Бүгін Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, ерікті мүгедектер қоғамының және аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы мен қазан айының екінші жексенбісі – мүгедектер күніне орай спорттық жарыс өтті.
Мүгедектігі бар жандар арасында өткен аудандық шараға мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы м.у.а Дәурен Жарасов, ерікті мүгедектер қоғамының төрайымы Халила Нұрсұлтанова мен «Jastar» спорт клубының басшысы Жанболат Гумаров қатысты.
Алдымен көк Туымыз көкке көтеріліп, еліміздің Гимны шырқалған соң спортшыларымыз қол күресі, үстел теннисі мен дойбыдан додаға түсті.
Сайыс қорытындысында қол күресінен 1 орын көпжасарлық Арман Амировке, 2 орын жаңақазандық Берік Мерғалиевке, 3 орын мәстексайлық Саламат Құспановқа бұйырса, үстел теннисінен жаңақалалық Абат Исмурзин 1 орынды, пятимарлық Азамат Бибулатов 2 орынды, жакақалалық Ерлан Сатыбаев 3орынды еншіледі.
Ал дойбыдан бірінші және екінші орындарды жаңақалалық Индира Атошева мен Нұржан Сисенов иемденсе, үшінші орын Гүлзия Исмағұловаға бұйырды. Жарыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Спорттық шара өз мәресіне жеткен соң, Ерікті мүгедектер қоғамы сайыс қатысушыларына «Sary-arka» кафесінде түскі ас ұйымдастырды.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы