5.11.2024, 17:00
Оқылды: 122

Сүт безі обыры өршіп тұр, өкпе қатерлі ісігі өкшелеп келеді – мамандар

Елімізде жыл сайын қатерлі ісіктің 40-тан астам жаңа жағдайы анықталады. Осы дертке алдыққандардың 13 мыңнан астамы қайтыс болады. Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім алдыңғы қатарда, яғни екінші орында тұр. Бүгінде қатерлі ісік ауруына 218 мыңнан астам қазақстандық шалдыққан. Ал өңірде жыл сайын 1400-1500-ге жуық науқас анықталып отыр. Облыстық онкологиялық диспансерде 8717 адам есепте тұр. Бұл мәліметтерді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аталған диспансердің дәрігерлері айтты.

брифинг

– Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша өңірдегі онкологиялық аурулардың көрсеткіші бір қалыпта. Жыл сайын анықталатын 1400-1500 науқастың 80%-ның жасы 50 жаста және одан жоғары болса, қалғанының жасы 65-те және одан үлкен. Яғни осы жас шамасындағы азаматтар уақтылы тексерілулері қажет. Біздің облыста онкологиялық аурулардың арасында сүт безі обыры 12,5%-ды құрап, көш бастап тұр. Өкпе қатерлі ісігі – 10,7%, тоқ ішек обыры – 9,7%, асқазан қатерлі ісігі – 8,9%, өңеш обыры – 5,7%. Анықталған ауруларға қатысты басты мәселе – дер кезінде қаралмаудың салдарынан аурудың асқынып кетуі. Бұл жағдайда ем-шараның тиімділігі өте төмен болады. Қатерлі аурулардың асқыну жағдайлары  2023 жылы 13,8%-дан 12,9%-ға төмендегенін айта кету керек. Асқынған аурулардың арасында ұйқы безінің қатерлі ісігі – 25,6%, өкпе ісігі – 19,2% және асқазан ісігі – 17,9%. Бұл аурулардың алғашқы сатысы ешқандай белгісіз өтетіндіктен, көбінесе асқынған жағдайда анықталады, – деді брифингте облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Нұрлан Төлемісов.

Ол медициналық кадрлардың тапшылығын да атап өтті. Әсіресе, қалалық және аудандық жерлерге онколог дәрігерлер керек. Облыстық онкологиялық диспансерде гинеколог және эксперт дәрігерлер жетіспейді.

Нұрлан Мухиадинұлының айтуынша, қазір онкологиялық диспансерде тіркеуде тұрған 8717 науқастың 5000-нан астамы әйел адам болса, 2700-ден астамы – ер-азаматтар. Ерлердің арасында простата обыры, асқазан қатерлі ісігі, өкпе және өңеш обыры кездеседі. Қыз-келіншектер арасында сүт безі обыры, жатыр мойны обыры, аналық без қатерлі ісігі жиілеп тұр. Маман айтып өткендей, әр адам профилактикалық тексеруден өтудің қаншалықты маңызды екенін түсінуі қажет. Өлім-жітімді болдырмаудың бірден-бір жолы – ауруды алдын ала және ерте анықтау. Ал ол үшін уақтылы медициналық көмекке жүгіну қажет, профилактикалық және скринингтік тексерулерден өту керек. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктің себебінен болатын өлім-жітімнің 0,9%-ға (83,7-ден 83,0-ге) төмендегені байқалады. Алайда асқыну жағдайлары тұрақты түрде жоғары қалып отыр.

Дәрігер облыста қатерлі аурулардың арасында өкпе қатерлі ісігінің 2-орында тұрғанына баса назар аударды. Ерлерде кездесетін қатерлі ісік арасында бұл дерт отыз жылдан астам уақыттан бері бірінші орында тұр. Диспансерде тіркеуде тұрған науқастардың 80-85 пайызы бұрын темекі шеккен немесе әлі де шылым тартады. Бүгінде жастар да темекі шеге бастады. Тіпті шылымқор әйелдер де көбейіп барады. Осыған сәйкес мамандарды алдағы 10-15 жылда онкологиялық аурулардың артатыны алаңдатып отыр. Сондықтан тұрғындардың денсаулығына мән беріп, зиянды әдеттерден аулақ болғандары жөн дейді.

Өткен 9 айдың ішінде диспансерде жеті рет ашық есік күні өткізілген. Оған  2600-ден астам адам қатысып, 227 патология анықталыпты. Бір айта кетерлігі, бұл іс-шара барысында медициналық сақтандыру мәртебесі жоқ тұрғындар да тегін кеңес ала алады. Нұрлан Мухиадинұлының айтуынша, қатерлі ісік ауруын анықтаудың маңызды шарасы – скринингтік тексерулер.

Скринингтік тексерулерсіз ауруларды ерте анықтау мүмкін емес. Сондықтан егер емханалардан скринингтен өтуге шақырса, міндетті түрде барып, тексерілу керек.    

Диспансер емханасының меңгерушісі Құл-Мұхаммед Абдуғалиевтің баяндауынша,  онкологиялық қызмет көрсету әдістемесі үш деңгейге бөлінген. Бірінші деңгейі – тұрғындарға тұрғылықты мекенжайы бойынша алғашқы медициналық қызмет көрсететін емханалардағы қарау кабинеттерінің жұмысы. Облыста 25 онкологиялық және 130 тексеру кабинеті жұмыс істейді (98-і әйелдерге, 32-і ерлерге арналған). II деңгейі – облыстық онкологиялық диспансердің емхана бөлімінде онколог дәрігерлердің қабылдауы. III деңгейі – республикалық онкологиялық орталықтар, яғни Алматы қаласындағы онкология және радиологиялық қазақ ғылыми-зерттеу институты мен Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығы. Бүгінде елде сүт безінің қатерлі ісігіне қарсы, тоқ ішектің және жатыр мойнының қатерлі ісігіне қарсы скринингтік бағдарлама жүргізілуде.

Маммография – сүт безі қатерлі ісігін анықтаудың негізгі әдісі. Мамандардың айтуынша, өңірдегі 25 медициналық ұйымның тек 15-інде маммографиялық құрылғы бар. Ал 7 медициналық ұйымда (Бөкей ордасы аудандық аурухана, Бәйтерек аудандық 2-аурухана, Теректі аудандық 2-аурухана, Казталов аудандық 2-аурухана, Қаратөбе және Тасқала аудандық ауруханаларда, №1 қалалық емханада) аталған құрылғы жоқ. Ал Сырым аудандық ауруханада маммографиялық құрылғы жұмыс істемейді. Кейбір аурухана мен емханаларда пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын 8 құрылғы жұмыс істейді. Осы себептен республикалық бюджеттен Бәйтерек пен Казталовтың №2 ауруханаларына, Қаратөбе, Тасқала және Сырым аудандық ауруханаларына маммографтар сатып алу жоспарлануда.

Мамандардың мәліметіне сүйенсек, онкологиялық көмек көрсету саласының 2 негізгі бағыты бар.

Онкологиялық көмек көрсетуді жақсарту шаралары ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 5 қазандағы №874 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы іс-қимылдың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары» және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы 23 тамыздағы №584 бұйрығымен бекітілген «Онкологиялық көмекті жаңғыртудың жол картасы» міндеттерін іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады. Кешенді жоспар шеңберінде бюджет қаражатынан 51 диагностикалық жабдық сатып алу көзделген. Облыс әкімдігінің көмегімен «ҚПO б.в.» компаниясы арқылы 19 медициналық құрал-жабдық алуға тапсырыс берілген. Жол картасын іске асыру барысында 2025 жылдың бірінші тоқсанында эндоскопиялық орталық ашу жоспарлануда.Онда онкологиялық процеске күдікті жағдайда биопсия алу, қатерлі ісік алды патологияларды (полиптер, аде-номалар) емдеу, асқазан-ішек жолдарының скринингі, анестезиямен көктамырішілік колоноскопия жүргізіледі. Биыл қайырымдылық көмек аясында тыныс алу жүйесінің патологиясын эндоскопиялық диагностикалауға арналған құрал-жабдықтар жеткізілген.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале