3.10.2024, 14:30
Оқылды: 28

Бөкей ордасында еңбекпен қамтылғандар еселеніп жатыр

Мансап орталығының діттеген мақсаты – жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде еңбек ресурстарының қажеттілігін қамтамасыз ету. Яғни облыс деңгейінде әзірленген жұмыспен қамту карталарының жергілікті жерлерде іске асырылуы, жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалары мен жеке бастамалары шеңберінде ашылған жұмыс орындарына жұмыссыз азаматтардың орналасуына мониторинг жасау, жұмыс іздеуші ретінде жүгінген жұмыссыз адамдарды тіркеу, жұмыспен қамту саясатын жүйелі дамыту болып саналады. Жұмыссыздықты азайту мақсатында Бөкей ордасы ауданында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда.

EBB1ADDC-7DA7-4D65-B6DA-460856EB6B21

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында биыл жоспарға сай ауданда 95 маман жұмыспен қамтылуы керек болса, қазіргі уақытқа оның орындалуы 44%-ды құрап отыр. Бұл бағдарлама медицина, педагогикалық, әлеуметтік, мәдени салаларда жақсы жүзеге асуда. «Жастар тәжірибесі» бойынша жоғарғы оқу орындары мен колледж түлектеріне 3 мәрте кездесу өткізіліп, түсінік жұмыстары жүргізілді.

Ауданда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында аспаз, сатушы және тракторшы мамандықтары бойынша 14 маманды жұмыспен қамту жоспарланған. «Күміс жас» жобасы бойынша 16 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар «Әлеуметтік жұмыс орындарына» биыл 34 адамды орналастыру жоспарланған.

Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға өтеусіз және қайтарымсыз гранттар беріледі. Мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті құрайтын гранттарды халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін жандарға алуға болады.

Оларға атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар жатады. Қайтарымсыз гранттарды алуға жоспарланған 21 адамның 18-і грант иегері атанды. Былтырғы жылы мемлекеттік қолдауға 18 адам қол жеткізді. Оның ішінде екі отбасы атаулы әлеуметтік көмек алушы болып саналды. Грант иегерлерінің көбі ауыл шаруашылығын дамытып, халыққа өз өнімдерін ұсынуда.

Қорыта айтқанда, тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытындағы мемлекет тарапынан қолға алынған кешенді шаралар жалғасын таба бермек.

Исатай Оз

Бөкей ордасы аудандық Мансап орталығының директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале