18.10.2024, 16:15
Оқылды: 15

БҚО-дағы орманшылар әулетін білесіз бе?

Облыс аумағындағы орман-тоғай алқаптарын көздің қарашығындай аялау өңіріміздің экологиясын жақсарту мен жануарлар әлемін сақтауға да тікелей әсер етеді. Орман алқаптарын қорғау мен ағашты өсіру, күтіп-баптау қызметі оңай емес. Бұл жұмыстарды орманшылардың абыроймен атқарып жүргенін атап өткен жөн. Бұрын сала қызметкерлері негізінен орманды қорғау және бақылау бағытында жұмыстанса, соңғы кездері орманды күту, қалпына келтіру, мелиорация шараларына да аса мән бере бастады. Ал енді өңіріміздің орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау саласында бір әулеттің ұзақ жыл қызмет жасап жүргенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Алдағы Орманшылар күні қарсаңында Қадешовтар әулеті туралы жазғанды жөн санадық.

IMG_9012

Сурет: freepik.com

Өткен жылы ашылған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық  мемлекеттік мекемесі құрамына Кирсанов, Жалтыркөл табиғи қаумалдары енді. Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіретін Кирсанов орман шаруашылығында мемлекеттік инспектор қызметін атқаратын Төлеу Қадешовты жұмыс орнына іздеп бардық. Мінезі де табиғатпен біте қайнасқан, адамды бірден баурап алатын аңқылдаған азамат әңгімешіл екен. Бірден сөзіміз жарасты.

– Орман шаруашылығы мамандығын таңдауымызға әкеміз Темірғалидың ықпалы болды. Әкеміздің өзі 1956-1992 жылдары бұрынғы Чапаев, қазіргі Теректі ауданындағы Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне қарасты Октябрь орманшылығында 36 жыл орман күзетшісі болып еңбек етті. Негізі әкеміз – Бөкей ордасы ауданының тумасы. Кезінде туған ауылының жері полигон аймағына беріліп, еріксіз Ақжайық ауданына қоныс аударған. Әкеміз Темірғали мен анамыз Кенжеғанымнан төрт ұл, екі қыз өрбідік. Бала күнімізден әкеміздің қасында жүріп  табиғатты аялауды үйрендік. Еңбекқор әке біздерді орман өсіруге, күтуге баулыды. Әкеміздің  тәлім-тәрбиесінің арқасында біздің әулеттің ұл-қыздары болашақ мамандықтарын таңдады, – деп әңгімесін бастады Төлеу Темірғалиұлы.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Қадешовтар отбасында әке жолын қуған төрт ұлы мен кіші қызы осы орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау саласында қызмет етеді.  Әулеттің үлкен ұлы Мұрат орман шаруашылығында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, зейнетке шықты. Ол 1977 жылы Алматы қаласындағы  ауыл шаруашылығы институтында орман шаруашылығы мамандығына оқуға түсіп, оны 1981 жылы бітірді. Жас маман еңбек жолын әкесі қызмет жасаған Октябрь орманшылығында орман шебері болып бастаған. Орман шаруашылығына 40 жыл өмірін арнаған Мұрат Темірғалиұлы сол мекемеден бас орманшы қызметінен зейнетке шықты. Бір қызығы, Мұрат ағамыздың еңбек кітапшасында бір мекеменің ғана мөрі соғылған екен. Бұл  – оның өз мамандығына адалдығының бір дәлелі.

Әңгімесін әрмен қарай жалғаған кейіпкеріміз өзі туралы әңгімеледі. «Мен де әкеміздің нұсқауымен Бөрлі техникалық колледжін техник-механик мамандығы бойынша бітірдім. 1990 жылдан бастап Октябрь орман шаруашылығына тракторшы болып жұмысқа орналастым. Екі жылдан соң орман күзетшілігіне ауысып, 10 жыл жұмыс жасадым. 2002 жылы бас орманшы қызметіне тағайындалдым. Содан осы қызметті тапжылмай 12 жыл атқардым. Тек 2014 жылы отбасылық жағдайыма байланысты Орал қаласына көшіп, «Үстірт» мемлекеттік қорығының қарамағындағы Кирсанов табиғи қаумалына ауыстым. Қазіргі күнде Кирсанов табиғи қаумалы жаңадан құрылған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының қарамағына енді. Жалпы алғанда, орман шаруашылығы саласында қызмет жасап жүргеніме 33 жылдан асты. Жолдасым Аглен екеуміз 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-жиен сүйіп отырмыз», – деді ол.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Қадешовтар әулетінің үшінші ұлы Жігер де Бөрлі техникалық колледжінің орман шаруашылығы бөлімінде оқып шығып, бүгінде әкесінің ізі қалған Октябрь орман шаруашылығында орман шебері болып қызмет атқарады. Тамырын тереңге жайған әулеттің қыздарының арасынан Балғаным Қадешова  Ресейдің Орынбор облысының Бузулук қаласындағы орман шаруашылығы саласының есепшісі мамандығы бойынша білім алып, сол жақта үш жыл, кейін Октябрь орман шаруашылығында қызмет жасады.  Балғаным апамыздың жолдасы Валерий де орман шаруашылығы саласында қызметте. Ал енді әулеттің атакәсібін жалғаған Қайрат Темірғалиұлын танымайтындар жоқтың қасы.

Алматы ауыл шаруашылығы институтын орман инженері мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын Шыңғырлау ауданында орманшының көмекшісінен бастап, кейін Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне директордың орынбасары, облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау басқармасында бөлім басшысы және аумақтық инспекциясы басшысы лауазымына дейін көтерілді. Бүгінде облысымыз да орманға, жануарлар дүниесіне қатысты мәселе болса, Қайрат Темірғалиұлы қалыс қалмай, шаруаның басында жүреді.

Қайрат Темірғалиұлының жұбайы Қарлығаштың да мамандығы – орман инженері. Ол – Алматыдағы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтының 1991 жылғы түлегі. Қарлығаш ханым осы саладағы еңбек жолын институт бітірген жылы Шыңғырлау орман шаруашылығы мекемесінде орман шебері болып бастады. Сондай-ақ Қарлығаш Жасқайратқызы Ақжайық орман шаруашылығында экономист болып қызмет істеді. Бертін келе БҚАТУ-дың орман шаруашылығы факультетінде дәріс те оқыды. Ал 2008-2018 жылдары облыс орталығындағы «Жасыл қала» мекемесінде көгалдандыру бойынша бөлім  басшысы лауазымын абыройлы атқарды.

Төлеу Темірғалиұлы жұмыс жасайтын Кирсанов мемлекеттік қаумалы аумағын аралаған біз, орманның сұлулығына таңқалдық, тамсандық. Кейіпкеріміз әңгімесін әрмен қарай жалғады:

– Әкеміздің батыс өңіріндегі орман шаруашылығына қосқан үлесі мол. Әсіресе, табиғатты қорғауға, өзі қызмет жасаған орман алқаптарының ұлғаюына, таза болуына, өрттен сақтауға аянбай тер төкті. Әкеміздің сол кездегі атқарған жұмыстарының барлығы көз алдымызда. Ерте жасымыздан еңбекке баулыды. Әкемізбен бірге жүріп орманды, ондағы жануарлар әлемін сақтауға бағытталған іс-шаралардың бәріне  атсалыстық. Көктем айларында орманда сарықанат көбелек (непарный шелкопряд) ағаштарға жұмыртқа салып, оның құрттары зиян келтіреді. Осы кезде біз бала болсақ та, орманшылармен бірге ағаштарды дәрілеп, көмектесетін едік. Сол уақытта орманшыларға қолдан жасалған 50-60 шақты құс ұясы таратылатын. Сол ұяларды ағаштың басына шығып, орнатуға қолұшын беретінбіз. Мұнымен қоса, әкеміз бастаған орманшылар орман ішін қоқыстан тазартып, арнайы белгілерді жаңартатын. Орман ішіне жас тал-теректер егілетін. Біз де қалыс қалмай, тал егуге жұмылатын едік. Өртке қарсы жұмыстар да өз уақытында қолға алынатын. Биотехникалық жұмыстарға келсек, күз-қыс айларында ормандағы аң-құсты сақтау үшін жем-шөп шашылатын. Осы шаруалардың басы-қасында әкеміз өзі жүретін. Осындай еңбекке тәрбиелеп өсірген, мамандық таңдауда бағыт-бағдар берген әкемізге өмірбақи қарыздармыз. Өкінішке қарай, әкеміз балаларының өзінің сүйікті ісін жалғап, жетістікке жеткенін дұрыс көре алмады, – деп мұңайды Төлеу  ағамыз.

– Соңғы жылдары орман шаруашылығына жақсы кө-ңіл бөлінуде. Әсіресе, Президентімізге, Үкіметімізге шексіз алғыс айтамын. Құлдырап бара жатқан орман шаруашылығына тиісті деңгейде жағдай жасалып, техникалық базасын күшейтуге қаржы бөлінуде. Орманшылардың да жалақысы көтеріліп жатыр. Болашақта бәрі де жақсы болатынына сенімдімін. Халқымызда біраз нақыл сөздер бар. «Білгенге маржан, білмегенге арзан», «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» дегендей. Халқымыздан сұрарым, табиғат – біздің байлығымыз, болашағымыз, сол үшін бәріміз бірдей атсалысып, ынтымақтық танытып, табиғатты қорғап, аялай білейік!» – деп түйіндеді әңгімесін Төлеу Темірғалиұлы.

Жайық өңірінде жүріп көркіне көз тоймайтын, сипаттауға тіл жетпейтін орман-тоғайдағы әр тал-теректі сәбидей мәпелеп өсіріп, аң-құсын қорғап отырған орманшылардың еңбегін қалай мадақтасақ та, артық емес. Міне, әке салған сара жолдан жаңылмай, туған өлкенің көркеюіне аянбай еңбек етіп жүрген Қадешовтар әулетінің ғұмырдерегі осындай. 

Қайрат Жақып

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале