20.10.2024, 10:30
Оқылды: 294

Жаңақалада дала қызықтары өтті

Жаңақала ауданында кеше түске дейінгі Бесқасқа руының ұйымдастыруымен өткен конференция түс ауа дала қызықтарымен жалғасып тапты. Күн сәулесі шапағатын шашып тұрып, даланың дархан даласын шаң қаптырып жарыса шапқан шабандоздардың өнерін тамашалайтын елдің қарасы қалың болды.

image-19-10-24-08-05-2

Асау мінезді алаштың ұрпақтары бірінен бірі қалыспай, бәселестікте барын салды. Желмен жарыса шауып, даланы дүбірге бөлеген «тай жарысқа» барлығы 17 шабандоз қатысты.

image-19-10-24-08-05-1

Алланың сүйген жануарын бағындырып, қатарластарының алды болған 8 нөмірлі Нұрәлі Тұралиев Бегім тайы (Жеңіс шабандозы) (Казталов ауданы) 1 орынның (300.000 теңге ақшалай сыйлық) биігінен көрінді. Сұңқардай шапқан жылқылар легі бірінен соң бірі ағыла бастады. 12 шақырым, 4 айналымнан тұратын «Құнан бәйгеге» 19 атбегі ниет білдірген. Барлығының аты аталып шақырылғаннан кейін, белгі беріліп, тізгінді нық ұстап, алға түскендері айналасын шаң қаптырып кете барды. Нәтижесінде 2 нөмірлі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылынан келген Құбайдолла Биғазиев (Ибрахим шабандозы) жүйріктік танытып, бірінші келді. Ат құлағында ойнаған қазақтың ұландары мұнымен тоқтаған жоқ. Аламан бәйгеге дайындық басталып, 19 тұлпар мәре сызығынан көрінді. Ортадан табылған бауырмал халық өз қолдауларын білдіріп, қиқулап қойды. Межелі жерге бірінші жеткен 13 нөмірлі Исатай Сидағалиев ағамыздың аты Орал есімді тұлпар 1.000.000 теңгенің иесі атанды.

image-19-10-24-08-05-3

Сонымен қатар, алаң барысында түрлі тағамдар сатылып жатты. Әсіресе, дәмі тіл үйірер кәуаптар мен қуырдақтардың өту науқаны ерекше еді. Тауық етінен дайындалған кәуәп – 1300,1500 теңге болса, қой етінен – 1800, 2000 теңгеден сатылды.

Бәйгенің аяғына жеткенде қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Арқан тартыс, қой көтеру, қазақ күресі (оның ішінде түйе палуан) сынды тартысты додаларға қатысушыларда баршылық еді. Қазақтың кең даласын жатсынбай әр ауыл-аймақ пен аудандардан келген шабандоздар мен атбегілердің еңбектері зор.

Р.S: жеңімпаздарды толығымен "Жаңарған өңір" газетінің келесі сандарынан оқи аласыздар.

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале