Өлеңті ауылында 1 қазан — Халықаралық қариялар күніне орай еңбек ардагерлерінің құрмет тақтасы ашылды. Тақтаны 1962 жылғы ауыл азаматтары, Өлеңті мектебін 1979 жылы бітірген 45 жылдық түлектер орнатты. Тақтаға Өлеңті ауылының өркендеп-дамуына үлес қосып, саналы ғұмырын ауылға арнаған 215 еңбек ардагерінің есімі жазылған.
Тақтаның ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары, қариялары қатысып, Жымпиты ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайрат Абсатыров құттықтау сөз сөйледі.
Ауылдың жас өрендері өнер көрсетті. Альмира Әбдіманап Құрманғазының «Балбырауын», «Ер Тұрар» күйлерін ойнаса, Еркемарал Мейрамбекқызы «Ата-әже» әнін шырқады.
Тыл ардагері Жалмұхан Молдағалиев тақтаны ашты.
Еңбек ардагерлерінің құрмет тақтасын орнатушы 45 жылдық түлектер атынан Балтабек Кобдыков пен Алтын Жолсарина сөз алып, тақтаны қоюға үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
Одан кейін өлеңтілік қарияларға «Оңаша» мейрамханасында ас берілді.
Шынар Яудақызы
Сырым ауданы