16.10.2024, 16:30
Оқылды: 207

«Шеберлікте шек жоқ» – ұста

«Бір пайыз талант, қалғаны еңбек» деген сөз жиі айтылады. Мұның өзі бойындағы дарын, қарым-қабілетті дамытуға адам маңдай тер  төгіп, еңбектенбесе, оның зая кететінін айғақтайтыны рас. Өмірде өзінің шеберлігін жетілдіруге желкесінің қыры жібермей, жалқауланып, енжарлыққа бой алдырып жатқан жандар қаншама десеңізші?! Ал Чапаев ауылының тұрғыны, ағаштан түйін түйетін ұсталардың арасында шын шебері Елеген Усаховтың тірлігі көпшілікке үлгі боларлықтай. Сан жылдан бері ағаштан бұйым жасап, кәсіп етіп отырған отағасының табыс құпиясы қандай – осы жөнінде оқырманға баян ету мақсатында шебердің үйіне біз де келдік.

IMG_4088

Қақпаға енді жақындағанымыз сол еді, шаруасына кіріскелі жатқан Елеген Бақытжанұлы бізді көріп, ақжарқын жүзбен қарсы алды. Өзінің шағын шеберханасын нұсқап, солай қарай бағыт алды. Қазақ емеспіз бе, алдымен қал-жағдай сұрасып, бала-шағаның жағдайын сұраймыз ғой. Тегіс амандығын айтқан шебер сөз арасында «Журналист жігітсің ғой, текке жүрмеген шығарсың, газетке шығарасың ба?» - деп бір қуанып қалды.

– Мен мына аудан орталығының іргесіндегі Мойылды ауылында туып-өстім. Кейін әкемнің жұмыс бабымен Жолапқа көштік. Адал кәсіп абырой әкелетіні рас. Алғаш мектеп бітірген кезде, Қонашкөл деген жерде (Мерген ауылдық округі) шопан болып, алты жыл жұмыс істедім. Механизатор да болып, трактор да жүргіздім. Содан ойға түйгенім – кәсіптің ебін таба білсең, шеберлігің шыңдалады. Ағаштан бұйымдар жасағанда да, ұғындым осыны. Қол жеткізгеніңе тоқмейілсіп, дамылдап қалуға болмайды. Сәнің де, сапаң да – заман талабы, тапсырыс берушінің талғамына сай жасауға талпыну қажет. Ал бұл үздіксіз ізденісті қажет етеді. Осыдан 10 жыл бұрын және бүгінде шеберлердің қолынан шығатын бесікті ойша салыстырып көрсең, түсінесің, - деді ол.

Расында да Елеген ұста тек өзінің шеберлігін шыңдап қана қоймай, шағын шеберханасындағы құрал-жабдықтарды да үнемі жаңартып отырады екен. Ғимараттың қақ ортасынан орын тепкен, Ресейдің Самара қаласынан арнайы алдыртқан ағаш өңдейтін станогін мақтанышпен көрсетті. Бұл құрылғы «Корвет-322» деп аталады екен. Оның тасасында осындай станоктың тағы бір шағындауы тұр. Екеуінің атқаратын қызметі екі түрлі. Біреуімен тек ағашты тілсе, келесісі әртүрлі бұрыштар шығару, есікке өрнек салу, жұмырлауға арналған, қарағайды қалауына сай қия алады.

IMG_4086

Әрине, шебердің бұл кәсіпке бірден келмегені аян. Ұсталыққа арнайы білімі жоқ, бірақ туабітті дарынын қадам сайын жетілдіріп отырған ол басында ауылдастарының, жақын-таныстарының тапсырысымен қамшы өріп, ер-тоқым жасап жүрген. Кейін ептеп кәсіпке машықтанған соң, домбыра, басқа да түрлі аспаптар жасап, өзін сынап көрген. Бұл өнер отағасына кімнен дарыған екен – оны да сұрап көрдік.

– Анам Жұмағаным қолы шебер жан болатын. Кесте төгу, көрпе, тұрмысқа қажет кез келген бұйымды, біздің киім-кешегімізді өзі тігіп беретін. Сондықтан қолымның епсектігі анамнан дарыған қасиет деп білемін. Кеңес уақытында ешкім жұмыссыз болған жоқ, ал тоқырау кезеңінде сол жұмыстың бәрі әп-сәтте көзден балбұл ұшып, қайтерімізді, отбасын қалай асырарымызды білмей қалдық. Әркім қолынан келетін іспен айналысып, кәсіп қыла бастады. Мен де қолды қусырып, қалай бос отырайын?! Қолымнан үйге есік, терезе, балаға бесік жасау да келетін. Қызметімді жұртқа ұсына бастадым. Өздері келіп іздеп, тапсырыс беретіндер де табыла бастады ептеп, – дейді шебер.

Елеген Усаховты сегіз қырлы, бір сырлы жан десек, қателеспейміз. Сөзіміз айғақты болуы үшін, азаматтың өмірбаянынан біраз дерек келтіре кетейік.

Ол Отан алдындағы әскери борышын 1981-1983 жылдары Мәскеу қаласында өтепті. Құрылыс батальонында жұмыс істеген ол Мәскеу олимпиадасы аяқталғаннан кейін, соған арнап салынған спорттық құрылыстардың кем-кетіктерін қалпына келтіруге қатысыпты. Әйгілі «Останкино» телемұнарасы түбіндегі Лужников спорттық кешенінде, сондай-ақ, Отрядный көшесіндегі 16-24 қабатты тұрғын үйлер құрылысының басы-қасында болғанын да баян етті кейіпкер.

IMG_4091

2007-2009 жылдары Чапаевтағы №1 орта мектепте жұмыс жасап, жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеуде де өзіндік қолтаңбасы қалыптасты.

Осы білім ұясындағы алғашқы жылыжайлардың салынуына үлес қосқан. Өзінің айтуынша, осының бәрі құрылыстағы қарым-қабілетін шыңдауға аса зор ықпал еткен.

Әр тапсырысты барынша жауапкершілікпен, аса мұқият орындайтын шебердің қолынан шыққан дүниенің сапасына тұтынушылардың ешқайсысы шағым айтпағаны біраз нәрседен хабар берсек керек. Елегеннің ағаш бұйымдарына тек аудан тұрғындары ғана емес, облысымыздан, тіпті Ақтөбеден де келіп тапсырыс беретін көрінеді.

– Қолдан жасалған сапалы дүниеге сұраныстың болуы – дүкендегі кейбір жиһаз-жабдықтар сапасының төмен екендігі. Әрі кетсе бір жылдан соң, қақырап, шашылып қалады, - дейді шебер.

«Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Адал қызметімен елге жаққан ұста кәсібінің арқасында үйінде қаладан кем емес жағдай жасап қойыпты. Соңынан ауданы 12х4 метр болатын шеберхананы салып алған. Жаңа ғимараттың есік-терезесі, төбесін жабуға ағаштарды да өзі даярлаған.

Балаларын да шебер ұсталыққа  ерте жастан баулыпты. Қазір қолындағы кенже ұлы Еркеұлан да дәнекерлеу ісімен айналысып, шағын шеберхана ашқан. Ол темірден есік, қақпа, т.б. жасайды.

Усаховтардың жанұялық ансамблі туралы естігеніңіз бар ма? Естімесеңіз, айта кетейік, Кеңес кезінде құрамында біздің бүгінгі мақаланың кейіпкері бар жанұялық ансамбльдің атағы облыс асып, республикаға танылған. Елеген Бақытжанұлы бала кезден аспаптың сан түрін меңгеріпті. Тым-тәуір қоңыр даусы да ән әуелеткенде, жарасып-ақ тұрады өзіне. Қазірде жұмыстан сәл қолы қалт еткенде, гитара, домбыра тартып, бір сергіп алатыны да бар.

Ісіне ұқыпты шеберден кетерімізде жаңадан кәсіп бастағысы келетін жандарға, әсіресе жастарға қандай ақыл-кеңес беретінін сұрап көрдік.

– Шеберлікте шек жоқ қой. Білетінім тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз дегендей. Қазір де жасым алпысқа таяса да, әлі де үйренетінім көп сияқты көрінеді. Сондықтан жастарға берер кеңесім – бір істі бастарда, ешқашан тайсалмаңдар, бір рет тауың шағылғанға, тоқтап қалмау керек, керісінше жаңа күшпен қайта кіріскенде ғана, кәсіпте бағың жанады. Өмірдің өзі қиындықтардан тұрады, соны жеңе білу керек. Бәрін көріп келеміз ғой, кейде жастар бір істе жолы болып жатса, кісі танымай, дандайсып кетіп жатады. Бұл қате іс, кішіпейілділік, ізеттіктен, адамилықтан ажырамаңдар, – деп сөзін аяқтады ол.

Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале