогикалық институтқа келген Мұрат Бөкенбайұлы, ең алдымен, ғылыми үйірмелер жұмы­сын жандандырды. Профессор  Серікқали Ғабдешұлы Шарабасовтың «Қажым Жұмалиев атындағы әдеби бірлестігі», Отарәлі Бүркіттің «Қ. Жұбанов атындағы тіл тағылымы» үйірмесінде ғылыми жобалар, курстық жұмыстар орта­ға салынып, көптеген арнаулы курстың негізі жасалды.

Ғылыми-әдістемелік семинарларда ұстаздар мен студенттер өздерінің басты ғы­лыми бағыттарын айқындады. Сол кезде Мұрат Бөкенбайұлы үйірме жұмысын жалпы түркі халықтарына ортақ көне лексиканы табу, олардың мәнін түсіндіруге бағыттады. Бойлары мен ойлары таза,  жаңа рухани ақпаратқа толы жас ұстаздар студенттерді ғылымға қызықтыра білді. Ол кезде қазіргі Алаш әдебиеті өкілдері ақталып жатқан кез, қайта құру кезеңі, жастардың қолынан кітап түспейді. Әсіресе, қазақ поэзиясы қарыштап дамуда. Екінің бірі өлең жазады, проза да бар дегендей. Оның үстіне, ғылымға деген құрмет те керемет.

«Қазақ тілі» қоғамының жиындары, басқа да мазмұндағы ғылыми мәжілістер, конференция, семинарлар жиі болады. Бірде Болат Өтеғали­ұлы қазақ фонетикасын еу­ропацентристік ықпалдан арылтып, жаңадан түсіндірудің қажеттілігі туралы сөйлесе, ал Мұрат Бөкенбайұлы қазақ тілінің тарихын жаңадан түгендеу туралы сөйлегені есімде қалыпты. Тағы бір есімде қалған үзік, сол кездегі кезекті бір ғылыми семинарда Мұрат Бөкенбайұлы тек бір ғана «Кежегесі кейін тарту» деген тұрақты тіркестің этимологиясы туралы ғылыми тұрғыдан толық және жүйелі түрде талдаған баяндама жасады. Бір ғана баяндамада бір ғана тұрақты тіркестің тарихын толықтай талдап шығуы болашақ ғылымға қадам басқан зерттеушіні аңғартқандай болды. Кезінде, ауылда мектеп қабырғасында жүріп, жазушы Нәбиден Әбутәлиевтің көркем шығармасын сынып болып талқылап, жазушыға хат жазып, соңынан Алматыға іздеп барған Мұрат Бөкенбайұлының осы бір мінезі ізденімпаз жасты байқатады. Сол кездегі Мұрат Сабыр қоғамдық жұмысқа «белшесінен батып» жүріп, тіл тарихы саласын толық игеруді,  әсіресе, түркі тілдерін зерттеуді басты меже етіп қоя білді. Ал Абат Сатыбайұлы декан орынбасары, Болат Өтеғалиұлы облыстық «Қазақ тілі» қоғамы және басқа ұлттарға қазақ тілін оқыту орталығында бел шеше жұмыс істегенін де айта кеткен жөн болар. Енді ғана арамызға оралған әз-Наурыз мерекесін тойлауда жас ұстаздардың еңбегі, әсіресе, Мұрат Бөкенбайұлының еңбегі ерен болғанын көзіміз көрді.

Сол кезде қылышынан қан тамған Қеңестер Одағы атты республиканың шаңырағы шайқала бастаған-ды. Осы бір қиын кезеңдерде Мұрат Бөкенбайұлы ұстаздық қызметте қала берді. Материалдық пайданы көздеген басқаларға ермеді, оның бәрі ғылымды сүйгеннен және өз ана тіліміздің бір саласын дамыту мақсатынан туған шығар. Басқа ғалымдармен бірлесіп, біздің оқу орнында  қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі мамандығын негіздеді. Тарих факультетінде профессор Бақтығұл Қабдырұлының қолдауымен араб тілі оқытыла бастады. Әсіресе, шығыстану мамандығы, оның ішінде арабтану Мұрат Бөкенбайұлының тынымсыз еңбегі нәтижесінде ашылды. Осының бәріне сол кездегі ректор Тұяқбай Зейітұлы Рысбеков кеңінен материалды және моралды тұрғыда қолдау көрсетіп отырды. Жаңадан мамандықтар ашылғанда Мұрат Сабыр барлық әзірлемелерін жинақтап, дайындай білді.

