8.10.2024, 17:00
Оқылды: 147

Жас ақын Меңдібек Лұқпанов: «Алматы десе, көз алдыма өлеңге айналған өмір келеді»

Таяуда Алматы қаласында ұйымдастырылған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы аясында біраз жас   ақын-жазушы бірнеше тағылымдық-танымдық дәріс тыңдап қайтты. Бұл жоба  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы (ҚЖО) арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүргізілді. ҚЖО-дағы дәрістерге Батыс Қазақстан облысынан ақын, облыстық, республикалық жыр-мүшәйралардың жүлдегері Меңдібек Лұқпанов қатысып қайтты.

456853522_3727895767484835_8902274630423513759_n

Меңдібек әріптесімізге хабарласып, Алатаудың баурайындағы он күннің қалай өткенін сұрап-білдік. Ол бұл бастаманың діттеген мақсат-міндетіне жеткенін айтты. Себебі  жоба ұйымдастырушылары жазуға құштар жастардың басын қосып, олардың шығармашылығын шыңдауды, ерекше әсер сыйлауды, бір-бірімен тәжірибе алмастыруды көздеген болатын.

– Бүгінгі таңда жас ақын-жазушыларды қолдау бағытында жоғарыда аталған министрлік пен одақ тарапынан көптеген жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі». Биыл тұңғыш рет қолға алынғанжобаға еліміздің әр өңірінен бір қаламгерден, жалпы саны 20 жас ақын-жазушы қатысты. Олардың арасында есімі әдеби ортаға таныс, бірнеше кітап шығарған Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері де болды. Он күн бойы үздіксіз ала таңнан қара кешке дейін еліміздегі және шетелдегі белгілі ұстаздар, қаламгерлер дәріс оқыды. Олардың кейбіреуімен күн сайын, кейбіреуімен күнара кездесіп, әңгімесін тыңдадық. Он күн ішінде 80 сағаттық дәріске қатысқан екенбіз. Өткен ғасырда Ғабит Мүсірепов, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков, Қабдеш Жұмаділов всынды қазақтың қабырғалы қаламгерлері көптеген көркем туынды жазған Жазушылар одағының шығармашылық үйіне орналасып, алаңсыз дәріс тыңдадық. Алаңсыз білім алдық. Алатауға көз қадап, көңіліміз нұрланып, одақ ғимаратында емін-еркін жүрдік. Жалпы бұл жобаның пайдасы көп болды, – деді Нұрболаттың Меңдібегі.

456771717_3728703427404069_1267273243858015958_n

Меңдібектен дәрістерде қандай тақырыптардың қозғалғанын сұрадым. Алыс-жақын шетелден келген қаламгерлер мен профессорлардың, еліміздегі белгілі тұлғалардың жастарға нендей ой айтқаны, қандай бағыт-бағдар бергені кім-кімге де қызық... Одақ ғимаратында өткен дәрістерде Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Иран-Ғайып Оразбаев сынды белгілі қаламгерлер қазақ әдебиетінің өткені мен бүгініне тоқталған. Рафис Абазов (АҚШ), Экрем Аян (Түркия) секілді шетелдік профессор-ғалымдар да дәрісті тартымды  өткізген. Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Абдылдажан Ақматалиев, ресейлік танымал жазушы Гүзел Яхина көптеген пайдалы мағлұмат айтқан.

«Жазушылардың шеберлік мектебі» жобасының лекторлары – Жанғара Дәдебаев, Бақытжан Қанапиянов, Әділғазы Қайырбеков, Жүсіпбек Қорғасбек, Асылбек Ихсанов, Ләйлә Мұсалы, Бекжан Әшірбаев, Айнагүл Садықова және Маралтай Райымбекұлы қазақ әдебиетінің қазіргі таңдағы мәселелерін қозғаған.

– Америка әдебиеті және қазақ әдебиетінің ерекшеліктері мен ұқсастығы туралы айтылды. Драматургия, әдеби жанр түрлері, аударма мәселелері, түрік әдебиетіндегі ұлттық бояулар жайында да сөз қозғалды. Абдылдажан Ақматалиев Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы хақында көсіле сөйледі. Экрем Аянның қазақ әдебиетін өте жақсы білетіндігі бізді тәнті етті. Дәріс барысында танымал түрік әндерін қазақшалап көрдік. Экрем Аян алдағы уақытта осы онкүндікке қатысқан қаламгерлердің шығармашылығын түрік тіліне аудармақ ниетте. Жүсіпбек Қорғасбек пен Бекжан Әшірбаевтың дәрістерін асыға күтіп жүрдік. Олардың әдебиет төңірегіндегі ой-пікірлері бізді елең еткізді. Дәрістер еркін сипатта өтті. Өзімізді толғантқан сауал-сұрақтарымызды қойдық, оларға толыққанды жауап алдық, пікір алмастық, – дейді Жайықты перзенттік пейілмен жырлап жүрген жас ақын.

Иә, бұл бастаманың негізгі мақсаты – байланыс орнату, тәжірибе алмасу, әдеби таным көкжиегін кеңейту. Шығармашылық мектепке әр өңірден өлеңді, жалпы әдебиетті құрмет тұтатын талант иелері жиналған. Осы жоба барысында олардың да шығармашылығымен танысуға мүмкіндік туған. Меңдібектің айтуынша, ақын Бақытжан Қанапиянов дәріс барысында ақындарға кезек-кезек өлең оқытып, шағын мүшәйра ұйымдастырған. Ол өлең оқыған жастарға риза болып, ізгі ниет-тілегін білдірген.

Өлеңдеріне қатысты пікірін айтып, бағыт-бағдар берген. Осылайша Алматыға білім алуға келген жас ақын-жазушылар бір-бірімен етене жақын таныса бастаған.

Дәрістерден бөлек, жобаның қатысушылары Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов музейлеріндегі құнды жәдігерлермен танысқан. Алматы қаласы бойынша әдеби сапар ұйымдастырылған. Осы әдеби сапар барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасарлары, ақын Бауыржан Жақып пен жазушы Бейбіт Сарыбай көркем қаладағы көрнекті жерлерді аралатқан. Олар орталық алаңдағы Абай ескерткішіне тәу еткен. Әрі қарай ұлт қаламгерлерінің мәңгілік мекені – Кеңсай зиратына барып, қаламгерлер рухына Құран бағыштаған. Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұбан Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, ШөмішбайСариев және Есенғали Раушанов бейітінің тұсындаөлеңдерін оқыған. Бейбіт Сарыбай олардың өмірі, шығармашылығы жайында әңгімелеген.

Ал Райымбек даңғылы бойындағы қорымда Бауыржан Жақып Құранбағыштаған. Бұл зиратта Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов сынды ұлт шамшырақтары жерленген. Бұдан соң Райымбек батыр кесенесіне барып, даңқты батыр рухына тағзым еткен. Жас қаламгерлер Алматының басқа да тарихи ғимараттарымен, музей, кітапханаларымен танысқан.

Әңгіме барысында: «Алматы – үлкен, шулы қала. Біреуге Алматының таулары ыстық, біреуге жаңбыры ыстық. Қаншама тағдыр, сапырылысқан көліктер... Алматы сен үшін не себепті қадірлі, не себепті қымбат?! Әлде, Оралдың тыныштығын аңсап, көңілдің қошы болмады ма?» деп едім, Меңдібек замандасым ақтарыла жөнелді.  

– Мен осы тұста жобаны жүзеге асырған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне һәм Қазақстан Жазушылар одағына, қолдау білдіріп, менің осы онкүндік оқуға баруыма ықпалеткен одақтың Батыс Қазақстан облысындағы өкілдігіне ризашылығымды білдіремін. Алматы – жүрек төрінде әдемі естеліктерімен, сәулелі сәттерімен, шуақты шақтарымен сақталған қала. Қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағы, жазушылардың шығармашылық үйі – жанымыздың емі. Жүрегімізде өлең жазылғандай болды. Бір қызығы, мені үнемі Алматы ақжауынымен қарсы алады. Мені Алматы ақ жауынымен әлдилегендей болады. Алматы десе, көз алдыма өлеңкеледі... өлеңге айналған өмір келеді. Қою түннің құшағында Алматыны жырладық, Алматы жайлы өлеңдерді еске алдық. Ертай Ашықбаевтай күңіреніп, Мұрат Шаймарандай мұңайдық, – деді жас шайыр.

Ретті жерінде айта кетейік, Меңдібек Лұқпанов 1995 жылы 10 ақпанда Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданының Бірлік ауылында жарық дүниеге көрінген. Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті филология факультетінің түлегі. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы.

Өлеңдері «Қаламгер»,«Әдебиет», «Мәдениет» порталдарында және біраз газет-журналда жарияланған. Жас ақын Меңдібек бауырымыз бүгіндері Тасқала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығында бұқаралық бөлімнің меңгерушісі болып қызмет істейді.

Мәрлен Мәлікұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале