27.09.2024, 11:45
Оқылды: 195

Теректіде референдумға дайындық қалай жүріп жатыр?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін де әбден талқыланып, екіұшты пікір тудырған атом электр станциясын салуға келгенде, қарапайым сіз бен біздің ойымызды сұрап отыр. Бұл – естуші Үкіметтің елге бұрылғанының һәм Жаңа Қазақстанның алға жылжуының көрінісі. Осы тақырыпта, яғни тұрғындар дауысы алға озатын референдумның маңыздылығы жөнінде Теректі ауданының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Арсен Бисенғалиевпен аз-кем әңгімелестік.

DE7C6FDD-9B5F-4728-9123-9ED379E70312

– Арсен Бақытжанұлы, мойындауымыз керек оқырмандардың көбі референдум ұғымын түсіне бермейді. Сөзіңіздің кіріспесін осыдан бастасаңыз жөн болар еді.

– Референдум – маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Ол республиканың бүкіл аумағында өткізіледі. Референдумда Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарды қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу, Республиканың мемлекеттік өмірінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелерін шешу қойылуы мүмкін. Әдетте референдумда дауыс берушілерге сұрақ беріледі, оған «иә», «жоқ», «келісемін», «келіспеймін» немесе «қолдаймын», «қолдамаймын» деп жауап беруге болады. Референдум өткізу кезінде азаматтар өз қалауы бойынша қатысып, дауыс беруге құқылы. Сондай-ақ азаматтардың дауыс беруі жасырын түрде өтеді.

– Комиссия төрағасы ретінде референдумның өту барысын түсіндіріп, ондағы ел ескеруге тиіс ережелерге тоқталсаңыз.

– Аудан бойынша 7 комиссия мүшесі бар 1 аудандық аумақтық және 224 комиссия мүшесі бар 40 учаскелік референдум комиссиялары жұмыс жасайтын болады. Референдумда 18 жастан асқан азаматтар дауыс бере алады. Референдум барысында дауыс берушілерге дауыс беру уақыты мен орны туралы учаскелiк референдум комиссиясы дауыс беретiн күннен кемiнде он күн бұрын хабарлайды. Сондай-ақ дауыс беретiн нысанда көрнектi жерде референдумға қойылған мәселенiң мәтiнi iлiнуі қажет. 

– Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу кезiндегi жариялылықты айтпай өтуге болмас...

– Референдумды ұйымдастыру мен өткiзу ашық әрi жариялы жүзеге асырылады. Референдумды өткiзу туралы шешiм мен оған қойылатын мәселе (мәселелер) азаматтардың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткiзiледi. Референдум комиссиялары референдум өткiзудi ұйымдастыру жөнiндегi өзiнiң жұмысы туралы, дауыс беретiн учаскелер құру, комиссиялардың құрамы, орналасқан жерi және жұмыс уақыты туралы, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi туралы азаматтарды хабарландырады. Аудан тұрғындары өздерінің азаматтар тізіміне енген-енбегенін және дауыс беретін участігін анықтау үшін аудан әкімдігінің call-орталық телефоны 8 (71132) 212 02 қоңырау соғып, референдумға дейін де тексеруге мүмкіндіктері бар. Осы жылдың 6 қазан дауыс беру күні азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін тексеру бойынша 8 онлайн-сервистері (Ақжайық, Жаңа Өмір, Подстепное және Теректі) референдум учаскелерінде жұмыс жасайтын болады. Референдум өткiзу кезiнде аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады. Референдум комиссияларының жұмысына араласуға жол берілмейді.

– Қорытынды кезеңде нені ескеру қажет?

– Біріншіден, белгiленбеген үлгiдегi, екіншіден, учаскелiк референдум комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған, үшіншіден, референдумға қойылған мәселеге қайтарылған жауаптар нұсқаларының бiрде-бiреуi белгіленбеген, төртіншіден, белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, оларда сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн болмаған бюллетеньдер жарамсыз бюллетеньдер деп танылады. Референдумға қойылған мәселеге жауаптардың барлық нұсқалары белгіленген бюллетеньдер жарамды деп танылады, бiрақ дауысты санау кезiнде есепке алынбайды.

– Халық дауысы айқындалар учаскелердің сапасы қалай? Тұрғындарға ыңғайлы ма?

– Референдум учаскелері орналасқан жерлері бойынша мектептерде орналасқан 21 учаске, денсаулық сақтау саласындағы нысандарында 3 учаске, мәдениет және спорт нысандарында 16 учаске орналасқан. Жылыту жүйесі бойынша 40 учаске автономдық жүйесіне қосылған. Барлық учаске аумағында автотұрақ бар, барлығы коммуникациялық желілерге қосылып, жабдықтармен қамтамасыз етілді.

– Ал енді он екі мүшесі сау жандар референдумға алып-ұшып жетер. Дегенмен мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдай жасалынған?

– Мәлімет үшін айта кетейін, ауданда жалпы мүмкіндігі шектеулі 1 029 адам бар. Оның ішінде көзі нашар көретін 1,2,3 топ мүгедек саны 107 болса, арбамен қозғалатыны – 30, есту қабілеті бойынша – 18. Оларға барлық жағдай жасалынған. Бүгінгі күнге 40 референдум учаскенің барлығында бейімдеу жұмыстары толықтай жүргізілді. 40 учаске 1 қабатта орналасқан. Барлық учаске қолжетімдік картасына енгізілді.

– Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін өзіңіз қойсаңыз.

– Бұл тұтас ел болып шешімін табатын дүние. Дауыс беруде ешкім аянып қалмаса деймін. Сол үшін 6 қазанда өтетін республикалық референдумға еніп отырған сауал салғырт қарауды көтермейді. Стратегиялық шешімдер қабылдау – халықтың пікірін ескеру. Осы орайда дауыс беруге құқығы бар азаматтарды 6 қазан күні референдум учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауға шақырамын. Мұны Отан алдындағы азаматтық борыш деп қабылдап, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара ұйымшылдықпен атқару керекпіз. Әр адамның дауысы – өте маңызды. 

– Қызу жұмыс кезінде уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіремін.

Сұхбаттасқан Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале