1.10.2024, 16:00
Оқылды: 93

«АЭС салу – уақыт талабы»

Қат-қабат өмір елдің ертеңі үшін ерек мәселесін тосатыны – заңдылық. «Қазақстанда атом электр стансасын салу керек пе, жоқ па?» деген сұрақ, міне, алдымызға көлденең тартылып тұр. Халықтан бірдеңені бүгіп, тасалап ұстайтын заман емес, сондықтан атом энергетикасын дамытуға қатысты жоспарларды жария талқылау жер-жерде өткізілді. Түпкі шешімді 6 қазанда референдум анықтап береді.

9E88350B-DD0B-4B39-AA60-6B834BC2F7F4

Сурет: freepik.com

Адамзат келешегі атом энергетикасына тікелей байланысты екені көптен бері айтылып келеді. Бізде де бұл жайттың қозғала бастағаны тек бүгін емес. Әлемдік тұтас қауымдастықтың құрамдас бөлігі ретінде томаға-тұйық оқшаулануды мына дәуір көтермейтіні де мәлім. Өркениет деңгейінде ашықтық, икемділік танытуды уақыт мықтап талап етуде. Кеңес Одағы кезеңінде салынған электр жүйеміздің, сан тарап желілердің «жүруінен тұруы көп» күйге жеткені өз алдына.

Жұртымыздың тарапынан АЭС-тің қауіпсіз-дігіне байланысты алаңдаушылық естіліп жүргені де белгілі. Өйткені жер жүзі Жапониядағы немесе КСРО кезінде Украинаның Чернобыліндегі сондай стансадағы апаттардың зардабын, үрейін тіпті қаншама жыл өтсе де ұмытпайды, әрине. Ал уақыт алға жылжыған сайын ғылымның өркендеуі, технологияның жетістіктері бейбіт атомның қауіпсіздігіне кепілдік қалауда. Бұқаралық ақпарат құралдарында мұны ұғындырудың, сонымен қатар жария талқылаулардың арқасын-
да күдіктері сейіліп, атомның мүмкіндігін пайдалануды жақтағандар көбейе бастағаны сөзсіз байқалады.

3 немесе 3+ буын реакторларының экономикалық көрсеткіштері жағынан жетіл-діріліп, қауіпсіздіктің бүкіл деңгейіне жауап беретінін, жылу электр стансаларымен салыстырғанда атмосфераға зиянды шығарындыларды аз бөлетінін білетін қатардағы тұрғындар атомға оң көзқарастарын БАҚ-та ортаға салып та жүр. Иә, сайып келгенде, бұл энергия көзінің экономикалық тиімділігіне, экологиялық тұрғыдан да ұтымдылығына, сондай-ақ әлдебір геосаяси мүддеден немесе бәсекелестіктен емес, нақты қажеттіліктен жоспарланып отырғанына көзіміз жете түсуде.

Жария талқылауларға құлақ салсақ, референдумда халқымыз қолдаса, салынатын станса екі реакторлы, қуаттылығы 2200 МВт-ға дейін жетеді. Қазір әлем елдерінде жалпы белгіленген қуаты 374641 МВ-т 416 реактор жұмыс істейді екен. Бірнеше елде 61637 МВт қуатты құрайтын 59 реактор салынуда.

АЭС-ке ең қажетті уран отыны өзімізде бары мәлім, өте сапалылығы сенімді энергияның зор кепілі екені анық. Әрине, ірі құрылыс санаулы жылда-ақ бой көтере қалмайды. Сондықтан Үкіметіміз 2035 жылға қарай 26,5 ГВт-дан астам жаңа генерация енгізуді көздеді. Қолданыстағы стансаларды жаңарту да қарастырылып, жүзеге асырылуда. Мысалы, Жаңаөзенде гибридті электр стансасы, Жамбыл облысында  электр стансасы бой көтермек. Алдағы кезеңдерде осы бағыттағы талай жаңалыққа қанығарымыз шүбәсіз.

Дегенмен, электр қуатына сұраныс та, тұтыну да жыл өткен сайын өсе түсуіне байланысты ертең АЭС-тен басқа балама болмайтыны айқын көрініп тұр. Сенімді, таза атом энергиясының алып байтағымызға берері шексіз. Жоғарыда айтылғандай, бізде  бұл мәселе тек бүгін қозғалған жоқ. Ұлттық ядролық орталық, ядролық физика институты бар елміз, АЭС-терге отын даярлау тәжірибесі жағынан да ешкімнен кем емес екенбіз. Жалпыхалықтық дауыс беру ауқымды жобаны жақтаса, құрылысты жүргізетін компанияны таңдау, басқа да әлеуметтік-экономикалық қыр-сырларының ашықтығы болары да кәміл. Тарихи шешім қабылдайтын кезеңде тұрмыз. Бұл – баршамыздың, ұрпағымыздың тағдыры үшін жауапкершілікпен қарайтын мәселе.

Болат Есқалиев,
ардагер журналист
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале