3.11.2024, 14:30
Оқылды: 91

Теректілік Забира Сейітова халықаралық ғылыми конференцияда үздік атанды

Теректі ауданының мәртебесі соңғы уақытта өнерімен, спорттық сайыстарда жүлделі атанып, небір рухани кеш өткізумен көтерілді. Онымен тосырқап қалмадық. Нақтырақ айтсақ, білім-ғылымға құштар болған жастар тың жаңалықтар ашып, өз біліктіліктерін дәлелдей алды.

InShot_20241104_000843966

Таяуда Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 45 жылдығына арналған ІІ Халықаралық жас ғалымдар мен студенттер форумы аясында Шымкент қаласында «Стартап» жобалар байқауы және «Биология, медицина және фармацияның даму перспективалары» атты студенттер мен жас ғалымдардың XI-ші халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Форумға әртүрлі елдердің медициналық және фармацевтикалық университеттерінің студенттері мен жас ғалымдары қатысқан. «MARMELO-SWEET» жобасын Фармация мектебі «ФӨТ» мамандығының 4-курс студенттері таныстырды. Олардың қатарында болашағынан зор үміт күттіретін теректілік Забира Сейітова бар. Ол инвесторлар алдында жобаны жоғары деңгейде қорғап, жүлделі 3-орынды иеленді.

– Стартап жобалары байқауының қорытындысы бойынша 11 қатысқан жоба ішінен тек біздің екі жоба үздік атанып, 500 мың теңгені құрайтын жалпы жүлде қорынан 250 мың теңгеден ақшалай сыйлықтарды жеңіп алдық. Жобамыздың мақсаты – ырғай, қарлыған жемістері және қарағай шыршаларынан мармелад түріндегі биологиялық белсенді қоспаларды, сондай-ақ түймедақ сығындысы және лимон мен бал дәмі бар бактерияға қарсы пастилкаларды жасау. Байқау комиссиясының мүшелері біздің фармацевтикалық өнімдеріміздің функционалдығын және оларды коммерцияландыру перспективаларын жоғары бағалады, - деді Забира Меңдібайқызы өз сөзінде.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале