Қыркүйектің үшінші жексенбісі Еңбек күні аталып өтіледі. Соған байланысты Мереке ауылдық округі аппаратының мәжіліс залында керемет шараның куәсі болдық. Аталмыш шараға Мереке ауылының дамуына зор үлесін қосқан еңбек ардагерлерін жинапты. Емін-еркін өткізілген шараны ауылдық округ аппарат өкілдері, ауылдық мәдениет үйі қызметкерлері және «АMANAT» бастауыш партия ұйымының өкілдері бірлесіп ұйымдастырған.
Игі шарада ардагерлер мен биыл зейнеткерлікке шыққан еңбек адамдары бас қосып әңгіме дүкен құрды. Санамызға түйіп алатындай естеліктер айтылып, шара барысында әндер шырқалды. Сонымен қатар биыл мерейтойын атап өткен бірқатар еңбек ардагерлерін ауылдық округ әкімі Мэлс Жасанғалиұлы марапаттап, сый-сияпат көрсетті.
«Бұл – менің кіндік қаным тамған жер. Әкем мен анамның мәңгілік мекен тауып жатқан жері. Мен енді ешқайда кетпеймін деп сонау қиын қыстау заманда да кесіп айтқанмын. Қазіргі таңда шүкіршілік. Бәрі бар. Тек тынбай еңбектену керек. Ауызбіршілік пен бірліктеріңізді көргім келеді. Жастық шағымда Ауғанстанда әскери борышымды өтедім. Сол кезден бастап спортты жаныма жақын тартып келемін. Әлі күнге қойды жаяу бағамын. Бұл адам денсаулығына өте пайдалы. Әсіресе зейнет жасындағы адамдарға тиімді. Газет оқып, теледидардағы жаңалықтарды жібермей қараймын. Елде не болып жатқанын біліп отыруымыз керек. Елдің болашағы жастарда дейміз. Сол жастарымыз аянбай еңбек етіп, ауылдың дамуына үлесін қоссын» - дейді Мереке ауылының тұрғыны Жігер Өтешқалиев.
«Жас кезімізде совхоздың барлық жұмысына атсалыстық. Жұмыстың қай түрін болсада таңдамадық. Барлығына жәрдемдесіп, ауылымыздың дамуына үлесімізді қостық. Қой қырқу, қора майлау секілді жұмыстарды атқардық. Соның арқасында шетелдерде болып, демалып қайтқан кездерімізде болды. Жолдасым Қалиолла Қатбаев күнінде атақты механизатор қызметін атқарды. Отағасы осыдан 15 жыл бұрын дүние салған еді. Артындаа қалған ұрпақтары дін аман. Солардың ортасында ақылым мен көрген-білгенімді айтып отырамын. Қазіргі таңда үш ұлымыз бар. Шөбере көріп отырған бақытты әжемін. Осы күніме шүкіршілік етемін», - дейді еңбек ардагері Күлаш Кереева.
Әңгіме барысында Күлаш Жексенқызы әлі күнге сиыр сауып, қаймақ-майды қалада тұрып жатқан немерелеріне жіберетіндігін айтты. Бұл – қартайған адамға қимыл қозғалыстың әбден қажет ететіндігінің дәлелі. Бізде жетпістің бесеуіне келген қарт анаға денсаулық тіледік. Аталған игі шарада тұла бойы естелікке толы ардагерлердің айтары көп. Өткен шаққа саяхат жасап, қарияларымыз Кеңес үкіметі кезіндегі совхоздың тірлігін шарлап қайтты. Дөңгелек үстел басындағы жылы жүздесуден еңбек адамдары қимастықпен тарқасты.
Темірболат Әнуарұлы
Тасқала ауданы