27.09.2024, 16:00
Оқылды: 32

Шыңғырлауда ғасыр жасаған ана тұрады

Еліміздің басына төнген қиын-қыстау кезеңді ұмытуға болмас. Ұлы Отан соғысы жылдары аталарымыз қан майданда қасық қандары қалғанша жаумен шайқасса, ауыл әйелдері бүгінгі ақсақал жастағы қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз сол кезде ойын балалары болса да, үлкен азаматтардай елдегі ашаршылық, қуғын-сүргін, сұрапыл соғыстың жеңісін жақындату үшін, тылдағы ауылда азапқа толы тірлігін жасады.

3C53567A-A2E8-4C62-A338-20B1C8CEC93F

Бүгінде тамырын тереңге жіберген бәйтеректеріміз, ақылшы ақ әжелеріміз ауыздарында баталары бар дуалыларымыз көп әулеттің төрін жарастырып, шаңырақтарына береке мен бірлік орнатып отыр. Әлімсақтан қанға сінген қасиеттің бірі – қарттарды құрметтеу.

1 қазан Халықаралық қарттар күні қарсаңында ғасыр жасаған қазына – кейуаналарымыз туралы жазуды жөн көрдім. Расында да, құрыштан құйған құдіреттей болып төрде дария көңіл қарт адам отырса, бақ пен берекенің бастауы емес пе?

Шыңғырлау ауданында ғасыр жасаған Қалима Жұмабаева атты әже тұрады. Ақыл-ойы бұрынғыдай, бәрі есінде. Ұлы Отан соғысы басталып, ауыл азаматтары бірінен соң бірі майданға аттанды. Бар ауыртпалық ауылдағы қалған қыз-келіншектерге, жасы келген қарттардың иығына түсті.

«Ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты да бастан өткіздік. Ол кездегі көрген қиындықтарды бүгінгі жастардың басына бермесін. Колхоздың мал басын көбейтуге күш салдық. Бір жылдары егіс жақсы болса, кейбір жылдары шықпай қалған уақыттары болды, масақ тердік. Тамақ тапшы болды. 7-ші сыныпты бітірген соң еңбекке араласуға тура келді», - дейді ол. 

Қалима Есенаманқызы алты өгізбен сабан айдап, жер жыртқан. Еңбегі бағаланып, 1943 жылы «Еңбек ері» медалін алған. 1948 жылы майдангер азамат Жұмабаев Жандаулетпен бас қосып, отау тігеді. Жұбайы екеуі бес бала тәрбилеп, қатарға қосты. Балаларының бәрі – жоғарғы білімді, үйлі-баранды. Үлкен ұлы Иса Орал қаласында тұрады. Қалған үш ұл, бір қызы осында тұрады. Қазыналы қария Мәлік атты баласымен, Мақпал атты келінінің қолында, немере-шөберелерімен бірге тұрып жатыр.

Қалима апай деп отырғаным рулас апамыз. Әкемізді, аға-жеңгемізді көзі көрген. Бүгінгі күні ұрпағының ұзын саны 60-тан асқан ана қандай құрметке де лайықты.

«Талай қиын кезеңдерді өткіздік қой. Балаларым, немере-шөберелерім қасымда. Біз мұндай заманды көреміз деп ойлағанда жоқпыз», - деді 100 жастағы әжеміз ағынан жарылып, риясыз көңілмен.

Көзі ашық, көкірегі ояу, елдегі жаңалықтарға елең етіп, жақын-туыстарын түгендеп отыратын Қалима әже немере-шөберелеріне әңгімесін айтады, көңілі де сергек. Жақында Жұмабаевтар әулеті жиналып әкелері Жандаулет ағайды еске алу мақсатында ас берді. Қазақ айтады ғой «Өлі жібімей, тірі байымайды» деп, бұл да әкеге деген құрмет. Бір ғасыр кешкен ардақты әже сол бір замандағы қиын қыстау кезеңде ел үшін жасаған ерен еңбектерін есіне түсіріп, игі істерге, игі ниетін жеткізіп, «сендер де 100 жасаңдар» деген ақ батасын берді. Жүзі мейірімді келген әжеміздің бетіндегі әжім сызықтарынан өмірдің талай ащы да тұщы белестерінің көрінісі байқалады.

Бұл сызықтар – ғасыр сызығы, толымды тағдыр сызығы. Айналасына шуағын түсіріп, шұғыласын шашып отырған әжемізге біз де мықты денсаулық, немере, шөбере-неменелерінің қызығын көре беруді тілейміз. 

Сабыр Сәмиұлы

Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале