Шың сазды драма театрында Бәйтерек ауданының 85 жылдығы мен театрдың үшінші маусымының ашылуына орай Ұлназ Исламованың «Кеш мені» атты лирикалық драманың премьерасы өтті.
Қойылымның режиссері — жас болса да, осы театрда белсенді өнер көрсетіп жүрген талантты – актер Бекзат Васихан. Бұл олардың алғашқы бірлескен жұмысы.
Қойылым қос ғашық Санжар мен Адинаның махаббат хикаясы арқылы адалдық пен опасыздық, өмірдегі ауыр таңдау сынды тақырыптарды көтерді. Сондай-ақ пьеса заманауи қоғамдағы маңызды мәселелерден де айналып өтпей, шынайылығымен көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев шығармашылық ұжымды 3 маусымның ашылуымен құттықтап, спектакльдің ерекшелігіне тоқталды:
– Өнердің биік шыңы театрда сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Театрдың 3 маусымының ашылуымен аудан әкімі Марат Тоқжановтың атынан баршаңызды құттықтаймын. Бүгін жас театр тағы бір жаңа туындыны сахналап, бізді әсерлі қойылыммен қуантты. Қойылымда қазіргі қоғамда орын алып жатқан мәселелер махаббат арқылы сәтті көрсетілді. Әртістердің шеберлігі залда отырған әрбір көрерменге әсер етті. Барлық ұжымға алғыс білдіремін, алдағы уақытта да шығармашылық жетістіктерге жете беріңіздер.
Пьесаның режиссері Бекзат Васихан да өз ойымен бөлісіп, бұл туындының оның алғашқы режиссерлік жұмысы екенін атап өтті.
Ол М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың 4 курс студент және театр өнеріне деген махаббаты 9 сыныптан басталғанын айтады:
– Бұл спектакльді пьеса авторы Ұлназ Исламовамен бірге жаздық. Ол пьесаның драматургиясын жазса, режиссерлік міндеттерді өзім атқардым. Махаббат арқылы қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелерді көрсеткіміз келді. Бұл менің алғашқы режиссерлік жұмысым болғандықтан, көп еңбектеніп, көрерменге сапалы өнім ұсынуға тырыстық, – деп бөлісті режиссер.
Сондай-ақ ауыл тұрғыны Айнұр Төлепова да премьерадан алған әсерімен бөлісті.
– «Кеш мені» қойылымына келіп, керемет көңіл-күйге бөлендік. Қойылым бізге күлкі, мұң және терең ой салды. Режиссердің алғашқы жұмысы болса да, қойылым көпшілік көңілінен шықты деген ойдамын. Шығармашылық ұжымға табыс, тың идея, мәнді туындылар тілеймін.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы