14.10.2024, 12:15
Оқылды: 129

«Тоқыма өнері қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде, көп уақыт пен еңбекті қажет етеді» – Майра Мақсотқызы

Тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер саласының бірі әрі ұлттық мәдениеттің маңызды бір бөлігі. Бұл өнер ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде кеңінен қолданыста болып, ұлттық киімдер мен тұрмыстық бұйымдарды дайындауда айрықша орын алды.

photo-output

Уақыт өте келе заманауи әлемге сай өзгеріске ұшырап, қолөнер шеберлері жаңа техника мен әдіс-тәсілдерді меңгеріп, көрші халықтардың шығармашылығымен толықтырып, бұл өнерді одан әрі дамытты. Бүгінгі күнде де қазақтың тоқыма өнері ұлттық мәдениеттің бір бөлшегі ретінде көздің жауын алатын көркемдігімен, нәзік талғаммен жасалатын бұйымдарымен танылып келеді.

Осы орайда біз Тасқала ауданында тоқу өнерін дамыту мақсатымен Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында грант иегері атанған Майра Мақсотқызымен тілдестік.

Майра Мақсотқызы – қазіргі заманның тоқыма өнерін дамытып жүрген қолөнер шебері. 1997 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында дүниеге келген ол бала кезінен тоқу өнеріне қызығушылық танытып, бұл іске деген сүйіспеншілігін мектеп қабырғасында қалыптастырды.

Мектепте еңбек сабағында тоқуға қызығып, осы саладағы алғашқы тәжірибесін алды. 2013 жылы Т.Жароков атындағы мектепті аяқтап, Жәнібек ауданындағы М. Ықсанов атындағы колледжге түсіп, аспаз мамандығын меңгерді. Бұл кезеңде оның өмірінде өзгеріс болып, 2016 жылы тұрмыс құрып, Тасқала өңірінің келіні атанды. Қазіргі таңда төрт баланың анасы, отбасының ардақты жанашыры.

– Тоқыма өнеріне шындап бет бұруым 2020 жылдан басталды. Алғашқыда жай хобби ретінде айналысқаныммен, бұл іс өзіме шабыт беріп, оны кәсіби деңгейге жеткізуге тырыстым. Алғашқы жұмыстарым қарапайым болса да, бірте-бірте шеберлігім арта түсті. Алматыдан жіптер алдырып, интернет арқылы жаңа үлгілерді зерттеп, өзіме ұнағанын тоқуды үйрене бастадым. 2024 жылдың шілде айында мемлекеттік грант иегері атандым. Миллион төрт жүз мың теңге көлеміндегі грантқа ие болып, бұл қаражатты тоқу машинасын, қажет құралжабдықтарды сатып алуға жұмсадым. Бұл менің кәсіптік ісімді, шеберлігімді жетілдіруге мүмкіндік берді. Тоқу өнері қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде, көп уақыт пен еңбекті қажет етеді. Әрбір жаңа жұмыс бастаған сайын ойға жаңаша идея келіп, әрбір бұйымға ерекше көңіл бөлінеді. Алғаш тоқыған бұйымым шәйнектің астына қоятын төсеніш болды. Бүгінде аяқ киімдер, сәндік киімдер, кардигандар тоқып жүрмін.

Сондай-ақ қыз жасауларын, сөмкелер тігемін. Әрбір аяқ киімді әдемілеу үшін түрлі түсті моншақтар қосып, оны ерекше етіп шығарамын. Дегенмен бұл істің қиындығы да жоқ емес. Тоқу жұмысы көп уақыт пен күш-жігерді талап етеді. Өкініштісі, кейде еңбегің дұрыс бағалана бермейді. Кей адамдар тоқуды оңай іс деп ойлап, оны жеңіл жұмыс ретінде қабылдайды немесе арзан бағалағысы келеді. Алайда, шын мәнінде, тоқу – үлкен шыдам мен шеберлікті қажет ететін өнер түрі. Алдағы уақытта осы кәсібімді кеңейтуді, тендерлерге қатысуды, кәсібімді одан әрі дамытуды жоспарлап отырмын. Тоқыма өнері басқа да шығармашылық жұмыстар сияқты үнемі ізденіс пен шыдамды талап етеді, – деді Майра Мақсотқызы.

Майра үшін тоқыма – тек кәсіп емес, бала күнгі арманы, оның шығармашылық әлемі. Тоқыма арқылы адам өз талғамын дамытып, көркемдік сезімін жетілдіреді. Әртүрлі жіп пен түстерді үйлестіре отырып, сәнді әрі ерекше бұйымдар жасайды. Бұл өнер адамға жеке басының қажеттілігін қанағаттандыру ғана емес, сонымен қатар әлемнің үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерінің әсемдігін сезінуге мүмкіндік береді.

Тоқу өнері қазақ халқының бай мәдени мұрасының бір бөлігі болып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Майра Мақсотқызы сияқты талантты шеберлер бұл өнерді дамытып, оны заманауи талаптарға сай жаңашылдықпен толықтырып келеді. Тоқыма өнері – тек тұрмыстық қажеттілікті өтеу емес, сонымен қатар адамның шығармашылық қабілетін жетілдіретін, эстетикалық талғамын қалыптастыратын ерекше өнер түрі.

Майраның қолөнер жолындағы қажырлы еңбегі – қазақтың ұлттық мұрасын сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеретін, болашақ ұрпаққа өнеге болатын еңбек.

Назерке Шайхоллақызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале