29.09.2024, 14:30
Оқылды: 145

Бәйтерек ауданының 85 жылдығы аталып өтті

Бәйтерек ауданының 85 жылдығы Переметный ауылында кең көлемде тойланды. «Берекең арта берсін Бәйтерегім!» деген атаумен мерекелік концерт өтті.

IMG-20240929-WA0006

Құт қонған алтын дәнді өлкедегі мерейтойлық мереке аудан әкімдігінде сыйлы меймандарды қабылдаумен басталды.

IMG-20240929-WA0002

Жиында кезінде ауданымызды басқарған Табылғали Сапаров, Ғайса Қапақов, Вера Шохина, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин сынды мәртебелі меймандар сөз алып, Бәйтеректің әлеуметтік-экономикалық даму жолында өлшеусіз еңбек еткен тұлғалар, оның ішінде белсенді нәзік жандылардың да рөліне тоқталып, құтты өлкеге жаңа жетістіктер тіледі.

IMG-20240929-WA0003

Сонымен бірге танымал жерлесіміз, «ҚазИИТУ» кешенінің құрылтайшысы, академик Ақсерік Әйтімовтің құттықтау хаты оқылып, естелік сыйлығы табысталды.

Содан соң көпшілік аудан орталығы маңындағы атшабарға жиналып, мәдени-спорттық іс-шараларды тамашалады. Мерекелік концерт театрландырылған көрініспен басталды.

Сахна төріне шыққан облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев облыс әкімі жұмыс сапарымен елордаға кетуіне байланысты осында келе алмағанын айтып, бәйтеректіктерді Нариман Төреғалиұлының атынан құттықтады.

- Бәйтерек ауданы еңбекқор, достық құшағы кең тұрғындарымен ерекшеленеді. Соның және ауданның бұрынғы, қазіргі басшылығының іскерлігінің арқасында 2022 жылдан бастап Бәйтерек облыстық бюджеттің доноры, яғни өңір экономикасының драйвері болып танылды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылды Еңбек адамы жылы деп жариялағаны белгілі. Мұндай мәртебеге лайық жандар ауданда аз емес,-деген Қайыржан Ермекұлы Бәйтеректің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұрғындарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

IMG-20240929-WA0000

 Облыстық бюджеттен 2023-2024 жылдары санитарлық автокөлік сатып алуға 150 млн теңге бөлінген болатын. Сол қаржыландыру есебінен ауданымызға былтыр 4 «Соболь» автокөлігі алынса, биыл да дәл осы шамада, осындай маркілі техникалар қаралған. Облыс әкімінің орынбасары сол төрт көлікті де тарту етті. Су жаңа жедел жәрдем көліктері Махамбет, Маркаров, Январцев, Сұлукөл ауылдық округтарына берілді.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов Бәйтеректің бүгінгі жетістігі кеше осы жерде еңбек еткен аға буын өкілдерінің маңдай терімен келгенін айтты. «Бәйтерек - әлеуеті зор аудан екенінің бір көрсеткіші сол, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жақсы көрсеткішке қолжеткізген респблика бойынша алдыңғы қатарлы аудандардың бірі,-деді Марат Лұқпанұлы.- Сол себепті еңбектің қадірін түсінген, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып, жақсы нәтижеге жетіп отырған ауылдағы ағайынға алғысымды білдіремін».

IMG-20240929-WA0001

Мерейтойға орай ұйымдастырылған қазақ күресі, көкпар, арқан тартыс, асық және садақ ату секілді ұлттық спорттық ойындары да тартысты өтті.

IMG-20240929-WA0005

Іс-шара аясында болған ауыл шаруашылығы техникалары мен малдардың, қолөнершеберлерінің көрмесі мен гүлдер фестивалі, агроөнімдерінің жәрменкесі де көптің көңілінен шықты.

IMG-20240929-WA0004

Кеште аудан орталығындағы «Олимп» стадионында танымал өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт және мерекелік отшашу болды.

Серік Маратұлы, 

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале