10.10.2024, 14:30
Оқылды: 149

«Әскер алдымен азаматқа жауапкершілік жүктейді» – Сұлтан Құдайбергенов

Бүгінгі күні әлеуметтік желіде жақсы жаңалықтардың үлесі аздау. Бәлкім көп шығар-ау. Алайда негатив пікірлердің астынан аршып алу қиынның қиыны. Әсіресе әскер туралы жаңсақ пікірлер желдей есіп жүр.

5d578fe6-6b90-4076-adfb-f01c86685ec1

Оның басында әскерге барып, қаза болған нардай азаматтардың құпия өлімі, өзінен-өзі атылып кететін мылтықтар секілді сан толғаулы мәселелер бар. Дегенмен біздің қолданыстағы заңға сәйкес 18-ге толған жас азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Қазіргі кездегі жаңалықтардан жүрексінеді ме, әйтеуір көп жастарымыз сарбаз қатарын толықтыруға құлықсыз. Алайда әскерге өз еркімен аттанып, қызметімді адал атқарамын дейтін азаматтар да баршылық. Солардың бірі күні кеше ғана Отан алдындағы борышын аман-есен атқарып, елге оралған Сұлтан Құдайбергенов. Онымен қоса елдің алдындағы жауапкершілігін сезінген азамат, елдегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, атасын ертіп барып, өз таңдауын жасаған. Учаскеге әскери киіммен келген бозбалаға барша жұрт сүйсіне қарады. «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» дегендей біз де Сұлтанмен жолығып, танысып қалуға тырыстық.

Әскерге дейінгі қорқыныш

– Әскери өмірді көрмей тұрып, әскерге барасың десе, бойымды қорқыныш, үрей билейтін. Шақырту алған соң шынымды айтайын не болады, қалай етсем екен деп біраз күн уайымдап жүрдім. Соңында ақыры шақырту келген екен не де болса, Отан алдындағы міндетімді атқарып қайтайын деген ой келді. Бұл ойымды айналамның барлығы мақұлдады. Содан медициналық тексерулер басталды. Алдымен ауданның дәрігерлері, одан соң облыстық бөлімнің медицина мамандары тексеруден өткізді. Қуанышқа орай денсаулығым жақсы, әскерге жарамды деген қорытынды шықты. Әр мезгілде әртүрлі әскери бөлімдерге сарбаздар жинайды. Мен құжаттарды тапсырған кезде Десанттық шабуылдау бөліміне қабылдау жүргізіліп жатқан болатын. Ол бөлімнің өзінің талаптары бар екен. Мен оның барлығына сай болдым. Сонымен тәуекел деп барлығын артта қалдырып, Алатау қайдасың деп аттанып кеттік. Осылайша қатардағы жауынгерлердің сабында тұрдым. Менің әскери өмірім осылай басталды, - дейді қызылталдық Сұлтан Құдайбергенов.

f3ffded4-a4da-4ffb-aebf-a95f132e9542

«Ұйқы – азаматтың басты жауы»

Бұл әскерден келген Сұлтанның сөзі. Ол әскери өмірден үйренген ең басты ережесі уақытты тиімді пайдалану екенін айтады. Өйткені біздің күнделікті тіршілігімізде уақыттың бекер өтіп жатқанын ұқтым дейді.

– Біз былайша жүргенде көп нәрсеге мән бермейміз. Соның ішінде уақытты тиімді пайдалану және оны жоспарлап басқара білмейміз. Мен үшін әскерге аяқ басқандағы басты жауым осы ұйқы болды. Сондықтан ұйқыны жеңгенім үшін қатты қуанамын. Сол арқылы өз уақытымды тиімді ұйымдастыра алуды үйрендім. Мысалы, былай күндері жәй жатамыз, сосын таңғы 9-10-ға дейін ұйықтаймыз. Соның кесірінен шаруамыз оқсамай жатады. Ал ерте тұрсаңыз бәріне үлгеруге болады. Сондықтан халқымыз: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп тұжырымдайды. Әскерге барғанда осы сөздің шын мағынасын түсіндім. Әскерде барлығын өз уақытымен орындап, күніңді алдын ала жоспарлап қоясың. Енді алдағы уақытта да осы әскери режимді тастамауға тырысамын. Және де таңғы жаттығу жасау, үнемі қашықтыққа жүгіру сияқты күнделікті әрекеттер өзіме үлкен әсер берді. Әрі жігіт  ретінде шынығып, формада боласың, әрі денсаулығыңа да жақсы әсер етеді. Онымен қоса тазалық, киім үлгісі қатты  тексеріледі. Сарбаздың киімі таза, тырнағы, шашы өспеген, жалпы жеке гигиена сақталған болуы керек. Себебі сыртқы келбет барлығынан хабар береді. Бір әскери қызметшіге қарап, бүкіл бөлімше туралы пікір қалыптасады деген түсінік бар бізде. Сол үшін әрбір сарбаздан тазалық талап етіледі, - дейді кейіпкеріміз.

Тікұшақтан төмен құлдилау

Әскерде әркім өзіне таңсық жаңа дүниелерді үйреніп келеді. Мысалы қару ұстау, сапқа тұру сияқты күнделікті міндетті іс-әрекеттерден  бөлек әр сарбаздың мойнына жүктелетін міндеті, қызметі болады. Сұлтанның да «Әскер өмір – мектебі» деп айтқандығы да сол. Онымен қоса десанттық шабуылдаушы бөлімінің басты ерекшелігі порашютпен әуеден секіру. Сұлтанның айтуынша оның да қызығы мен шыжығы көп екен.

– Мен әскерде Қапшағай қаласында орналасқан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 32363 әскери бөлімінде қызмет атқардым. Әскерде әркімнің жауапты қызметі болады. Мен жүргізуші қызметін атқардым. Үнемі КАМАЗ, БТР сияқты ауыр техникалармен жұмыс жасадым. Негізі әскерге барғанша үлкен техниканың рөліне отырмаған едім. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе болды. Біздің міндетіміз техникалардың қажетті жағдайларға сақадай сай болуын қамтамасыз ету. Яғни жанармайын толтыру, дұрыс жұмыс жасап тұрғанын тексеріп, май-суын ауыстырып тұру. Бұл күнделікті тіршілігіміз. Басында жан-жақтан жиналған жігіттердің басты әңгімесі әуеден секіру болатын. Бәріміз дайындықты пысықтап, әбден үйреніп алғасын, сол әуеден секіретін күнді асыға күттік. Біздің бағымызға орай әскерде өткен төрт айдан соң әуеге көтерілдік. Үлкен тікұшаққа барлығымыз мініп алдық. Жүректе әрине қорқыныш болды. Дегенмен азамат деген атың болған соң оны ешкімге көрсетпейсің. Онымен қоса егер бөлімшеде бір сарбаз көкке көтерілмеймін деп өтініш жазса, барлық бөлімше секірмейтін болады. Сондықтан ондай әрекетке ешкім бармады. Содан тікұшақпен 800 метр биікке жеттік. Секіретін сәт жетті. Жоғарыда ешкімнің дауысы естілмейді. Әркім өз ойымен алысып әлек болып отыр. Мен кезекте 4-ші болып тұрдым. Есік ашылып бәріміз қойып-қойып кеттік. Секіргеннен кейін ереже бойынша іштен санайсың да парашютты ашасың. Біздің арқамыздағы парашюттың ашылу болжамдығы 99,9 пайыз. Сондықтан ашылмай қалады деген ой болмайды. Қыстың ішінде келіп қарға гүмп бердік. Қар болғасын ба бірінші секіру оңай әрі жеңіл болды. Осылайша десанттың басты міндеті әуеден секіруді де үйрендік, - дейді Сұлтан.

Менің таңдауым маңызды

f61765da-00a8-45f8-9719-4f18e0971726

Әскерде алдымен азаматқа жауапкершілік жүктейді. Сол арқылы сарбаз өз іс-әрекетіне өзі жауапты екенін сезінеді. Бәлкім былай жүргенде білінбейтін шығар, әскерге барғанда оны анық сезінесің дейді жас сарбаз. Сондықтан ел үшін маңызды науқанда өз даусын беріп, жауапкершілік танытқан.

– Қазанда елімізде үлкен саяси науқан болатынын бізге әскерде айтқан еді. Бұл жерде әркімнің жауабы қандай болатыны өз ұстанымына байланысты. Дегенмен барып, таңдау жасауға міндетті болмақ. Өйткені елдік шешімге келгенде бей-жай қалуға болмайды. Мен әскерге бармасам мұны түсінбейтін шығармын. Сондықтан әскерден күні кеше келсем де атаммен бірге учаскеге келіп, референдумға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Әскери формамен келгенде барлығы таң қалып жатты. Әскери формамен келгендегі басты ойым артымнан ерген бауырларым форманы көріп, қызығып әскерге барса деген едім. Бұл да қазақ сарбазының қатары толықсын деген жанашырлықтан болған әрекет. Осындай еліміздің тағдыры шешілетін, маңызды шешімдер қабылданатын уақытта барлық жерлестеріміз өз ойларын айтып, таңдауларын жасау керек деп білемін, - дейді Сұлтан сарбаз.

Әскерден қалма, замандас!

Әскерге бару арқылы айналаның, ата-ананың, ағайынның, достардың қадірін түсінесің. Оған қоса жауапкершілік алуды, уақытты тиімді жұмсауды үйренесің. Жалпы есейіп, қөзқарасың өзгеріп қайтады. Сұлтанның айтуынша әр азамат бұл әскери мектептен өту керек.

– Меніңше әскерге бару барлық азаматтың міндеті. Былайша жүргенде көп дүниенің қадірін ұқпай жатамыз. Түнімен бос қыдырып, түске дейін ұйықтаймыз. Ең бірінші азаматтың жауы - ұйқы. Бастысы уақытты дұрыс жұмсауды үйреніп қайтасың. Сонымен қоса жаңа ортаға түсіп, шыңдаласың, сыналасың. Өзіңді-өзің қайрап, түрлі сынақтардан алып шығасың. Ал оның барлығы өмірде қажет болатыны анық. Алдағы уақытта бұйырса өрт сөндіруші маманы ретінде қызметке орналассам деген ойым бар. Сол бойынша құжаттарымды жинақтайтын боламын. Тек еліміз аман, шекарамыз бүтін болсын. Елді қорғайтын азаматтардың қатары көбейе берсін, - дейді Сұлтан Құдайбергенов.

Отан алдындағы борышын өтеп келіп, ел алдындағы азаматтық міндетін орындаған Сұлтанға біз де сәттілік тілейміз.

Мейрамбек Сыдықов

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале