7.11.2024, 9:30
Оқылды: 103

Тасқынға тосқын болуға дайынбыз ба?

Осы аптаның сейсенбісінде облыс әкімдігінде өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің  қатысуымен жиын өтті.

IMG_2918

Жиында көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Ең әуелі облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Марат Мұратов жүйелі түрде жұмыс істеліп, тасқынның алдын алу бағытында қызу дайындық жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тілсіз жау талайдың түн ұйқысын бұзып, баспанасын жалмағаны мәлім. Жиынға қатысқандар осындай жағдайдың қайталанбауы үшін бар күш-жігерін жұмсайтындарын алға тартты. Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов бөгеттерді биіктету жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. 

– Облыс орталығы аумағындағы бөгеттер 1 метрден 4 метрге дейін биіктетілді. 75 000 тонна құм, 5000 дана қапшық әзір. Орал қаласында төтенше жағдай орын алған жағдайда зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялық қосындарға орналастыру мәселелері жанжақты қаралуда. Бүгінде жалпы саны 5000 орын дайын. Биыл көктемде уақытша қосындарды 3300 тұрғын паналаған болатын, – деді Мұрат Болатұлы.

Жиын барысында облыс аудандарының әкімдері де сөз алып, тасқынға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндады.

– Аудан аумағында су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес қазіргі таңда 18 жоба жүзеге асырылуда. Ақсай қаласындағы арық жүйелерін жөндеу және Қызылтал шағынауданындағы бөгетті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Пугачев, Ақсу, Кеңтүбек, Бақтыарал, Аралтал, Қызылтал ауылдарында бөген (дамба) құрылысы аяқталды. Облыс бюджетінен 56,0 млн теңге бөлініп, Успен және Бесағаш ауылдарындағы бөгеттер қалпына келтірілді. 13 ауылдық округ және Ақсай қаласы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз жерге эвакуациялау үшін 14 000 бас малға арналған 18 орын белгіленді, – деді Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов.

IMG_2930

Өз кезегінде Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова 150 тонна құм дайындалғанын жеткізді. Ал Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев барлық ауылдық округтер бойынша төтенше жағдай туындаған кезде эвакуацияланған тұрғындарды азықтүлікпен, төсек орынмен, ыстық тамақпен қамтамасыз етудің алғышарттары жасалғанын айтты. Басқа аудандардың басшылары да әлгіндей бағыттағы жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын  баяндады.

– Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Жоба-жоспарларды уақтылы аяқтап, нақты нәтижеге қол жеткізуге тиіспіз. Биыл қанша ма үй суға кетті. Төтенше жағдай елжұртты есеңгіретіп тастады. Су тасқынының алдын алу жұмыстарын бүгіннен бастап ширатып, бірлесе қызмет ету шарт. Осы бағытта атқарылып жатырған бүкіл шаруаны қатаң бақылайтын боламыз. Әрине, жамандықтың бетін әрі қылсын, бірақ сақтануымыз қажет, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале