Кез келген мемлекеттік қызметші жұмыс кезінде әдеп қағидаларын міндетті түрде сақтауы тиіс. Сонымен бірге жұмыстан тыс уақытта қоғамда қалыптасқан моральдық-этикалық нормаларды ұстануы керек. Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында осы мәселе кеңірек талқыланды.
Отырыста алдымен Ақжайық ауданындағы Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі Жамбыл Дабысқалиевке қатысты тәртіптік іс материалы қаралды. Аталған департаменттің мемлекеттік кызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Самат Есқалиев ауыл әкіміне қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындысын баяндады. Әкімнің әдебін талқылауға себеп болған жағдай биылғы қыркүйектің бірінде болған.
Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі аппаратының күзетшісі әкімге ауыл ішінде шөп тиеген жүк көлігінің жүргенін хабарлаған. Ал әкім Жамбыл Мерекеұлы көлік тұрған жерге барып, ауылға айналма жолдар арқылы кіруге болатынын айтқан. Сол кезде әкім мен азамат М. Искалиев сөзге келіп қалады. Екеуара балағат сөздер де айтылады. Осы оқиғадан соң азамат М. Искалиев мемлекеттік қызметші – Жамбыл Дабысқалиевтің үстінен шағым түсірген. Онда әкімнің қызметтік әдеп талаптарын бұзғанын, яғни әдепке сәйкес емес сөздер айтқанын жазған.
«Қызметтік тергеп-тексеру барысында ұсынылған бейнежазба зерделенді. Ж. Дабысқалиевтің адамдардың көзінше сөз арасында балағат сөз қолданып, жалпыға бірдей қабылданған мораль-дық-әдептілік қағидаларды сақтамай, бейәдеп мінез-құлық фактісіне жол бергені байқалады. Бұл факті тәртіптік комиссияның хаттамасымен де дәлелденген. Округ әкімінің іс-әрекеті тиісті заңнама талаптарына қарама-қайшы келеді. Ақжайық ауданы әкімінің міндетін атқарушы ұсынған қызметтік мінездемеде Ж. Дабысқалиев тек жақсы жағынан сипатталады. Ол бұған дейін қызмет бабында тәртіптік жазаға тартылмаған», – деді басқарма басшысы Самат Есқалиев.
Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті жиынына қатысқан округ әкімі Ж. Дабысқалиев мінбеге шығып, мәселеге қатысты пікірін айтты. Ол округте өтетін жиналыстар мен жеке қабылдаулар барысында тұрғындардың ауылішілік асфальт жолдарды бүлдірмеу үшін ауыр техникаларды кіргізбеу жөнінде ұсыныстар айтқанын жеткізді. Яғни ауыр көліктер асфальт жолды бүлдірмес үшін ауылдың шетінде екі айналма жол са-лынған. «Мен жүк көліктері тұратын жерге барып, азаматтармен осы мәселе бойынша сөйлестім, түсіндірдім. Сол кезде Мереке Искалиев деген азамат әңгімеге араласып, ауылға шөп әкелетін техникаларын асфальт жолмен кіргізетінін айтты. Аузынан балағат сөздер де шықты. Содан кейін екеуміз сөзге келіп қалдық. Мен бұл азаматты бала кезімнен танимын. Ол кісіні сабырға шақырдым. Оның намысына тиейін, балағаттайын деген ойым болған жоқ. Сөзімнің арасында балағат сөздің айтылып кеткені рас. Бірақ бұл оған да, сол жерде болған басқа адамдарға да қатысты айтылған жоқ», – деді әкім.
– Менің ойымша, ауылдағы жүк көліктеріне қатысты мәселені құқық қорғау құрылымдары, мысалы учаскелік полиция қызметкері шешуі керек. Әкімге қатысты талқыланған бұл дерек – мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтамауының бір көрінісі. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 10-бабының 8-тармақшасына сәйкес, мемлекеттiк қызметшiлер қызметтік әдепті сақтауға міндетті. Осы заңның 49-бабының 1-тармағының 4-тармақшасы бойынша мемлекеттік қызметшілер жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларды сақтауға міндетті. Мемлекет басшысының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі бар. Осы құжаттың 6-тармағының 4-тармақшасына сәйкес кез келген мемлекеттік қызметші азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуы керек. Дөрекілік, қадыр-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне барынша жол бермеуі қажет. Сол себепті округ әкімі Жамбыл Дабысқалиевтің іс-әрекеті жоғарыда айтып өткен заңнама талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан азаматты «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгіземін, – деді Мұрат Байсалов.
Осы жерде кеңес мүшелерінің пікірі екіге жарылды. Олар Әдеп кеңесінің төрағасына «Әкімге «ескерту» беруге болмай ма?» деген сауал қойды. Кеңес мүшелері екі ұсынысты дауысқа салды. Нәтижесінде «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс енгізілді. М. Байсалов талқыланған мәселені: «Кез келген мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын бұзбауы керек. Жұмыс уақытында болсын, қызметтен тыс кезде де мемлекеттік қызметші екендерін ұмытпаулары керек. Олар қоғамдық орындарда, көпшілік арасында сабырлылық танытулары тиіс», – деп түйіндеді.
Ақпараттық ашықтық жетіспейді
Келесі кезекте мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама және қызметтік әдеп талаптарының сақталуына қатысты атқарылған жұмыс нәтижелері тыңдалды. Алдымен ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті БҚО жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Тахир Нұрахметов сөз алды. Оның баяндауынша, жүргізілген тексеріс барысында мемлекеттік қызметшілердің жеке істерінде қызметтік тізілімдері жаңартылмағаны, өмірбаяндарындағы мәліметтердің толық енгізілмегені, тағылымдама жоспарының бекітілмегені анықталған. Алайда күні бүгін кемшілшіктер жойылған. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов департамент өкіліне қызметтік аутокөліктерді орынды пайдалану мәселесіне баса назар аудару қажеттігін айтты. Мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс кезде, демалыста қызметтік көлікті пайдалан-бауы тиіс. Осыған қатысты жер ресурстарын басқару департаментінде анықталған төрт дерек бойынша нақты ақпарат беруді ұсынды.
Әдеп кеңесінде сондай-ақ ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің БҚО бойынша департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Бауыржан Сұлтанов есеп берді. Оның айтуынша, өткен тоғыз айда мұндағы ешбір маман әдеп талаптарын бұзбаған. «Сіздің мекеменің жұмысына, менің ойымша, ашықтық, жариялылық жетіспейді. БҚО бойынша департаменттің басшысы немесе сіз жергілікті газеттерге мақалалар жариялап, телерадиоарналармен байланыс орнатқандарыңыз жөн. Негізі, дәрі-дәрмек нарығы бойынша халықта өкпе-реніш баршылық. Департаменттің мекенжайы, байланыс нөмірлері, басшының тұрғындарды арыз-шағымдары бойынша қай күні, сағат нешеде қабылдайтыны жөнінде мүлде мәлімет жоқ. Ал халыққа осы ақпараттар керек-ақ», – деп ұсыныс-пікірін білдірді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин. Бұл пікірді кеңес төрағасы Мұрат Байсалов та қостады.
«Департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшалары бар шығар. Бірақ аудан-ауылдардың бәрінде бірдей интернет қолжетімді емес. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату жөніндегі ұсыныс өте орынды. Аудандық және облыстық деңгейдегі басылымдарға ақпараттарды тұрақты жариялау керек. Қазан және қараша айларында жұмысты күшейткендеріңіз жөн. Осы бағытта атқарылған іс-шаралар жөнінде ақпарат бе-ресіздер. «Aqjaiyq» телеарнасындағы «Елге қызмет» бағдарламасына қараша айының соңына дейін бір хабар шығарыңыздар», – деп нұсқау берді Мұрат Сейілбекұлы.
707 мемқызметшіге іссапар шығындары кеш төленген
Кеңес отырысында мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту, еңбек демалысы мен іссапар шығындарын уақтылы төлеу мәселесі де қаралды. Бұл туралы департаменттің
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Самат Есқалиев баяндады. Оның айтуынша, облыстағы мемлекеттік құрылымдардың тәртіптік комиссияларының атқарған жұмысына талдау жүргізілген. Ішінара әдеп қағидаларын бұзушылықтар анықталған. Тәртіптік жаза қолдану қағидаларына сәйкес мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы туралы мәлімет түскен жағдайда одан екі жұмыс күні ішінде түсініктеме талап етіледі. Алайда Жәнібек аудандық әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерінен түсініктемелер кешіктіріліп алынған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметші өзіне қатысты барлық материалмен таныстырылуы тиіс. Бірақ облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметшісі бұл талапты орындамаған. Баяндамада мәлім болғандай, биылғы 3-тоқсанда 984 мемқызметші еңбек демалысына шыққан. Оның 717-сі кестеге сай болса, 267-сі кестеден тыс берілген. Осы ретте 27 мемле-кеттік қызметшіге еңбек демалысын беру кезіндегі төлемдер белгіленген мерзімнен кешіктіріліп, демалыс басталғаннан кейін төленген. Ал 922 мемқызметші 1866 іссапарға шыққан. Соның 707-сіне іссапар шығындары келгеннен кейін төленген. Әдеп кеңесінің кезекті отырысында қызметтік тергеу жүргізу кезінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын сақтаудың маңыздылығы айтылды.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz