Төрт түлікті айтпағанда, қаз бағып қарекет жасауға болады. Көгеріс ауылындағы «Меңжан Агро» ауылшаруашылық кооперативінің жетекшісі Мереке Меңжанов «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 13 млн теңге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды.
Бүгінде тауықтың ломан браун түрінен – 200, қаздың италияндық линда деген тұқымынан – 5 000 қаз бағып отыр. 4-5 айлық балапан тауықтары жұмыртқа беріп жатыр. Бұйырса, жұмыртқаларды «Өркен» супермаркетіне 50 теңгеден ұсынбақшы.
Құсшы тауықтардың денсаулығы мен жағдайына қарай тиісті кальций, балық ұнын, сүйек ұнын, дәрумендерін беріп отырады. Тауықтары бір күнде 10 кг жем жейді. Тауық қораға жағымсыз иісті кетіріп, ауасын тазалап отыратын арнайы бактерия алып, тауықтың астына төселген ағаш үгіндісіне араластырыпты. Әрі ағаш үгіндісін қыста 35 градус температурада ұстап тұрады екен. Бұл әдісті Израильдің ғалымдары ойлап тауыпты.
Мереке Орынтайұлы алғашқыда бес қаздың балапанын алып бақты. Одан кейін келесі жылы беске бір нөл қосып, 50 қаз бағып көрді. Қаздың пайдасы шаш етектен екенін байқаған Мереке келесі жылы 500 қаз бағуды қолға алды. Арнайы қаптап, сауда орталықтарына, дүкендерге сатуға шығарды. Өтімі жақсы болды. Биыл 5 000 қаз бағып отыр.
Тауықтардың жағдайын көріп болған соң, қаз қораға бет алдық. Ауылдың шетінде орналасқан екен. Аппақ қаздарды көргенде, бейне ақ теңізді көргендей боласың екен. Қаздар белгілі күн тәртібіне машықтанған. Алдымен ертемен су ішеді. Одан кейін далада шөпке жайылып, түсте көлге шомылады. Түстен кейін жем беретін уақытта өздері тізіліп, кері қайтады.
Үйдің артқы жағындағы көлге биыл су келді. Қаздарға шомылуға жақсы болды.
Бір қаз күніне 200 гр жемді қорек етеді. Олардың шөпке жайылғаны дәнді дақылға біршама үнем болады. Жемді арнайы қораның ішіне кіргізіп береді екен. 5 000 құсты суару оңай деп кім айтты, суару жүйесі де ойластырылған. Жіберілген су арнайы астауды айналып, жолын табады. Қазды қарсақтан қорғамаса, болмайды. Мереке қаз қораға құстарына күзетші етіп, ит асырап жатыр.
Мереке Меңжанов Орал қаласындағы «Дина» супермаркетімен келісімшартқа отырып, саттыққа шығаруды жоспарлап отыр. Бір қаз төрт келі салмақты құраса, келісі 3 500 теңгеден сатылады. Әсіресе, жаңа жылдық дастарханның сәнін келтіру үшін халық қаздың етін жарыса алады екен. Қаладағы мейрамханалардан да корпоратив, банкеттерге қаздың етіне сұраныс жиі түседі. Экологиялық таза, табиғи өнім. Қаз еті – таңсық тағам, жеңсік ас санатында. Еті, жұмыртқасы, мамығы – сұраныста. Кәсіпкер мамықты да кәдеге жаратпақшы. Орал қаласындағы тігін цехымен бірлесіп, киімнің ішіне мамық салып, шығаруды көздеп отыр. Алғашқы киімдер «Қарашығанақ б.п.в оперейтинг» компаниясының жұмысшыларына арналады.
– Болашақта «Меңжан Агро» ауылшаруашылық кооперативін дамытып, жұмысын ілгерілетсем деймін. Қаз малға қарағанда, тез өсіп, кеткен шығынды үстемелеп тез қайтарады. Келесі жылы 50 мың қаз бағу жоспарымда бар. Оны жалғыз бағу қиын болғандықтан, кооперативтегі қожалықтармен бірлесіп бағатын боламыз. «Меңжан Агро» ауылшаруашылық кооперативі ғылыми жобаларға қатысып жатыр. Жәңгірхан атындағы аграрлық университетпен құстарды зерттеуге келісімшартқа отырдық. Балапандар ауырса, белгісіз өлім-жітімге ұшыраса, университет зертханасына апарып, ондағы ғалымдармен бірге жұмыстанып, аурудың қандай түрі екенін, қайдан шыққанын анықтаймыз. Қандай дәрі-дәрмекпен емдеу керектігін ғалымдар айтады, сонымен құстарымды емдеймін. Осы әдіспен біраз індеттің алдын алдық. Бұл жоба маған да, университетке де өте тиімді болып отыр, - дейді Мереке Орынтайұлы.
Мерекенің қаздары тек ет бермейді, шоу да жасай біледі. Кісінің есімін жеммен жазып, оған аппақ қаздарды жайып, үстінен дронмен түсіргенде, мықты көрініс шығады екен. Мереке Орынтайұлы бұл кәсіппен қаздары жемінің ақшасын қайтаратынын айтады.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы