Алаяқтар кез келген нөмірді қолдан жасап, сол нөмірден түрлі SMS жолдап, сендіруге тырысады. Сондай-ақ өзін құқық қорғау құрылымдарында істейтін адам ретінде таныстырып, қызметтік куәлігін, жеке куәлігін, қауіпсіз есепшоттың реквизиттерін, өзге де нұсқаулықтарды жолдап отырады.
Қазір заман дамығалы алаяқтық әдістерінің де небір түрі қоса шығып жатыр. Заманауи технологиялардың көмегімен банктің байланыс орталығының нөмірін қолдан жасап, содан хабарласқандай кейіп танытады. Тағы бір айта кетерлігі, алаяқтар Қазақстанда ғана емес, тіпті басқа елде де отырып, алдап түсіруі әбден мүмкін.
Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, криптобиржа саудасына шақыру, инвестициялық фондтарға тарту, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.
Осы орайда облыстық полиция департаменті дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламау, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеу, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмау қажеттігін ескертеді.
Сондай-ақ ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, «EGOV» сайты арқылы несие алуға бұғаттау шартын орындауға, спам хабарламаларға сенбеуге шақырады. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам өзін алаяқтардан қорғап жүре алады.
Материалды облыстық полиция департаментінің баспасөз орталығы ұсынған мәліметі негізінде дайындаған Гүлжамал Жолдығали