15.10.2024, 19:00
Оқылды: 138

Асанәлі Әшімов Подстепныйда тұрады

«Қазақстан — дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да — осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ел ертеңі — бүгінгі жастар. Елімізде жастарға үлкен сенім артылып, көптеген мүмкіндіктер берілуде. «Оқимын, ізденемін, өсемін» деген жас болса мемлекет бетін қақпай белін бууда. Сондай жас дарын иесі — №1 Подстепный ЖОББМ-нің 7 «ә» сынып оқушысы Асанәлі Әшімов.

InShot_20241015_184805896

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қабілетін шыңдап, талантымен облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанып, Теректінің абыройын асқақтатуда. Сыныптастары Асанәліден үлгі алса, ұстаздары шәкіртімен мақтанады, ал ата-ана баласының жетістігіне балаша мәз. Ол мектептегі сабағымен қатар Орал қаласындағы «Қарақат» өнер студиясынан актерлық шеберлік бойынша білім алып жүр. Өздеріңіз оқып отырғандай есім-сойы да ерекше, иә? Бұл хақында әжесі тінін тарқатты.

    — Елдің сүйікті актеры Асанәлі Әшімовке ұқсастырып өзім есімін еншіледім. Ол кісінің тағдыры ұқсас болмағанымен, таланты дарысын деген ниет еді. Әрі менің жолдасымның, яғни немеремнің атасының аты да Әшім. Кішкентай Асанәлінің актерлыққа деген өнерін, талабын байқадым. Сол себепті «Қарақат» өнер студиясына беріп, қосымша үйренуді құп көрдік, — дейді Роза әже. Сонымен қатар баланың дарынын одан әрі дамыту мақсатында аянбай еңбек етіп жүрген Жұлдыз Қайырбекқызы, Нұргүл Сансызбайқызы сынды ұстаздардың жұмысын айрықша атап, ризашылығын білдірді.

Айтпақшы, 2022 жылы Орал шаһарындағы «Атамекен» өнер ордасына есімі елге мәшһүр кино және театр актеры Асанәлі Әшімов келіп, жалпақ жұртшылықпен жүздескен еді. Сонда бала Асанәлі өлең оқып, ақсақал Асанәліден бата алды. Атақты өнер иесі «Менің жанрым күнделік» кітабына қолтаңбасын қалдырып, жас дарынға естелік ретінде табыстаған еді. Мінекей, мақалаға арқау болған подстепныйлық Асанәлі осындай жан!

Осы күнге дейін бойындағы дарындылық қабілетін шыңдап, бағыт-бағдар беріп, жақсылыққа жетелеген ұстаз бен ата-ананың еңбегін ақтап, болашақта ел мақтанышына айналар тұлғаның өсіп келе жатқанына куә болдық. Жалындап тұрған жас өрендер ел тұтқасын берік ұстайтынына кәміл сенеміз.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале