Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өткен болатын. Ел Президенті жасанды интеллектіні қолдану әлеуетіне ерекше тоқталды. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр екен.
Сурет: freepik.com
– Ғылыми-техникалық прогресс жаһандық экономиканың сипаты мен адамдардың тұрмыс салтының жылдам өзгеруіне ықпал етіп отыр. Күні кеше ғана қиял-ғажайып болып көрінген технологиялар бүгін шындыққа айналуда. Мұндай жағдайда еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық дербестігін нығайту үшін бізге барлық мүмкіндікті пайдалану маңызды. Жасанды интеллектіні дамытудың перспективасы зор. Оны жедел дамыту қажет. Кейбір бағалаулар бойынша жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етеді. Ал 2027 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының капитализациясы 400 миллиард доллардан асады.
Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр. Медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады. Тіпті, нейрожелілер сурет салып, музыка, өлең жазады, нды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр екен, – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін тілге тиек қылды.
«Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді.
Жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін білесіздер. Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Әрине, нақты жұмыстар да атқарылып жатыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар. Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс.
Жалпы Үкімет жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек. Бұл жұмыста Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал. Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс», – дейді Президент.
Таңғаларлық мүмкіндіктерді көрсетуде
Расында да, соңғы жылдары жасанды интеллект (ЖИ) түрлі салада таңғаларлық мүмкіндіктерді көрсетіп, қарқынды дамып келеді. Нейрожелілер мәтін мен суретті түрлендіре алады, ән шығарып, тапсырмаларды орындай алады. Яғни, қазір ЖИ бұрын адамдар ғана жасай алатын нәрселерді орындай алады. Осыған байланысты сұрақтар туындайды: ЖИ-дің дамуынан қорқу керек пе және оның дамуымен қандай мамандықтарға сұраныс азаюы мүмкін? Бұл сұрақтарға product-менеджер Олжас Салмұрза былай деп жауап берген екен.
– Бұрын жасанды интеллект жағымсыз дүниемен ұқсастырылатын. Мысалы, көпшілік жасанды интеллект десе, роботтардың адамдарды басқаруын елестетін. Алайда 2022 жылы адамдардың жасанды интеллектіге деген көзқарасы өзгере бастады. Олар нейрожелілердің мүмкіндіктерін пайдалана бастады. Мысалы, 2022 жылы қараша айында таныстырылған – ChatGPT чат-боты. Бұл нейрожелі мәтіндерді түрлендіріп қана қоймай, басқа да көптеген тапсырмаларды орындайды.
Нейрожелілер әр адамның күнделікті өміріне білдіртпей еніп кеткен. Ақылды колонкалар қолданушының көңіл күйіне қарай ән таңдап береді немесе жолдағы камералар қауіпсіздік белдігін тақпаған адамдарды тіркеп алады. Кей адамдар нейрожелілерге әуестену құралы ретінде қарайды, алайда оның потенциалы кең.
Жасанды интеллекті дамып жатқанда этика, қауіпсіздік және құпиялылық мәліметтерін уақытында ескерсе, барлық процестерге ЖИ-ді енгізуді бақыласа, оның дамуынан қорқудың қажеті жоқ. Үрейге емес, өзгерістерге бейімделуге назар аударған дұрыс. Жаңа дағдыларды үйреніп, ЖИ-ді өміріңіз бен жұмысыңызды жақсартуға қолдануға болады, – дейді Олжас Салмұрза.
Қандай мамандарды алмастыра алады?
Жасанды интеллектінің дамуымен IT саласындағы мамандарға сұраныс азаяды деген пікір бар. Алайда Олжас Салмұрзаның ойынша, керісінше, IT-мамандарға сұраныс артып келеді.
– Нейрожелілер кез келген адамның IT әлемге кіруін жеңілдетті. Алайда менің ойымша оларға сұраныс азайған жоқ, керісінше артты. Жасанды интеллектінің енгізілуімен алгоритмдерді әзірлеу және қолдау, үлкен деректерді өңдеу, машиналық оқыту және нейрондық желілерді құру сияқты жаңа тапсырмалар пайда болды. Бұл әзірлеушілерге, деректер инженерлеріне, машиналық оқыту мамандарына және басқа IT-сарапшыларға сұраныстың артуына әкелді. Product-менеджер ЖИ-дің дамуымен қарапайым тапсырмаларды орындайтын мамандарға сұраныс азаюы мүмкін екенін ескертті.
Жасанды интеллектінің дамуымен біркелкі және қарапайым тапсырмаларды орындайтын мамандықтарға сұраныс азаяды. Мысалы, конвейер қызметкерлері, мәліметтерді енгізіп отыратын call-орталықтардың операторлары немесе қызметкерлері. Жасанды интеллект бұл тапсырмаларды жылдамырақ және нақтырақ орындай алады, сондықтан болашақта мұндай мамандықтарға сұраныстар азаюы мүмкін , – дейді ол.
Кімдердің жұмысы жеңілдейді?
Жасанды интеллект көптеген сала жұмыстарын жеңілдететінін айта кеткен жөн. Мәселен, қаржы саласында және бухгалтерияда есептеулер мен шоттарды салыстыруды автоматтандырады, қателіктердің ықтималдығын азайтады;
Маркетингте ЖИ клиенттердің мінез-құлқына анализ жасайды және жарнамалық компанияларды дербестендіреді;
Медицинада анализдер мен суреттер арқылы ауруларға диагностика жасап, емдеу жоспарларын жасауға көмектеседі;
Клиенттерге қызмет көрсетуде чат-боттар операторларды қарапайым сұрақтарға жауап беруден босатады;
Заңгерлер құжаттарды іздеу және анализ жасау үшін ЖИ пайдаланады;
Білім беру саласында ЖИ оқуды студенттерге бейімдеуге және тапсырмаларды тексеруге көмектеседі;
Шығармашылық мамандықтарда да жасанды интеллект күнделікті тапсырмаларды өз мойнына алып, мамандарды күрделірек жобалармен айналысуға босатады.
Жәрдемі мол ЖИ
Қазір көпшілік адам әлеуметтік желілердегі парақшасын белсенді жүргізеді. Балалар болса, кішкентай кезінен бастап блогер болғысы келетінін айтады. Блогерлер де жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалана алады.
Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект (ChatGPT, Gemini, Perplexity AI) пост салуға, мәтін жазуға, тақырыптар ойластыруға және материалдарды редакциялауға көмектеседі. Мысалы, ЖИ құралдарын шимай жазуға немесе берілген тақырыпқа креативті пост жасауға пайдалануға болады. Сондай-ақ блогерлер оның көмегімен суреттер (Midjourney, Dall-e 3, Leonardo AI, Stable Diffusion) жасай алады. Сурет пен видеоның сапасын жақсартатын да құралдар (Neural.love) бар.
Алайда маман ЖИ жасап берген нәтижені міндетті түрде тексеру керегін ескертті.
ЖИ жасап берген нәтижені тексеріңіз және өз стиліңізге немесе аудиторияңызға сай түзеу керек. Әйтпесе, аудитория сіздің ЖИ қолданатыныңызды бірден түсініп қояды және сіздің контентті бірегей деп санамайтын болады.
Маман блогерлер ЖИ көмегімен пікірдегі немесе жеке хаттардағы стандартты сұрақтарға жауаптарды автоматтандырып қоя алатынын айтты. Блогерлер үшін ЖИ қолданудың мүмкіндіктері өте көп, бастысы, сіздің қажеттілігіңізге сай келетін құралды табу керек.
Қолынан не келеді?
Жасанды интеллект смартфондағы қосымшадан бастап күрделі техникаға дейін еніп, жетіліп келеді. Тінін тарқатсақ...
Remove.bg. Бұл сервис суретегі объектіні танып, фонын алып тастай алады. Әрдайым мінсіз қиып шығады деуге келмейді. Әсіресе фонға ұқсаған объектілерді дұрыс ажырата бермейді. Дегенмен оны фоторедактормен өңдеп жіберсе болады. Қалай болғанда да Remove.bg уақыт үнемдеуге жақсы. Бірнеше секунд ішінде дайын болған суретті png форматта жүктеп алуға болады.
Letsenhance. Жасанды интеллектіге негізделген бұл сервис сурет сапасын жақсартып, сонымен бірге көлемін үлкейте алады. Сервиске тіркелгеннен кейін суретті сілтеме, Google Drive арқылы және құрылғыдан жүктеуге болады. Сервис сапасы нашар суретті өңдеп береді немесе сапасын сақтай отырып сурет көлемін 2, 4, 8, 16 есе үлкейтеді.
PaintsChainer. Алгоритмге сурет сызбасын жіберсе, оны аниме кейіпкеріне ұқсатып бояп береді.
Осы сияқты Bubble Face сервисі дайын фотосуретті комикс стиліне ұқсатып өңдейді.
AutoDraw жасанды интеллект арқылы кез келген шимайды әдемі белгішеге, суретке, шағын иллюстрацияға айналдырып жібереді. Сервисте шағын символдардан бөлек бірнеше белгіше мен фигураны біріктіріп, тұтас иллюстрация жасауға болады.
Semi-Conductor. Google жасаған бұл жобаның көмегімен әр адам дирижер кейпіне еніп, оркестрді басқара алады. Ол үшін сайттың камераға рұқсат алу туралы сұранысын қабылдап, экрандағы сұлбаға денені сәйкестендіру керек. Ары қарай оркестрдің жұмысы сізге байланысты.
Материалды ғаламтордың көмегімен дайындаған Айшабибі Мәмет
Теректі ауданы