Ғылымға толық ден қойған Мұрат Бөкенбайұлы сол жылдары Алматы қаласына барып, Ғылым акаде-миясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында оқи жүріп, бірқатар жерде жұмыс жасай жүріп, ғылыми жұмысын жазды. Көптеген көзі тірі түркітанушының дәрістерін тыңдап, әртүрлі деңгейдегі конференцияларда баяндамалар жасап, білімін шыңдады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Әрсен Ибатовтың ұйғарымымен XIV ғасырдағы Алтын Орда дәуі­рі ескерткіштерін зерттеуге  бел буды. Бұл, әрине, өте қиын да жауапты іс болды, себебі көне дәуір жәдігерлері көшірмелері елде жоқ, микропленкаға түсірілген жағдайда болды. Оған қоса, бұл ескерткіштер аралас тілде, яғни оғыз-қыпшақ тілдерінде жазылған еді. Тағы бір қиындық, сол кездегі араб қаріптері ескі қадым жазуымен жазылған да, өткен ғасырларды зерттеген ғалымдар өздерінше оқып, өздерінің түсініктерін жазған еді.

Оның үстіне, көне дастан – Құтып ақынның «Хұсрау уа Шырын» дастанындағы көнеленген сөз тұлғаларын айқындау оңай іс болмады. Таңнан тұрып жазатын еңбекқорлығы өз нәтижесін беріп, ірі түркітанушылар, атап айтқанда, Ә. Қайдари, Р. Сыздық, Ш. Сарыбаев, Ғ. Айдаров, Ә. Құрышжанов, Ә. Ибатов, Ә. Нұрмағамбетов, Е. Жанпейісов, С. Омарбеков, О. Нақыс­беков, Т. Жанұзақов, Ө. Айт­баев, Б. Әбілқасымов, А. Аман­жолов, С. Исаев,  Б. Сағындық­ұлы, Ж. Манкеева, Е. Қажы­беков, М. Әбусейітова, Ә. Кері­мов, тағы басқалардың оң бағасын алып, жұмысын ке­ремет дәрежеде қорғап шықты. Әсіресе, шетелдік көптеген ғалым көне дастанды шұқшия зерттеген жас ғалымға өздерінің зор құрметін білдірді. Орта ғасырдағы гүлденген мемлекет Алтын Орданың көне жауһары «Хұсрау уа Шырын» дастанының тілдік ерекшелігін толық ашуға талпынған жас ғалымның еңбегі жанып, қазақ түркітану ғылымында өзінің орнын алды. Мұрат Бөкенбайұлы сол кездегі материалдық қиындықтарға қарамай, өз отбасынан жырақта жүріп, ғылымнан небір дарынды жастар кетіп жатқанда өзінің мақсатынан бір айнымады, яғни ол материалдық өмірден рухани өмірді жоғары қоя білді. Оның бұл қасиеті өте сирек кездесетінін бүгінде түсініп жатырмын.

Бір айта кететін жайт, сол қиын жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың күндізгі аспирантурасына оқуға түсуге, ғылыми жетекші таңдауға тікелей өзінің көмегін аямаған Мұрат Бөкенбай­ұлына алғысым шексіз. Оның үстіне, жатақхана ала алмаған маған Ғылым академиясының жатақханасынан, өзінің қасынан орын беріп, ғылыми жұмысқа баулығанын айтқым келеді.

Аспирантураны сәтті аяқтап, өзінің университетіне оралған Мұрат Бөкенбайұлы көптеген жылдар бойы қазақ филологиясы кафедрасын меңгеріп, оқытушылық қызметте құрметке бөленді. Кафедрада жұмыс істеп жүрген көптеген жанға көмегін көрсетіп, ғылыми жұмыспен айналысуға бар жағдай жасады. Жасыратыны жоқ, бұған дейін ғылым, ғылымға қалай барады, оның жолдары туралы ақпарат мүлдем жоқ болатын. Осы кезеңде О. Бүркіт, Ж. Шайекенов, Р. Мұхамбетқалиева, Ұ. Ержанова, Р. Кинжекова,  Ғ. Хасанов, А. Қайыров, Е. Дәулетов т. б. өздерінің ғылыми жұмыстарын қорғады. Осының бәрі Мұрат Бөкенбайұлының тікелей қолдауымен және түсіндіруімен жүзеге асты. Мұраттың өзі айтатын, кафедрадағы бабалар буыны, аталар буыны, ағалар буыны жаңарып, жас буын ғалымдармен толықты. Кафедра-ның толып жатқан жұмысын абыроймен атқара жүріп, Мұрат Бөкенбайұлы тіл тарихына қатысты жаңа арнайы курстарды оқу бағдарламасына енгізді. Университетте дәстүрлі конференциялар өткізіле бастады, түркітану мен тіл тарихына қатысты облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жиындарда Мұрат Бөкенбайұлы өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсті. Мұрат есімі түркітану мен қазақ тілі ғылымына танымал бола бастады. Ана тілімізге қатысты облыстық және облысаралық әртүрлі деңгейдегі жиындар, «Қазақ тілі» қоғамының әртүрлі шараларын Мұрат Бөкенбайұлы ұйымдастырып, өзі бас болып баяндама жасап жүрді.

Осы нәтижелермен шектелмеген Мұрат Бөкенбайұлы сол жылдары өзінің докторлық диссертациясын жазып жүрді. Үнемі жаз айларында кітапханалар мен мұрағаттарда ғылыми ізденісте отыратын. Алтын Орда дәуірінің  төрт жауһары саналатын Сайф Сараидың «Гүл-стан бит-түрки», Құтыптың «Хұсрау уа Шырын», Алидың «Нахдж әл-Фарадис», Хорезмидің «Мұхаббат-наме» тарихи ескерткіштерінің лексикасын толық зерттеуге бел буды. Бұған өзінің ғылыми кеңестерін аямаған тәжірибелі, беделді түркітанушы Берікбай Сағындықұлы болатын. Бекең Мұратты өте абыройлы да қиын жолға бағыттады. Бұл жауапты ғылыми мақсатты Мұрат Бөкенбайұлы өзінің қойған талабына сай жоғары деңгейде орындады десем, артық айтқандық болмас. Осы деңгейге жеткен Мұрат Бөкенбайұлы өзінің шәкірттеріне де кандидаттық диссертация қорғатты. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінде бірнеше жыл ғылыми кеңес мүшесі болып қызмет атқарды. Осы кезеңдерде мемлекеттік және жеке қорлардан қаржыланатын ғылыми жобаларға қатысып, тіл тарихына байланысты көптеген ғылыми еңбек жазды. Әсіресе, Берікбай Сағындықұлының ғылыми жетекшілігімен «Тіл тарихы. Фонетика» бөлімі атты ғылыми жоба сәтті орындалған болатын. Сол жобада­ғы XIV ғасырдағы қазақ фо­нетикасындағы дыбыстық өзгерістерді анықтайтын қиын  бөлімін абыроймен жазып шықты.

Орта ғасырдағы тіл тарихы – қыпшақ тілінің тарихы. Қазақ тілінің тарихы қыпшақ тілі тарихында жатқаны белгілі. Осыған орай Мұрат Бөкенбайұлы «Қыпшақтану» атты арнаулы курсты негіздеп, оқу бағдарламасына енгізді. Өзі бас-көз болып ашып, барлық қыпшақ тілі тарихына қатысты сұрақтарды осы пән қамтуы тиіс деп шешіп, қыпшақтану сияқты ірі ғылыми бағытты қалыптастырды. Осы салада еңбек ете жүріп, көптеген ғылыми зерттеулерді дүниеге әкелді. Олардың бірқатары мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шығып, жоғары оқу орындарына таратылды. Көптеген алыс-жақын жатқан ірі қалаларға барып, ғылыми конференцияларда баяндамалар жасады.

Профессор М. Сабыр мемлекеттік «Болашақ» грантымен Түркия елінде өз білімін шыңдады. Белгілі түрік ғалымдары Әбдуақап Қара, Орхан Сөйлемез, Гөксал Өзтүрік, мажар ғалымы Дәуіт Қара, сонымен бірге башқұрт, татар зерттеушілермен тығыз қарым-қатынаста ғылыми зерттеулерін жүргізуде. Мұрат Бөкенбайұлы қырғыз, өзбек, саха, хакас, ноғай түр­кітанушы ғалымдарымен бір­лесе көптеген ғылыми ізденістерін жүзеге асырды. Ол – қазақ ғалымдары арасында зор беделге ие түркітанушы.

Негізінен, Мұрат Бөкенбайұлын профессорлар Әрсен Ибатов, Әбжан Құрышжанов және қазақтың көрнекті түркітанушы ғалымы, профессор Берікбай Сағындықұлының шәкірті деп санаймын.

Мұрат Бөкенбайұлы – өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған тұлға. Атап айтқанда, қыпшақтану мектебі, оның ішінде қыпшақ тілінің тарихы. Екінші, Алтын Орда тарихи жәдігерлер тілінің тарихы. Осы мектептерде көптеген шәкірт білім алып, елімізде еңбек етуде. Ол көптеген курстық, дипломдық, магистрлік жұмыстарға жетекшілік етті. Өз саласына көптеген дарынды шәкірт тартып, талай маман иесін қалыптастырды.

Жалпы алғанда, осы бір ғылыми бағытта зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдар елімізде саусақпен санарлық, себебі бұл бағытта ғылыми жұмыс жүргізу өте қиын екені қазақ тіл білімінде жүрген ғалымдарға белгілі. Тіл тарихы саласында бүгінде араб қарпімен жазылған, зерттелмеген орта ғасырлық тарихи ескерткіштер саны мол және соңғы кезде көптеп табылуда. Әсіресе, Мысыр елінен қыпшақ тілі, көне қазақ тіліне қатысты еңбектерді қазақ тіліне аудару мәселесі туындауда. Осы кезде «шығыстанушы-зерттеуші», «парсытану», «арабтану» білім бағдарламалары керек екенін айтқым келеді.

Түркітанушы ғалым Мұрат Бөкенбайұлының қаламынан туған салмақты «Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасы және оның тілі» (2003), «Орта түркі тілі лексикасы мен қазақ тілі лек­сикасының сабақтастығы  (XIV ғасыр жазба ескерткіш­тері негізінде)» (2004), «Кө­не  түркі тілі» (2007), «Көне қып­шақ жазба ескерткіштерінің тілі» (2008), «Таным тара­зысы» (2010), «Түркілік мұра: дәстүр және сабақтастық» (2012), «Қазақ тілінің шығу тарихы (фонетика)» (2013), «Құтыптың «Хұсрау мен Шы­рын» поэмасының лексика-грамматикалық сипаты» (2013), «Орта ғасыр жазба ес­керткіштерінің фразеология­лық және паремиологиялық  қорының этномәдени сипа­ты» (2014), «Көне қыпшақ тілі мен қазақ тілінің фоно-мор­фо-семантикалық сабақтас­тығы» (2021), «Көне қыпшақ ескерткіштерінің лексикасы»  (2021) зерттеулері бар. Оның үстіне, оқу-әдістемелік еңбек­тері, оқу құралдары да бір­­қатар. Жалпы бес жүзден ас­там ғылыми мақаласы алыс-жақын елдерде жарық көрген. Бұл бір адамға аз еңбек  емес, бұл – тынымсыз еңбек, ғылыми ізденістердің жемісі. Бүгінде профессор Мұрат Сабырдың басқаруымен бір  топ зерттеуші ҚР Ғылым комитетінің «Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілі – рухани, мәдени құндылықтар әлемі» (2023-2025) тақырыбында мемлекеттік ғылыми жобасын орындауда.

Ұстаздық қызметте Мұрат Бөкенбайұлының орны ерекше. Өз дәрістерін мазмұнды дәйектермен, тілдік деректермен негіздеу – оның қашанғы қағидасы. Шәкірттерін өзінің тағылымды дәрістерімен қашанда баурап алатын Мұрат Бөкенбайұлы – білікті ұстаз ретінде республикаға мойындалған тұлға. Ол екі мәрте «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мәртебесінің иегері болды.

Қоғамдық қызметте Мұрат Бөкенбайұлы бірнеше жыл басқарушы лауазымдарды атқарып келеді. Ол кафедраның меңгерушісі болды, оқу жұмысы проректоры, ғылыми және халықаралық жөніндегі проректоры қызметін атқарды. Бүгінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Түркітану және Алтайтану орталығының жетекшісі.

Ал отбасына келетін болсақ, Мұрат Бөкенбайұлы бүгінде сүйікті ата, ал жары Ғалия – осы филология саласының маманы, ҚазҰУ түлегі, қаламыздағы қазақ тілі мен әдебиеті саласындағы озық педагог-ұстаздың бірі. Балалары да өз мақсатына жеткен, әкесі сияқты өзі сүйген мамандықта қызметте. Тұңғышы Арайлым – стандарттау маманы, ал Ерасыл филология саласында, Нұрасыл спорт саласында еңбек етуде.

Мұрат Бөкенбайұлы – білгір маман, талғампаз, сөзге шешен, сөйлесе тілінен май таматын тағылымы мол жан. Бүгінде алпыстың асқарына Мұрат Бөкенбайұлы абыройлы еңбегімен, атқарған қыруар ісімен жетіп отыр. Мол нәтиже төккен тер мен адал еңбектің көрінісі екені сөзсіз. Дегенмен еліміздің түркітану мен тіл тарихы саласында зерттелмей жатқан мәселелер жеткілікті. Әсіресе, тәуелсіз еліміздің  тарихын түгендейтін тұстар, деректер, шын ғалымға қуаныш әкелер ашылмаған жайттар, зерттелмеген еңбектер Мұрат Бөкенбайұлына жаңа ғылыми ізденістер жүктейді. Осы бір қиын да абыройлы істе Мұрат Бөкенбайұлы өзінің көздеген межесінен шығатынына біз кәміл сенеміз.

Ғабит Хасанов

Филология ғылымдарының докторы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале