3.10.2024, 17:30
Оқылды: 515

Жәнібек – шаруасы ширақ аудан

Жақында өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов осы ауданда атқарылып жатқан бірқатар жұмыс жөнінде баяндап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне тоқталды.

0507E0C2-A12C-451E-B9DF-036072873769

Жәнібек ауданының аумағы — 8,2 мың шаршы шақырым. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша халық саны 14 216 адамды құрайды. Ауданда 9 ауылдық округ, 18 елді мекен бар. Оның 5-еуі – стратегиялық, 4-еуі – тірек, 3-еуі – спутниктік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деген болатын. Аудан басшысының сөзінше, Жолдаудан туындайтын маңызды мәселелерді шешу мақсатында бүгінде кешенді іс-шаралар жасақталған.

– Агроөнеркәсіптік кешеннің аудан экономикасы үшін маңызы зор. Аграрлық сектор халықтың жартысынан астамының негізгі табыс көзі. Бүгінде ауданда 418 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 5 569,3 млн теңге. Ауданда мал басының өсу тенденциясы сақталып, биыл ірі қара – 77 057, қой мен ешкі – 76 705, жылқы – 21 306, түйе – 109 басты құрады. Бұған қоса Жәнібек ауданы бойынша 11 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркеліп, жұмыс істеуде. Соның біреуі сервистік қызмет көрсетумен, енді біреуі өсімдік шаруашылығымен, тоғызы ірі малдарды тұқымдық түрлендірумен айналысады. Жәнібекте асыл тұқымды мал басы артуда. Мәселен, өткен жылы ауданда асыл тұқымды ірі қара мал өсіретін 35 шаруашылық болса, бүгінде олардың саны 38-ге жетіп отыр. Жыл басынан бері 225 шаруа қожалығы 421 бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, тұқымдық түрлендіру жұмыстарына қатысуда. Биылғы ауа райының қуаңшылығына байланысты және киіктердің шектен тыс көбеюі салдарынан қажетті малазықтық қор қалыптастыруда, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұрғындарды жеткілікті мөлшерде мал азығымен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады. 2024-2025  жылғы мал қыстағына 78 мың шартты бас кіреді деп жоспарлануда. Аталған мал басына 153,6 мың тонна табиғи шөп қажет етіледі. Бүгінгі таңға 434,2 мың га жер шабылып, 93,2 мың тонна мал азығы дайындалды. Яғни жоспардың 61 пайызы орындалды. Сонымен қатар жыл басынан аудан шаруа қожалықтары 29 жаңа трактор және 26 қосалқы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алғанын айта кеткен жөн, – деді Тимур Серікұлы.

Жәнібек ауданында 1044 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бүгінде оның 984-і жұмыс істеп, 1402 адамды жұмыспен қамтып отыр. Биыл ауданда 893 млн теңгеге 14 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жыл басынан бері 68,5 млн теңгеге 4 жоба жүзеге асып, 4 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 825 млн теңгеге тағы 10 жоба жүзеге аспақ. Биылғы қаңтар-тамыз айларында негізгі капиталға 5,4 млрд теңге инвестиция тартылған.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 9 ауылдық округтен 70 тұрғын жобаға қатысуға ниет білдірген. Қазір 21 жобаны комиссия  мақұлдаса, 4 жоба қаржыландырылған.

– Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл соңына дейін ауылдық елді мекендерде 28 тұрғын үй салу жоспарланды. Ауданда жеке тұрғын үй құрылысы да жақсы дамып келеді. Қазіргі уақытта жеке сектордан жалпы 21 тұрғын үй салынуда. Аудан халқын сапалы ауыз сумен қамту – басты мақсаттарымыздың бірі. Аймақтағы 18 елді мекеннің 16-сы ауыз сумен қамтылды. Осы жылы Тау, Борсы, Жасқайрат ауылдарындағы ауыз су құбыры жаңғыртылуда. Ал келер жылы Жақсыбай, Ақоба ауылдарындағы ауыз су құбырларын жаңғырту жоспарланды.

Ауыз су қорын үнемдеу, жеке тұрғынжайларда бау-бақша кәсібін дамыту мақсатында Жасқайрат ауылында техникалық су құбырының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы шықты. Көпшілікке мәлім, Талов, Борсы, Қамысты ауылдары Ресей Федерациясы аумағынан табиғи газ алып отыр. Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аталған үш ауылды Қазақстан Республикасының газ құбырын дамытудың басты сызбасына енгізу көзделген.

Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықты. Жоба құны – 1 524,466 млн теңге. Бүгінгі таңда жоба қолдау тауып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізуге ашық конкурс жарияланды. Аудандағы күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің бірі – электр желілерінің тозуы. Электр желісінің 87%-ы тозығы жеткен, биыл 76  авариялық айырылу жағдайы тіркелген. Осыған орай биыл 70 электр бағанасы ауыстырылып, жалпы 16 трансформатор жөнделді. Жәнібек ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан, тұрғындардың тұрмыс деңгейіне, өмір сапасының артуына жол құрылысы тікелей әсер етеді. Аудан аумағынан 95,8 шақырым республикалық жол өтсе, аудандық маңызы бар аатомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 260 шақырым.

Осы жылдың тамыз айында республикалық маңызы бар Казталов – Жәнібек аутомобиль жолы күрделі жөнделіп, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда республикалық маңыздағы Казталов – Жәнібек – РФ бағытындағы 7 шақырым жол жөнделуде. Аудандық  маңыздағы жолдар да жөнделуде. Осыған дейін 65 шақырым жолға тасжол төселсе, биыл тағы 30 шақырым асфальт салынды. Борсы ауылына кірмежол мен Борсы мен Талов арасындағы аутомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жәнібек ауылында жалпы ұзындығы 9637 метр болатын 6 көшенің жолы жөнделді және Наурыз, Оразбаева көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Биылғы қыркүйек-қазан айында Жақсыбай, Жасқайрат ауылдарындағы ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер анықталса, 2024-2025 жылдары аталған жоба бойынша жұмыстар жүргізіледі, – деді спикер.

Аудан әкімі аудандағы мәдениет, спорт, білім беру және денсаулық салаларына да тоқталды. Оның сөзінше, ауданда орталық бір аурухана, бір дәрігерлік амбулатория, жеті фельдшерлік-акушерлік пункт және алты медициналық пункт жұмыс істейді. Барлығы 22 дәрігер, 130 орта буынды медициналық қызметкер тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Бұған қоса биыл ауданға 8 дәрігер келген.

Бүгінде Жәнібек аудандық ауруханасы, Ұзынкөл фельдшерлік-акушерлік пункті, Еңбекші және Жұмаев медициналық пункттерінің ғимараттарының тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет етуде. Ал Борсы ауылында жаңа медициналық пункттің құрылысы жүргізілуде.

Облыс басшылығының қолдауымен өткен жылы төрт ауылға, биыл қалған бес ауылға жаңа «Жедел жәрдем» көлігі берілген. Білім беру саласына келер болсақ, ауданда 14 жалпы білім беретін мектеп, 9 бөбекжай-балабақша, 3 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді. Онда жалпы 713 педагог қызмет етеді. Мектептерде 2537 оқушы білім алуда.

Барлық білім беру ұйымында оқушылар ыстық тамақпен қамтылған. 2024-2025 оқу жылына дайындық барысында жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен 177 оқушыға қаржылай көмек берілсе, «Мектепке жол» акциясы аясында 15 отбасындағы 25 балаға 387 000 теңгеге көмек көрсетілген.

Мәдениет және спорт саласы бойынша биыл Еңбекші елді мекенінің кітапханасы ағымдағы жөндеуден өтсе, Өнеге елді мекеніндегі бөлімше кітапханасына жаңа ғимарат сатып алу жоспарлануда. Ал Жұмаев бөлімше кітапханасына келер жылы жаңа ғимарат сатып алынбақ.

Ұзынкөл ауылдық орталық кітапханасы Қазақстан Республикасында кітапханаларды модернизациялау жобасына енгізіліп, жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарынан кейін қолданысқа берілді. Бұдан бөлек Жәнібек ауылында заманауи спорт нысаны – фитнес залын салу жоспарланған. Жалпы жобаның іске асуына жергілікті бюджеттен 175 млн теңге қарастырылған.

Сондай-ақ келер жылы Жақсыбай ауылдық округінде жаңадан бой көтеретін мәдени-спорттық кешеннің құрылысын бастау көзделген.

Аружан Болатбекқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале