Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылы мен ауыл мектебінің құрылғанына 40 жыл толуына орай аталмыш округте дала қызықтары өтті.
Туған ауылдың торқалы тойын есте қаларлықтай етіп өткізуге қатысқан қырқопалықтардың қарасы көп болды. Игі шараның шымылдығын ашу үшін алғысөз аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлына берілді. Одан кейін, ауыл әкімі Абзал Ахметов қауымды дүбірлі мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ауылдастар, мереке құтты болсын! Совхоз болған кезден бастап, ауылдық округке айналған уақыт ішінде еңбек етіп, ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар мен азаматшаларға алғысымыз шексіз. Мекеніміздің жылдан-жылға құлпырып келе жатқанына қуаныштымыз. Ең бастысы еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Үлкендерімізге ұрпақ қызығын көруді нәсіп етсін, - деп игі тілегін білдірген ауыл тұрғыны Ерсайын Қойшекенұлы да «Түйе палуан» қазақ күресінен бірінші орынға және гір көтеруден жеңімпазға 10000 теңге көлемінде қаржылай демеушілік танытты.
Әрі қарай, бәйге десе делебесі қозып, қиқулатып, «Ер қанаты – ат» деп желпінетін шабандоздардың жарысымен жалғасын тапты.
Сайыстың нәтижесі бойынша тай бәйгесі мен құнан жарысынан топ жарып, алға озып шыққан жаңажолдық Ишановтар әулетінен Айсұлтан Миразат жүлделі бірінші орынға ие болды. Жеңімпазға тай бәйгесінен 100000 теңге және құнан жарысынан 150000 теңге сыйақы табыс етілді.
Ал алты айналымнан тұратын аламан бәйгеден оқ бойы озып шыққан үздік шабандоз пятимарлық Асылхан Мұсырғали 200000 тг сыйақымен марапатталды.
Одан бөлек, түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Гір көтеру, қазақ күресі ( Түйе палуан), арқан тартыс және қой көтеру бойынша азаматтар бақтарын сынап, жүлделі орындар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Сонымен қатар алаңда түрлі тағамдар сатылымға шығарылып, соның ішінде тіл үйірер кәуап ерекше көзге түсті. Ауыл тұрғындары көтеріңкі көңілде болып, қуанышты күймен тарқасты.
Фариза Эдикқызы
Жаңақала ауданы