30.10.2024, 19:00
Оқылды: 108

Жәнібекте түсіндірме жұмысы жүргізілді

Халқымыз жеті қазынаның бірі санаған ит атаулының бүгінде қадірі кетіп, құты қашты. Көшеде қарғы баусыз, иесіз босып жүрген иттер қаңғыбас иттер болып саналады. Тұрғындар арасында асыраған иттерін жөнді қарамай, байламай, далаға қаңғытып жіберетіндер баршылық. Тастанды күшіктер өсе келе бұралқы итке айналып, қоғамға қауіп төндіріп отыр.
image-30-10-24-05-24
Бүгінгі таңда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмысы, үй жануарларына тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізу қызметі аудандық ветеринариялық стансаның құзыретінде.
Бүгін аталған мекеме және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге аудан мен ауданға қарасты ауылдық округтерге барып, аталған мәселеге байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 28 тамыздағы №28-3 шешімімен «БҚО елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары» (бұдан әрі – қағида) бекітілді. Осы шешім облыс аумағында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Аталған қағиданың 4-тарауына сәйкес, қоғамдық орындарда жануарлар иесінің қарауынсыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауға, сонымен қатар облыс аумағындағы барлық иттер мен мысықтар міндетті түрде «иттер мен мысықтарды бірдейлендіру жөніндегі дерекқорына» тіркеуге жатады.
Қағидада бұралқы иттер мен мысықтарды жаппай жою қарастырылмаған. Оған сәйкес қаңғыбас иттер мен мысықтар адамдар мен жануарлардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген жағдайда кідірмей жойылады делінген, сондықтан тұрғындардан түскен арыз-шағымдар бойынша аудандық ветеринариялық стансаның ветеринар мамандары аулап, жою жұмыстарын жүргізеді.
image-30-10-24-05-24-2
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97-VII «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы бойынша үй жануарының иесіне оларды ұстау кезінде қойылатын талаптар:
​1. Үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес үй жануарларын есепке алуды (чип салдыру аудандық ветеринариялык стансасында үй жануарлары иесінің есебінен жүргізіледі) жүргізуге;
2. Адамның және (немесе) жануардың өмірі мен саулығына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне үй жануарының зиян келтіруін болғызбау үшін қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауға;
3. Стерилизациялау арқылы үй жануарларының қалаусыз ұрпағын болғызбау бойынша шаралар қабылдауға;
4. Үй жануарларының тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды, оның ішінде кондоминиум объектілерін, коғамдық орындарды ластауына, сондай-ақ үй жануарларының қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеуге міндетті.
5. Иттердің өз бетінше серуендеуіне, үй жануарларын тұмылдырықсыз және карғыбаусыз серуендетуге тыйым салынады және жануар иесінің аумағының кіреберісінде ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазбасы жасалуға тиіс.
image-30-10-24-05-24-3
ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 407-2-бабы бойынша Үй жануарларын ұстау және серуендетуге қойылатын талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылық бар.
Ал қараусыз қалған жануарлар адамның өміріне немесе денсаулығына, жануарларға, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қауіп төндірген кезде, тұрғындар аталған қызметпен айналысатын аудандық ветеринариялық стансаның 22-4-06 байланыс нөміріне қоңырау шалса болады.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале