28.10.2024, 16:45
Оқылды: 141

Сырымда Ғалиасқар Әкімғожиннің туғанына 95 жыл толуына орай мәдени-бұқаралық шаралар өтті

«Көкшетауда болса-дағы Сексенкөл, дәл өзіңдей бола алмайды Жетікөл!» атаумен Сырым ауданының Жетікөл ауылдық округінде ауылдың қалыптасуына үлес қосқан азамат Ғалиасқар Әкімғожиннің туғанына 95 жыл толуына орай мәдени-бұқаралық шаралар өтті.

PHOTO-2024-10-26-02-13-35

Ғалиасқар Әкімғожин – Жетікөл ауылы, Қарақұдық елді мекенінде туған. Оның ел қызметіне құлшынуына әкесі Мұхамбедиярдың тікелей септігі болған секілді. Мұхамбедияр сауатты, есепке жүйрік, алғаш ұжымшарлар құрылған шақта, жерлерін өлшеп бөлуге қатысқан маман еді. Оның Алашорда басшыларымен байланыста болғаны да айтылады. Әке мектебінен кейін Ғалиасқар өмір мектебінен өтті. Тоғыз жасында өгізбен сабан айдап,  жер жыртып, жанұя асырау қамына кірісті ол. Жымпитыда оқып жүргенде астық қамбасында қызмет етті. Бозбалалық дәуренін соғыс оты шарпыды. Ердің бәрі майданға кеткен. Алғыр балаға ауылдың азаматы болудан басқа амал қалмады. Ұжымшар басшысына көмекші болды, шаруашылық есебін жүргізіп, қойманың кілтін ұстап, сауыншыларға барып жиналыс құрып, жоспардың орындалуын қадалады. Шешесіне тірек, үш інісіне әкедей пана болды. 

Оның Жетікөл ауылындағы кеңшарда директор болғаны 1975 пен 1977 жылдың арасы ғана. Екі жылда ерен істеп үлгерді бірақ. Ауылға көпір салды, жер айналаны картаға түсірді. 

Ғалиасқар ортасына да зор мән берген. Оның қонақжай үйінде қазақтың әйгілі әншілері Ғарифолла Құрманғалиев, Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова және көптеген өнер қайраткерлері Қанипа шешейдің қолынан шай ішкен. Кеңес Одағының Маршалы Петровпен, Қазан, Самара, Алматы университтерінің профессорларымен дос болған. 48 жасқа толмай 1977 жылдың наурыз айының аяғында дүниеден озды. 

Жетікөлдегі той айтыстан басталды. Өңірге танымал Айнабек Бисенғалиев, Эльдар Ихсанов, Мейірман Шәкенов секілді жүйріктерді округ әкімі Айдархан Рамазанов Қосаралдың қос қанатты қақпасынан әнмен, дәммен қарсы алды.

Ауылдағы білім үйі – Сырым атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде мектеп оқушылары арасында Ғалиасқар Әкімғожиннің өнегелі өмірі жайлы бейнеролик байқауы өткен екен. Жас ұрпақ жақсының көзін көрген қарияларды сөйлетіп, құнды сұхбаттар алып қалыпты. Мәдениет үйінде байқау қатысушылары мен олардың мұғалімдері марапатталды. 

Жетікөлдің тойын республикалық ән байқауларының лауреаты Жәкен Маева «Домбыра!» әнімен ашты.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев сөз сөйледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Салауат Ғұбайдуллин, атбегі Мүтәлі Төреғалиев, «АMANAT» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев, аудандық мәслихат депутаттары Жеңіс Шапешов, Жасқайрат Кенжебаев сияқты бірқатар меймандар көрермен залын толтырды.

Айтыс дәстүрімен ақын, Ж.Ерман атындағы айтыс мектебінің жетекшісі Бауыржан Ширмединұлы айтысқа қатысушыларды ел көзіне көрсетті. 

Сөз додасын жаңақалалық Орынбек Меңдіқұл мен қаратөбелік Райымбек Өтепов бастады. Екі ақын қағысып, қалжыңдасып отырып, Ғалиасқардың елге жасаған еңбегін айтуды да ұмытпады. Директор техниканы қинамай кейде қыр, даланы атпен аралаған көрінеді. Міне, сол қарапайымдылығы, үкіметтің дүниесін өз мүлкіндей қорыған адалдығы ақындарды сүйсіндірді:

– Өз еліне қашанда батыр қорған, Өз сөзіне қашанда ақын қорған. Ғалиасқар атамыз жайлы айтайын,

– Ел десе баһадүрдей батыл болған,

– Ірге тасын қалапты бұл ауылдың, Осылай деп айтуға хақым болған.

– Жетікөлді аяққа тұрғызыпты,

– Жаурағанда жұртына шатыр болған.

– Ат сүрініп болғанша ақыл тапқан,

– Қабылдаған шешімі мақұл болған.

– Шаруашылықты атпенен аралапты,

– Далалыққа түсіп ап тақыр жолдан.

– Ол оның тектілігі түсінгенге,

– Басшылықта кезі жоқ ғапыл болған.

– Ал енді бүгінгінің шенділері,

– Бар мақсаты байлыққа бату болған.

– Мініп ап неше түрлі машинаға,

– Жұрт мұңын естімейді пақыр болған, - дегеніне келісуге болмайды ма?!

Орынбектің:

– Көкшетауда болса-дағы Сексенкөл, 

Бір өзіңдей бола алмайды Жетікөл! - 

деп салған әнін халық үйіне қайталап кетті.

Ақын Эльдар Ихсанов пен Әділ Ахметов ауыл тарихы мен шежіресін қозғап, аға мен інінің сұхбатын құрды. 

Ал Айнабек Бисенғалиев пен Мейірман Шәкенов шыға сала «төбелеске» кірісті. «Аттың басын жібермес бұрын, аттан түсіп амандасайын» - деп айтыс қызықтаған елге орынынан тұрып сәлем берген Мейірман Айнабектің биыл дәурені дүркірегенін, бас жүлденің бәрін алғанын, бірақ адамына кезіккенін айтты.

Айнабек болса сабырлы, салқынды кейіппен төтеп берді. 

– Парламент төрінде бес жыл отырып, шөптің басын сындырмағандарға қарағанда екі жыл директор болса да, өміршең дүниелер жасап кеткен Ғалиасқардың өмірінен шенеуніктер сабақ алсын! - деді ақындар. 

Айтыстар арасында халықаралық, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жүлдегері Мерген Мұқанов, күйшілер Темірлан Жолымбетов пен Әкімғожиндердің баласы Әсет Шаймардан өнер көрсетіп, мереке жасады. Жетікөл бұл кешті көп күткендей. Халық ақындарға айқай қосып, желпініп отырды. 

Барлық ақынға Әкімғожиндер әулеті қаржылай сыйақы ұсынды. Ауыл азаматы Армат Әлімбетов елге келген ерен жүйрік Айнабек Бисенғалиевке ат мінгізді. Қарсыласы Мейірман да жаяу кетпесін деп, Қызылтаңнан келіп отырған кәсіпкер Ернар Байдашев оған да тұлпар сыйлады.

Ал депутаттар ақын Эльдар Ихсановқа қосымша ақшалай жүлде берді. Айтысқа Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының директоры, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының өңірдегі төрағасы Бауыржан Халиолла және Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы директоры Серік Тоқмамбетов қолдау көрсетті.

Келесі күні тайтөбе басында ат шауып, балуан күресті. Дала қызықтары бөлек қызық, бөлек әңгіме.

Суретке түсірген: Қоңдыкер Елеуов

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале